Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Бізді құттықтайды!

Ардақты «Atyrаý» газетінің ұжымы!

Сіздерді «Atyrаý» газетінің ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Жүз жылдық тарихы бар «Atyraý» қоғамдық-саяси газеті жасампаздық жылнамашысы, өңір жаңалықтарының жаршысы іспетті. Ең алғаш «Ерік» деген атпен жарыққа шығып, кейіннен уақытпен бірге атауы да өзгеріп, қайта түлеген басылым ғасырлық белестен аттап отыр.

Облыс атын арқалаған газет содан бері өңір халқымен, оның тұрмыс жағдайымен, әлеуметтік-рухани жай-күйімен бірге жасап келеді. Басылымда қаншама талантты тұлғалар қызмет атқарды, газеттің қалың оқырманмен қауышуы жолында қажырлы еңбек етті.

Ақжайық атырабының ғана емес, алаш баспасөзінің дамуына сүбелі үлес қосқан «Atyraý» – бүгінде қазақ журналистикасында өзіндік орны бар өнегелі басылым.

Алдағы уақытта да ұжымның жұмысы жемісті жалғасып, өркендей береді деп сенеміз.

Баршаңызға зор денсаулық, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

Қазақстан Республикасы

Парламент Сенатының депутаты

***

Құрметті «Аtyraý» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы, ардагер журналистер!

Еліміздің ақпарат кеңістігінде лайықты орны бар, қалың оқырманы қалыптасқан, халықтың қоғамдық пікірін қалыптастыруға ықпал етіп келетін қуатты медиа-ресурс «Аtyraý» газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Қазақ елінің батыс бөлігіндегі геосаяси, экономикалық және стратегиялық маңызы зор Атырау облысының кешегісі мен бүгінін, өңірдің тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін халыққа жүйелі жеткізу жолындағы нәтижелі еңбектеріңізге алғыс білдіремін!

Мемлекет саясатын халыққа жеткізуші,  айтар ойы салмақты, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларды дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосып келетін жергілікті басылым «Аtyraý» газетінде ел зиялыларының бірнеше буын өкілдері еңбек етіп, ұрпақтар сабақтастығына, халық мұратына негізделген шығармашылық үрдіс қалыптастырғанын үлкен мақтанышпен айтуға болады. Газет бетінде қоғамдық өмірдің сан саласын бейнелейтін тақырыптар сындарлы жазылып келеді, яғни өңірдің тыныс-тіршілігі мен шежіресі деуге әбден болады.

Сіздердің қаламдарыңыздан шыққан мәдени-рухани дүниелермен қатар, саяси, тарихи, танымдық мақалалар, зерттеулер, очерктер заман ағымымен үндесіп, ақпарат саласының дамуында өзіндік сүрлеуін салуына тілектеспін!

Бүгінгі күні қазақ баспасөзі жылнамасында ғасырлық тойын өткізіп, қоғам өмірінде лайықты орнын алып, Атырау өңірінің ақпарат айнасы атанған ұжымға, барлық журналистер қауымына шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Құрметпен,

Әділ Жұбанов,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

***

Құрметті «Аtyraý» газетінің ұжымы мен оқырмандарды!

Сiздердi шын жүректен 100 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын! Өзiнiң ғасырлық тарихында «Аtyraý» газеті ел тарихындағы көптеген маңызды оқиғаларға куә болып, оқырмандарына газет қызметкерлерiмен бiрге олардың тікелей қатысушылары болуға мүмкіндік берді. 100 жылдық шығармашылық жолында газеттің атауы бірнеше рет өзгерді, алайда аты өзгергенiмен идеясы мен оқырмандарға бағдарлануы өзгерiссiз қалуда.

Өңiрдiң көптеген көрнектi ақындары, жазушылары мен журналистерi басылымның бүкіл тарихында «Аtyraý» облыстық қоғамдық-саяси газетiнде басылып, өздерiнiң керемет жұмыстарымен газетке лайықты бедел, оқырмандардың сенiмi мен сүйіспеншілігін қалыптастырды.

Ал бүгiн сiздiң ұйымшыл ұжымыңыз өзiнен бұрынғылардың даңқты дәстүрлерін кәсіпқойлығымен және iске шығармашылық көзқарасымен сәтті жалғастыруда.

Өңірлік басылым беттерiнде Атырау облысының өміріне және өзекті мәселелерге арналған шығарылымдар үнемi шығып тұратыны қуантады. Біз бірге өңірдің жетістіктерін көріп отырамыз және сіз көтерген мәселелер негiзiнде оларды шешу үшін қажеттiнiң бәрiн жасаймыз.

«Аtyraý» газетінің басшылығы мен шығармашылық ұжымына сарқылмас шабыт, жаңа табыстар мен жетістіктер тiлеймiн!

Құрметпен,

Дүйсенбай Тұрғанов,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

***

Құрметті редакция!

Бұл газеттің тарихы өте бай. Оған кезінде Әбу Сәрсенбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Берқайыр Аманшин мақала, өлеңдері мен әңгімелерiн жолдап тұрған.

Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев өмір бойы осы газетпен тығыз байланыста болды. Редакцияда Тауман Амандосов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақов, Берік Қорқытов, Аманқос Ершуов сынды белгілі қаламгерлер жұмыс істеп, қолтаңбасын қалдырған.

Қоғамда орын алып жатқан сан қилы оқиғалар мен бұқараның сенімі – сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі өзегі. Халық сiздер арқылы қоғамда орын алып жатқан жағдайлармен күнделікті таныс болып отырады. Сондықтан да, шынайылықты ту етіп, ақиқаттың ауыр жүгін арқалайтын дәл осы мамандық еңбекқорлық пен табандылықты талап ететіні баршамызға аян.

«Аtyraý» газетінің ел мүддесі, халық қажеттілігі жолындағы қызметінің көкжиегі кеңейіп, уақыт талабына сай жоғары деңгейден көріне беруіне тілектестігімді білдіремін!

Құрметпен,

Мереке Құлкенов,

Қазақстан Жазушылар одағы

басқармасының төрағасы 

***

Құрметті әріптестер!

Сіздерді Батыс өңірінде  алғаш құрылған қазақ тілді  газеттердің бірі «Аtyraý» газетінің ғасырлық мерейтойымен құттықтаймын!

Киелі өңірдің рухани айнасына, оқырмандарының сүйікті басылымына айналған газет жүз жыл ішінде айшықты жобаларды жүзеге асырып, әртүрлі бағыттағы тақырыптар мен өзекті мәселелер көтере білді. Газет ақпараттық кеңістікте болып жатқан жаңалықтарды жіті бақылап, заман талабына сай  өзгерістерді уақытылы қолданып келеді.

Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының  рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Соның ішінде «Аtyraý» газеті де қоғамның түрлі салаларындағы проблемаларды дер кезінде көтеріп, оң шешімін табуына ықпал етіп отыр.

«Аtyraý» газеті – осы өңірдің журналистерін қалыптастырған ұстахана. Онда әр жылдары өңірге танымал қаламгерлер еңбек етіп, басылымның  қоғам өмірінде лайықты орын алуына күш-жігерін жұмсады. Газетте ел зиялыларының бірнеше буын өкілдері еңбек етіп, қоғамдағы саяси, рухани және мәдени ахуалға зор ықпалын тигізді. Ұжымда көрнекті ағартушы, профессор Тауман Амандосов, ақын-жазушы, әдебиетшілер Меңдекеш Сатыбалдиев, Аманқос Ершуов, Берік Қорқытов, Жәрдем Тілеков, Қадыр Жүсіп, Қабижан Сағиев, Күзембай Әміров, белгілі журналистер Ізімберген  Есқожин, Сабыр Өтепбергенов, Қазихан Қабделов, Шөпенғали Дәуенов, Тәжібай Текеев, Нұриден Мұфтах, Теңдік Жауырұлы, Құмарғали Ғабдешев, Құмар Кенжеғалиев, Қилыбай Қуанышбаев, Төлеген Берішбаев, Өтепберген Әлімгереев, Айтқали Нұрғалиев, Өтеген Нәукиев, Құттыгерей Смадияровтар  қызмет етті.

Ұжымда ұрпақ сабақтастығына, халық мұратына негізделген шығармашылық үрдіс қазір де  жалғасын табуда. Халқымызға, ұлтымызға адал қызмет етудің бұдан да биік белесіне көтеріле беріңіздер.

Құрметпен

Сейітқазы МАТАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы

***

Қадірлі «Аtyraý» газетінің ұжымы!

Өздеріңізді ұлт баспасөзі тарихындағы айтулы оқиғалардың бiрi  – «Аtyraý» газетiнiң жүз жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

«Еріктен» басталып, еркіндік таңына ұласқан, өзіндік дәстүрін жоймай, ғасырлық межені бағындырған өңір газеті үшін бұл – тағылым мен дәстүрді тең қамтитын меже. Сіздер жасампаз өлкенің рухани қарашаңырағына айналған редакцияда қызмет етіп келесіздер. Осынау iзгi қам-қарекет – қоғам тәрбиесі тану жолында елеулі алаң әрі үлгілі мектеп.

Бүгінде «Қазақ газеттері» серіктестігі – республикалық дәрежедегі дәстүрлі басылымдарды біріктіруші бірегей құрылым. Бiз үшiн аймақтардағы әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас орнату да айрықша басымдыққа ие. Яғни, мемлекеттік ақпараттық қауiпсiздiктi нығайту ісіндегі өрелі бастамаларда ынтымақтасуға дайынбыз.

Құрметті әріптестер!

«Аtyraý» облыстық газетінің жылнамасы жалғаса берсін!

Кәсіби еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз!

Құрметпен,

Дихан Қамзабекұлы,

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры 

***

Қадірлі «Аtyraý» газетінің ұжымы!

Оқырмандарыңызды ең маңызды әрі өзекті тақырыптар бойынша хабардар етіп, мемлекеттік органдардың жұмысын түсіндіре отырып, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп келесіздер.

Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз, кәсіби істеріңіз бен ерен еңбектеріңіз елімізді одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін.

Жемісті өзара іс-қимыл мен заңдылықтың үстемділігін қалыптастыруда және құқық бұзушылықтың алдын-алу жолындағы үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін.

Осынау мерейлі тойда ұжымыңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт және жаңа бастамалар мен жобалардың табысты іске асырылуын тілеймін!

Бауыржан Жұмақанов,

Атырау облысының прокуроры

***

Құрметті редакция!

Бастау алған уақытынан бері талай тұғырлы тұлғалар  басшылық жасаған, қай дәуірде де елдің қарыштап дамуына зор үлес қосқан бұл тарихи басылым бетінде көрнекті қаламгерлер, ардақты тұлғалардың өшпес қолтаңбасы, ұжымда өзіндік орны бар.

Сіздер осы құндылықты, алыптар негізін салған дәстүрді жоғалтпай, заман тынысына байланысты ерекше қарқынмен дамып, облыстағы алдыңғы қатардағы басылым ретінде осы үрдісті жалғастырып келесіздер.

Сот саласында да жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қоғамға жеткізілуіне республикалық және жергілікті басылымдар ерекше үлес қосуда. Солардың қатарында осы «Аtyraý» газетінің үлесін ерекше атап өткім келеді. Біз де өз тарапымыздан басылымға өзіндік қолдау көрсетіп келеміз деп есептейміз.

Сот пен басылым арасындағы өзара бірлескен нәтижелі жұмыс үшін өз ризашылығымды білдіремін!

Құрметпен

Мұхтар Парменов,

Атырау облыстық сотының төрағасы

***

1923 жылы «Ерік» атауымен отандық баспасөз айдынына алғаш қанат қаққан сары ауыз басылым бүгінде бойына ғасыр шежіресін жинаған дара абыз басылымға айналды.

Газеттің беті қай заманда да уақыттың өткір мәселелерін көтерген мәйекті мақалалармен, толғамды да талдамалы жарияланымдармен толығып отырды. Атырау өңірінің ақпарын арқалаған газет бүгінде өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің ең озық баспасөзі санатына шыға білді.

Өзіндік жазу мәнері, айтатын ойының дәйегі бар медиа осы ғасырлық қызметі барысында өңірдің рухани өлшеміне, оның тіршілік-тынысының ажырамас бөлшегіне айналды. Халықтың тұрмыс-тіршілігін саралайтын, пікірін даралайтын, сол арқылы өңірдің уақыт талабына үн қоса дамуын бағалайтын күш болып қалыптасты.

 Әрине әр жарияланымының түбінен ілкімді ізденістің демі, терең талдаулар мен еселі ой еңбегінің кені көрінетін басылымның бүгінге дейін абыройдың асқарынан түспей, жарау күйде жетуінің түбінде – сонау 1923 жылдан бері сабақтастықтың салтын үзбей, талмай қалам тербеп келе жатқан редакция журналистерінің ғасырға жүк қыруар қажыр-қайратының, адал еңбегінің үлесі жатыр.

Газет ұжымымен тығыз байланыста Атырау облысының игілігі үшін еңбек еткен жылдарымды қашанда ерекше құрметпен, ілтипатпен еске аламын.

Олай болса, Атырау атырабымен бірге қарқынды дамып келе жатқан өңір басылымының рухани-шығармашылық әлеуеті қашанда өз биігінен түспесін.

Қаламдарыңыз жүйрік, мұраттарыңыз биік, жазарларыңыз көп болғай!

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ,

Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының Бас хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері

Қыркүйек, 2023 жыл

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button