Бақыт мекенім!
Жылдар жылжып, айлар алмасып, апталар аунап, 100 жылдығына аяқ басқан облыстың ата басылымының ұжымы ұлт руханияты жолында аянбай еңбек етіп келеді. Олар тек ақпарат таратып қоймай, ұлтқа қажет, ұрпақтың кәдесіне жарайтын, тарихтың тамырына түптей бойлайтын дүниелерін ұсынып, рухани құндылықтар құлдырап, талғам таразысы таязданған кезеңде сананы сілкінтер жазбаларымен қарсы тұрады.
Бұл жолда ерен еңбек етіп келе жатқан облыстың айнасы «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің қызметкерлері қым-қуыт қарбалас қызмет арасында редакциядағы естеліктері мен жарқын сәттерімен бөліседі.
Мерейді өсірген мадақ
Өткен жазда облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газеті редакциясының ұжымы баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «URKER-2022» Ұлттық бәйгесіне қатысып, бақ сынаған еді.
Республикалық байқаудың 13 аталымы бойынша түскен 544 жұмысты сараптаған қазылардың сапында белгілі журналист, өнертанушы-ғалым Молдияр Ергебеков те болғанын кейін білдік.
Оған журналист-фрилансер Әйнел Әмірханның OY-DETOX подкастының 2022 жылғы 30 қарашадағы шығарылымы арқылы көз жетті. Бір сағаттан астам сұхбат барысында PhD доктор, профессор М.Ергебеков отандық медиа саласы, ғылым, басқа да тақырыптарда кең талдау жасаған. Сұхбат барысындағы белгілі ғалымның бір ауыз пікірі ұжымның мерейін өсіріп, шабытын еселегендей болды.
– «Үздік өңірлік басылым» номинациясы бойынша түскен жұмыстарды қарағанда көпшілігі мазмұн тұрғысынан да, көркемдік безендірілуі жағынан да бір-біріне ұқсас екені аңғарылды. Барлығын қарап шыққан соң өңірлік басылымдар арасынан менің екі фаворитім болды. Оның бірі – «Atyraý», екіншісі – «Saryarqa samaly» газеттері. Екеуінің де қамтыған тақырыптарында саясат, экономика, экология, білім мен мәдениет, денсаулық сақтау сынды ортақ мақалалардан бөлек, ғылымды дамытуға көңіл бөліпті. Оған қоса, қазіргі заман үдесіндегі шұғыл ақпарат тарату, дизайн үлгілерін түрлендіру тәрізді оң талаптарға толық жауап береді екен. Ал, өзгелері бір сарынды. Демек бұл осы газеттердегі талғамның жоғарылығын көрсетеді, — дейді медиа және кино зерттеушісі.
Жастайынан Түркияда оқып, әлемдік киноның тарихы, киносараптама, эстетика, этика, медиа теориясы тәрізді күрделі тақырыптарды жетік меңгерген білікті маманнан мұндай баға алу редакция қызметкерлеріне ерекше жігер беріп, мерейін өсірді.
Сөйтіп, жай ғана бақ сынау мақсатымен ұсынылған басылымның сапасы айрықша бағаланып, «Atyraý» газеті Ұлттық байқаудың аталған номинациясы бойынша шорт-парақ – «үздік төрттікке» «Astana aqshamy» (Астана қ.), «Almaty aqshamy» (Алматы қ.) және «Saryarqa samaly» (Павлодар обл.) газеттерінің қатарында аталды.
Назарбек ҚОСШИЕВ,
Бас редактор
***
«…Көрерсіңдер әлі!»
Редакцияға жұмысқа келгенімде газет «Коммунистік еңбек» деп аталатын. Ол 1987 жыл болатын. Сол кездегі бас редактор Құмар Кенжеғалиев мені машбюро бөліміне жіберді. Онда Рысты, Ақлима, Злиха апалармен танысып, олар газеттің аптасына бес рет басылатынын, қалай шығатынын жарыса айтып берді.
Сол кезде «Бас мақала» деген айдар болған еді. Журналистер бас мақаланы диктовка арқылы айтады. Телетайптан телебағдарлама орыс тілінен аударылады. Аудармашы – Әбуғали Ғабдуллин. Аптасына бес рет шықса да соның бәріне үлгеріп жүрдік. Жауапты хатшының орынбасары Жаңбырбай Сұлтанғалиев ағамыз. Ол кісі жарнама бөлімінің материалдарын қарайды. Терген кезде қате кетеді гой. Кейде ішке келіп біздерге: «Мынаның ыңғыршағын айналдырып жіберіпсіңдер ғой. Әйелді еркек, еркекті әйел қылып» деп ұрысып кететін. Ол кісінің айқайынан талай жылағаным бар. Сонда Рысты апа «Көрерсіңдер, күндердің күні Клараға жалынып жүресіңдер әлі» дейтін.
Баспаханада жұмыс жасап жүрген кезімде ел Махамбеттің 200 жылдығын тойлап жатты. Ол кезде «Атырау-Ақпараттың» директоры Ерген Дошаев деген азамат. Сол жылдары «Атырау-Ақпарат» КМК-ға Қазақстанның Тұңғыш Президенті келді. Ол кісіге баспаханадағы кітап шығаратын машиналарды таныстыру керек болды. Аталған құрылғылармен мен таныстырып, сол кездегі Мемлекет басшысымен кездесудің сәті түскен еді.
Редакцияға жұмысқа келгелі алты редактор ауысты. Олардың қайсысы да газетті сапалы етіп шығару үшін уақытпен санаспай еңбек етті.
Клара ЕЛЕУСІНОВА,
теруші
***
Хаттар нөпірінің ортасында қалдым
1996 жылдың қаңтар айы. Сол кездегі Балықшы аудандық «Каспий таңы» газеті редакциясынан облыстық басылымға ауысып келген күнім. Бұрынғы бөлімдер таратылып, олардың орнына әртүрлі мәселелер бойынша редакторлар тағайындалған.
Сөйтсем, Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде-ақ, мұндағы журналистер өз таңдауларымен айналысатын шаруаларын меншіктеп алыпты. Ал, маған бұйырғаны – хат және бұқаралық жұмыстар жөніндегі мәселелер болды. Редакцияға келетін хаттардың көптігі соншалық, оларды қарап шығудың өзі ақырет, азап дерсің. Сонымен отырғанда мақала жазып, шығармашылықпен шұғылдануға уақытың қалып жарымайтын.
Сондай қарбаласқа толы сәттердің бірінде әріптесім әрі құрдасым Лиза Сейтімова қасыма келіп: «Дәуке, ортамызға қош келдің, біздің жұмыс деген осындай. Басқа бөлімдердің бәрін бөліп, саған осы хат бөлімін қалдырдық. Біле білсең, бұл дегенің редакциядағы ең күшті бөлім. Енді сен редакцияға келетін бүкіл хаттың иесісің» демесі бар ма? Шынында да қандай басылым болмасын, оқырман хатының орны бөлек екенін сонда түсіндім.
Дәулетқали АРУЕВ,
аға тілші
***
«Как это так?!»
Мен редакцияға алғаш рет 1994 жылы жұмысқа тұрғанмын. Жастық па, сатушылық қызметке қызықтым ба, бұл жерден шығып, дүңгіршекке сатушы болып ауысып кеткенмін. Ол кездегі газеттің Бас редакторы Теңдік Жауыров болатын.
Осыншама жі-бергісі келмеді. Не керек, дегенімді жасадым. Бір жылдан кейін корректор Бақыт Жәрдемова апай көріп қалып, «Мына жұмысың не, редакцияға орал» деп жетектеп алып келді. Редактор Қилыбай Қуанышбаев ал-ғашында қабақ шытып, «келіп, кетіп, неғып жүрсің» дегендей қарсылық танытқанымен, бас-паханада ұзақ жыл жұмыс жасаған анамды сыйлағаны болар, корректор етіп қызметке қабылдады. Бұл 1995 жыл еді.
Редакцияда қызмет еткен 29 жыл талай әдемі естеліктерімен есімде. Әсіресе, сол кездегі Бас редакторымыз болған Қилыбай Қуанышбаевтың қамқорлығын әсте ұмыту мүмкін емес. Қазіргі «Иманғали» мешітінің орнында апатты үйлер болатын. Біз отбасымызбен сонда тұрып жаттық. 1996 жылы анам өмірден өтіп, қаделерін бергеннен кейін авариялық жағдайдағы баспанамыз тұруға келмеді де үй жалдап кетуге мәжбүр болдық.
Кейін сол жердегі үйлерді көшіргенде, бізге үй тиесілі болмай шықты. Жылап-еңіреп, басымды сүйеп Қилыбай Шахатұлына келдім. Басшым сол кездегі Атырау қаласының әкімі Д.Тұрғановқа телефон шалып, жағдайды баяндап, «алдымда қызым жылап отыр, как это так?!» (арасында орысша сөз қосып сөйлейтіні бар) деп ренжігені бар. Білдей шаһар басшысы газеттің Бас редакторының салмағын және жасын да сыйлағаны болар, бір ауыз сөзге келместен 4,5 миллион теңге қаражат бөлдірді. Сол сомаға келетін пәтер тауып, отбасымызбен үлкен қуанышқа кенелген едік. Қилыбай ағай қашан да қарамағындағы қызметкерлерді қамқорлап жүретін.
Бұл газеттегі жарқын сәттерімнің бір парасы ғана.
Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА,
бет құрушы дизайнер
***
Бір күнде қабылданған шешім…
«Облыстық басылымда еңбек етемін» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті.
2008 жылдың күзі. Ол кезде компьютердің құлағында ойнайтын маман Аслан Мәукенов «Ақжайық» газетінде қызметте болатын. Мен Мақат ауданындағы «Мұнайшы» газе-тін «Ақжайық» баспаханасынан бас-тырып, бейсенбіде алып кетуім керек еді. Сол күні Аслан Мәукенов әңгіме арасында «Atyraý» газетіне бет құрушы іздеп жатқанын айтып, ұсыныс жасады. Іле-шала газеттің сол кездегі Бас редакторы Нұрлан Қабыловқа телефон шалып, кездесуімізді ұйымдастырды. Ол кісі құрған бетімді бір қарап шығып, жұмысқа қабылданатынымды жеткізді. Осылайша, сол кезде 85 жылдығы аталып өткелі жатқан «Atyraý» газетінде бет құрушы болып еңбек жолымды бастап кеттім. Осынау уақыт ішінде ынтымағы жарасқан ұжыммен бірге қызық пен қуанышты, қиындықтар мен қайғыны да бастан бірге өткеріп келеміз.
Бір күні Алматыдан дизайнерлер келіп, облыстық, аудандық газеттердің бет құрушыларымен екі күндік семинар ұйымдастыратын болды. Сол кезде жауапты хатшымыз Азамат Базарбаев тізімге мені де енгізіп, «Дәурен, сен баруың керек. Алдағы газетіміздің өркендеуіне өз үлесіңді қос» деп үміт артқан. Сол семинардан ерекше әсер алғаным өміріме азық болды. Кейін компьютер бөліміндегі әріптестеріммен ақылдаса келе басылымның шапкаларын өзгертіп, өзінше өрілуіне мүмкіндік туған еді.
Дәурен МҰХАМБЕТӘЛИЕВ,
жауапты хатшы
***
Қате деген «ұры» бар
Сапалы шығарма, жағымды жаңалық журналистің сауатты сөзімен, мақаланы жазу тәсілімен ғана көркем өрілмейді. Оқырманға сәтті дүние сыйлау үшін шығармашылық ұжыммен бірге теруші, бет құрушы дизайнер, корректорлар секілді техникалық қызметкерлер де бірлесіп күш жұмсайды.
Осы салада талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан мамандардың газеттің дамуына қосқан үлестері орасан. Менің 20 жылдан астам ғұмырым «Аtyraý»-мен астасады. Редакция табалдырығын аттағаннан бастап түрлі саланы қатар меңгерген екенмін. Әмбебап жауынгердеймін, теруші, бет құрушы, жарнама менеджері, корректорлық баспалдақтардан өтіппін.
Редакцияның жұмысы қашан да қара қазандай қайнап жатады. Қарбалас тірліктен әсте толастамайды. Корректор деген қатенің қырағы күзетшісі ғой. Жауапкершіліктің жүгі тым ауыр. Әсіресе, газет шығатын күні мұрнымыздан шаншылып, жұмысқа басымызбен кіріп кететініміз бар. Президент Жолдауына байланысты газетіміздің кезекті саны әбден кешігіп, таңды таңға соғатын кездеріміз де болған. Сол себепті, ыдыс-аяқ, артық киім-кешектеріміз кабинеттегі сөрелерде ілініп тұрады.
Сондай газет күндерінің бірінде кештеу шығып, қала сыртындағы үйіме асыққаным соншалық, ішке киетін аяқ киімімді сол аяғыма, сыртқы тәпішкемді оң аяғыма іле салғанымды білмей, орта жолда бір байқағаным бар. Газет шығару ісінде осындай қиындық пен қызыққа толы сан күндер көп бастан өтті.
Эльмира ӘБІЛҚАЙЫРОВА,
корректор
***
Сиырдың жанарындағы жас…
Әлі есімде, баспасөз саласындағы «балаң үйрекпін», редакцияға қызметке келгеннен соң өзгеге ұқсамайтын ерекше дүние жасағым келгені. Осы оймен мал базарына бағыт алып, сол жерден ақпарат жинауға кірістім. Алғашында мүңкіген шуаш иісінен тіксінгеніммен, оған мән бере қоймадым. Дегенмен, мені өзінше бір әлемдей болған базардың қым-қуыт тіршілігі таңғалдырды. Әркім өз орнында, өздеріне жүктелген міндетті орындап жүр. Алдындағы ұсақ малын сатып, мәз болған ағайын да, олардан түскен жалдау ақысын алақанына салып қуанған әкімшінің де іс-әрекетін түртіп, жасырын кіріп, көзбен көргеніме қуанып мен де тұрмын.
Базарды басына көтере сөйлеп, бәрін басқарып жүретін, бетін күн қақтаған толықша келген әйелді де әлі ұмыта қоймаппын. Қанжарынан қан тамған қасапшымен де тілдесіп, сұхбат беруге келіспесе де суыртпақтап керегіме жауап та алып үлгердім. Әдемі әңгіме, тұшымды туынды өмірге келетініне іштей қуанғаным рас.
…Алайда, кезек сиыр малына келгенде көңіл-күйім бұзылып сала берді. Үлкен кубалдың екпінімен гүрс етіп, жер жастанған Зеңгі баба төлінің дәрменсіз күйі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Жанарына жас үйірілген көзқарасы санамда сол күйі сақталып қалды. Ауыл қазағы болған соң ба, әлде әйел адамның жүрегі әлсіз келе ме, әлгі жерден шыға сала жылағаным есімде. Ол күнтізбедегі күрең күндердің бірі еді. Содан кейін не нәрсені де жүрекке тым жақын қабылдамау керектігін түсіндім.
Рита ӨТЕУҒАЛИ,
аға тілші
***
Қанатымды қатайтқан орта
«Аtyraý» – менің қолыма қалам ұстатқан, журналист ретінде қалыптастырған, қанатымды қатайтқан кәсіби орта. Жиырма бес жасымда газетке қызығушылығым оянып, құқық бөліміне тілші болып қызметке орналастым. Басшылық тарапынан жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындауға ұмтылып, атыма, абыройыма сын келтірмеуді ойладым.
Маған бұл орта маңызды үш нәрсені үйретті. Оның біріншісі – кез-келген мәселеге бір жақты қарамауды, яғни өмірде ақ пен қара қатар жүретінін айқындадым. Екіншісі, айналаңдағы адамдардың жан дүниесін тани білу, мейлі ол қарапайым жұмысшы, мейлі әкім болсын, өзіңді сол кейіпкердің роліне қоюды, сол адам болып сөйлей білуді үйретті. Ал, соңғысы – салқынқандылық.
Журналист болғандықтан түрлі орталарда жүреміз, түрлі көңіл күйдегі адамдармен жүздесеміз. Өмір мен өлімнің ортасында жатқан жансақтау бөліміндегі шарананы көрген, бизнесі отқа оранып бір күнде күлге айналған кәсіпкермен, үйінен айырылып, шырылдай жылаған жетім баламен де, сырқат сәбиіне жанұшыра көмек сұраған шарасыз анамен де, түрмеден шыққан, бірақ істеген ісіне мүлде өкінбейтін қандықол қылмыскермен де тілдескен, кездескен сәттер болды. Сан түрлі тағдырлар, сан алуан мәселе. Мұның бәрін көңілге жақын алсаң, жүрегің көтере ме?!
Міне, сондықтан «Аtyraý»-ға менің өмірге деген көзқарасымды қалыптастырған, адами тұрғыда жетілдірген қызмет орным ғана емес, екінші отбасым деп қараймын.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА,
арнаулы тілші
***
Ағалардың аялы алақаны
«Atyraý» газетінің редакциясына 1998 жылдың 16 қазан күні қызметке кіргенім есімде. Қоғамдық-саяси мәселелермен айналысамын. Жаңа жұмыс орнымда бір күн істеп, жұртпен бірге шығып келе жатқан бетім еді. Ұзын дәліздің бойынан бір әйел адам тоқтатты.
– Базарбаев Азамат деген сіз бе? — деді ол.
– Иә, — дедім мен.
– Олай болса, келіп ақшаңызды ала қойыңыз!
– ?!
– Ақшаңызды алыңыз деймін…
«Басқа біреумен шатастырып тұр» деп ойлағаным шын. «Мен жұмысқа кеше ғана кірдім ғой» деймін аңтарыла.
– Айналайын, кеше кірсең бүгін ақшаңды алсаңшы енді, — деген ол таң-тамаша болған мені кабинетіне ерте жөнелді.
…Кейін түсіндім ғой, газет редакторы Қуанышбаев Қилыбай аға қалаға енді қоныс аударып жатқан жас отбасыма көмек болсын деп авансқа 1500 теңге жаздырыпты. Ойбүй, ол кезде әжептәуір ақша еді ғой бұл! Ал, менің әңгімелесіп тұрғаным редакцияның бухгалтері Жұмағыз апай болып шықты.
Ағалардың осындай қамқорлығын көрген мен жаңа ортамды жатсына қойғаным жоқ. Олардың да адамға деген құрметтері ерекше екен. Біріне бірі қолдау көрсетіп, көмектесіп жатқаны үнемі. Кәдімгі бір отбасының адамдары секілді, тонның ішкі бауындай тату.
«Atyraý»-ға алғаш келгендегі алған әсерім осындай болатын.
Азамат БАЗАРБАЕВ,
Бас редактордың орынбасары
***
Бас редакторды кілттеп кеттім
«Atyraý» газеті редакциясына қатысты басымнан өткен бір-екі қызықты жайтты айтып берейін.
1993 жылы (ол кезде мен басқа салада жұмыс жасайтынмын) кешкі сағат 6-ларда келіп, редакцияның бөлмелерін жуып-тазалап кететін едім. Сондай бір кеште газеттің бас редакторы Жауыров Теңдік ағайдың іште жұмыс жасап отырғанын байқадым. Дегенмен, көп ұзамай ол кісі іштен шығып бара жатқандай көрінді. Ал, менің ойымда ештеңе жоқ, бас редактордың шығып кеткеніне өзімше сенімді болып, жұмысымды бітіріп, дәлізде кетіп бара жатқанмын. Кенет, бірдеңенің жай ғана тықылдағаны естілді. «Бұл не екен?» деп бас редактордың қабылдау бөлмесінің есігін ашсам, …арғы жағында Теңдік ағай тұр! Ай, сондағы ұялғанымды-ай! Қорқып та кеткенім рас. Ал, ол кісі қабағын да шытпастан, басын изеп ғана кете барды. Адамның зиялылығы, мәдениеттілігі деген осы емес пе?!
Ал, екінші жайт, редакцияның кассир-есепшісі Күләш Шаңқиеваның еңбек демалысына шығуына байланысты оның міндетін уақытша атқарған кезім болды. Бұрын-соңды есепшілік тәжірибемнің жоқтығынан еңбекақы беретін күні банкке сағат 4-ке жақын жеттім. Барсам, банктің сыртқы темір есігін жауып жатыр. Амалдың жоқтығынан күзетшілерді «іште сөмкемді ұмытып кеттім!» деп сендіріп, ішке кіріп, редакцияның қаражатын алып шыққанмын. Осылайша, қызметкерлердің жалақысын уақытында алуына себепші болдым.
Тамара ТАЙТЕКОВА,
іс жүргізуші
***
Ұтысым – 1 млн. теңге!
Мені осыдан бірнеше жыл бұрын газеттің бас редакторы болған марқұм Қилыбай Қуанышбаев ағай жұмысқа шақырды. Ол кезде суретті қағазға салып, сканерлеп, газетке беретінбіз. Аслан, Нұрлан, Майра деген әріптестерім компьютерге үйретіп, бет құруды меңгеріп алдым. Газет ішіндегі «Атамекен» газетінің дизайнері болдым.
Ал, 2000 жылдары цифрлық фотоаппараттар пайда болғаннан кейін Қабдешев Қайрош ағай мұны маған берді. Оның да өзіндік ерекшелігі бар еді. Яғни, кадрды ұстап қалу үшін батырманы үш секунд бұрын басу керек екен. Әйтпесе, фотосурет қимыл-қозғалысқа қарай өзгеріп кетеді. Сол кезде әкімдер қатысатын жиналыстарда баяндамашылардың әрбір қимылын үш секунд алға қарай ойлап тұратынбыз. Кейін Аман Мутигуллин, марқұм Олег Свидин секілді әріптес ағаларымыздан тәлім-тәрбие алып, сол фотоаппаратқа машықтандық. Сөйтіп жүріп, талай конкурстарға да қатыстым. Ал, былтыр республикалық байқауда бақ сынап, бас жүлдені жеңіп алдым. Оның ұтысы 1 миллион теңге еді.
Сол жолы қуанышымызда шек болмады. Газетіміздің ғасырлық тойы аясында фотокөрмемді ұйымдастырдым, баспаналы болдым. Ойлап қарасам, менің өмірімдегі жеткен жетістіктерімнің барлығы да «Atyraý»-мен үндеседі екен.
Ерлан АЛТЫБАЕВ,
фототілші
***
Бір көзім сенде!..
Бүгінгі заман талабына сай медиакеңістік түрі дамып жатса да, билік пен бұқара арасында алтын көпір – «Atyraý» газетінің орны мен үшін бөлек. Басылымның 1996 жылы компьютерлендіруге алғашқы қадамын жасаған тұста қызметке орналасу бағы бұйырды. Сол жылы компьютер цехы жасақталып, қызметкерлер біртіндеп жаңа техниканы үйрену процесіне көше бастады.
Иә, қасиетті қарашаңырақта еңселі тұлғалар – Қилыбай Қуанышбаев, Нұрлан Қабылов, Ермек Биғалиев, Жаңбырбай Сұлтанғалиев және басқаларымен иық тіресе жұмыс жасау мен үшін үлкен мәртебе еді. Сондай-ақ редакцияда өмірлік қосағын кездестіріп, үлгілі шаңырақ құрып, отбасылық сыйластық пен ізетті қалыптастыра білген жандар да болды. Өзім білетін Жаңбырбай Сұлтанғалиев пен Қымбат Әбдірахманова, Райс Қарабалаев пен Рысты Қарымсақованың өнегелі отбасылары үлгі тұтарлық еді.
«Atyraý» газетіндегі осы ізгі жолды сол кездегі компьютер цехында қызмет еткен маман Асланбек Мәукенов екеуміз жалғастырдық. Ол «бір көзім – компьютерде, екіншісі сенде болып, екі жыл зерттедім ғой…» деп әзіл-шыны аралас арасында есіне алып қояды. Расында, екі жылдан кейін екеуміз де бір-бірімізден болашақ серігімізді көріп, отбасын құруға шешім қабылдадық. Міне, биыл бақытымды тапқан басылымның ғасырлық тойымен біздің де күміс тойымыз тұспа-тұс келіп отыр. Үлкен өмірге қол ұстасып бірге бастаған көшімізге ұл-қыздарымыз ілесіп, қуанышты күндеріміз жалғасып жатқанына Жаратушыма тәубе деймін.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА,
аға тілші
***
Есепшіден – дизайнерге!
Менің негізгі мамандығым – есепші. Ал, БАҚ саласымен байланысым кездейсоқ басталды.
Сонау 2003 жылы «Атырау-Ақпарат» ғимаратының құрылысы жүріп жатқан кезде әкем өз мамандығым бойынша жасап жүрген жұмысымның ұнамай жүргенін біліп, газеттегі хабарландыруды оқып берді. Сөйтсем, жарнамада «компьютермен жұмыс жасай білетін мамандарға конкурс жариялаймыз» деп жазылыпты. Тәуекелге бел буып редакцияға келдім. Мұндағы қызметкерлер дизайн жасайтынымызды айтты. Бала кезден осындай шығармашылық жұмысты армандап жүрген менің қуанышымда шек болмады. Осылайша, конкурстан сүрінбей өтіп, бет құрушы дизайнер болып шыға келдім.
Бастапқыда «Atyraý» газетіне қосымша қызметке орналастым. Кейін газеттің сол кездегі редакторы Қабылов Нұрлан ағай редакцияда қалуға өтініш жасады. Оның үстіне осы ұжымға бауыр басып қалған едім.
Жастықтың әсері шығар, үйде кішкентай балаларымыз болса да, жұмысты ойлап тұратынбыз. Таңертең ерте барғаннан әйтеуір тыным жоқ. Ал, кешке үйден тамағымызды ішіп болып жұмысқа кері келетінбіз. Кейде жиналып кешкі тамақты қызмет орнынан пісіріп жүрген кезіміз де болды. Ешқашан санаспадық. Біздің үйіміз қаланың шетінде еді. Соған қарамастан таңғы 3-4 болса да такси күтіп тұратынмын.
Қазір осы салада жұмыс жасағаныма 20 жыл болыпты. Егер «осы басылымда тағы да 20 жыл еңбек етесіз бе?» десе, ойланбастан-ақ «иә» дер едім. Өйткені, бұл менің жұмысым емес, сүйікті ісім.
Сая РАМАЗАНОВА,
бет құрушы дизайнер
***
Кешкі асымды таңда іштім
Өңір журналистикасының қарашаңырағына жұмысқа кіргенімде алғашқыда басқа әлемге енгендей болғанмын. Бірақ, осындағы ағайлар мен апайлардың бірден бауырына басуының нәтижесінде еселі еңбек етіп, жаңа ортаға тез үйренісіп кеттік. Қаймағы бұзылмаған қазақы орта жайында әңгіме қозғағанымда қазіргі ұжымым – редакция алдыменен тіліме оралатыны содан шығар?!
Президенттің халыққа арнаған Жолдауы міндетті түрде газеттің сол күнгі нөміріне түсетіні белгілі. Содан не керек, әдеттегіше «жоғары жақтан» маңызды құжаттың жіберілуін күттік. «Әне келеді, міне келедімен» жүргенде сағат кешкі 22.00 болғанын бір білдік қой. Сонда да уақытпен санаспаймыз. Нөмірдің материалын бірнеше мәрте оқып, «ұры-қателердің» кетіп қалмауын қайта-қайта тексереміз. Сөйтіп жүргенде Жолдау келіп, бет те құрылып, газеттің жұмысын аяқтап, отбасымызға қайтқанбыз. Ойымда ештеңе жоқ, кешкі шайымды ішейін деп шәйнегімді газге қойып жатсам, тереземнің ар жағынан күлімсіреп күн шығып келе жатыр… Ал, сағатқа қарасам таңғы 7.00!
Енді бірде жаз мезгілі болатын. Әдеттегіше, газет шығатын күні материалдарды қайта-қайта оқып, сондағы кейіпкерлермен бірге түрлі жағдайларды бастан кешіретінбіз. Үйге қайтар кезде күннен қорғайтын көзілдірігімді тағып алған сияқты едім, аялдамаға келсем, әлгі «очкиім» жоқ. Бірақ, редакциядан шығып бара жатқан кезде қолыма ұстап, көзіме таққанымды жақсы білемін. Байқасам, газет оқыған кезде пайдаланатын минусы бар көзәйнегімді киіп кетіппін. Осылайша, уақытпен санаспай жұмыс істеген шақтарым есіме түссе, бір күліп аламын.
Алтын ШОМАЖАНОВА,
корректор
***
«Апай, мені өзіңмен алып кетші…»
Биыл менің облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінде табан аудармастан қызмет етіп жатқаныма – 12 жыл. Журналист болу – менің бала күнгі арманым болатын.
Мектеп кезінен, студенттік жылдары да газет редакциясына жүректен шыққан дүниелерді қағаз бетіне түсіріп әкелетінмін. Сол кезде хат бөліміндегі Нұрзейнет Аухатова есімді апай жылы жымиып қарсы алып, қолымдағы өлеңдер мен шығармаларды алып қалатын. Кейін олар көп ұзамай газетте жарық көргенде журналистикаға деген құлшынысым тіптен артатын. Студенттік кезде өндірістік тәжірибеден осы шаңырақтан өттім. 2011 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, редакцияның қайнаған қазанына жұмысқа түстім.
Журналистиканың ыстық-суығына төзген небір мықтылардың ортасында еңбек ету мені шыңдай түсті. Алғашқы жазбалардың қызыл шимай болатыны рас. Соған қарамастан әрбір қатеден тәжірибе жинақтап, барынша шыңдалдым.
Мені редакциядағы «Тілші кәсібін өзгертті» айдары қатты қызықтырды. Осының негізінде қоғамдық көлікте кондуктор, хат тасушы, балабақшадағы тәрбиеші, сот орындаушысы болып өзге мамандықтың қыр-сырын зерттеп, бір күнімді әр салаға арнауды әдетке айналдырдым. Айта берсек, кездескен жағдаяттар мен көңілге түйген дүние көп.
Бірде отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылында бір күн бойы тәрбиеші болдым. Ешбір жазығы жоқ, көзі жәутеңдеген балалардың ортасында жүріп, неше түрлі тағдырларға кезіктік. Жұмыс уақыты аяқталып, үйге қайтарда сүп-сүйкімді балақайдың менің артымнан сыртқа жүгіріп шығып, «Апай, мені өзіңмен алып кетші…» деген сөзі әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді…
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,
шолушы
***
Қуаныш сыйлаған көңілсіз сапар
Мектепте оқып жүргенімізде сыныптағылардың көбін журналистика әлемі елітіп әкетті. Соның әсері шығар, қалайша журналистика мамандығының студенті атанғанымызды білмей қалдық.
…Төртінші курста оқып жүрген шағым еді. Кешқұрым Бауыржан Сисенов курстасым телефон шалып, редакцияға келуімді өтінді. Ол сол кезде «Atyraý»-да жұмыс істейтін. Мені қабылдаған бала кезден жақсы таныс газеттің Бас редакторы Қабылов Нұрлан ағай еркелете: «Қызым, Айнұр есімді замандасың басқа қызметке ауысып барады. Жастар мәселесін қозғап, осы тақырыпқа қалам тербейтін журналист керек. Қолыңда дипломың болмағандықтан, жарты «ставкіге» ғана қабылдай аламыз», — деді. Қуанып кеттім. Өйткені, бұл сонау оқушы Айбөпенің арманы еді ғой. Бірден келістім. Сөйтіп, «атыраулықтардың» қатарына қосылып, редакцияның тапсырмасымен мешіттегі кешкі намазға да, оқшаулау орталығына да, тіпті түрмеге де барып қайтқаным әлі есімде.
Бірде бас редактор Ресейдің Челябинск қаласында Қазақстан–Ресей Президенттерінің қатысуымен өтетін Ынтымақтастық форумына жіберді. Оған пойызбен баруға оншақты күн қажет болатын. Сол кез мен үшін моральдық жағынан ауырлау тиді. Себебі, бір жастан асқан бөпем бар еді. Оны қалай тастап кетемін?! Осылайша, форумға көңілсіз күйде баруға тура келді. Алайда, сол жолы өміріме азық болатын үлкен тәжірибе жинап қайттым. Содан кейін шеберлігімді шыңдауға ұмтылып, семинардан семинар қалдырмайтын болдым.
Айбөпе САБЫРОВА,
шолушы
***
Газет сыны: Қорада жаттыққан қаһармандар
Ғасырлық тарихы бар облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінде ардақты ардагерлердің ізін жалғастырып, жұмыс істеп келе жатқаныма үш жылға жуықтаған екен.
Аймақтың ата басылымына жұмысқа келген аз ғана уақыттың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар көп болды. Соның бірі Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған онлайн вебинар сабақтарына үзбей қатысуымның нәтижесінде 2021 жылдың желтоқсанында Түркияда өткен Анадолы спорт журналистері мен спорт тілшілері ассоциациясының 12-құрылтайы мен Анадолыдағы ақпарат құралдарының медиа форумына қатысудың мүмкіндігі туды. Оның барысында Стамбұл, Бұрса, Гемлик, Куршунлу, Йалова секілді қалаларға табан тіреп, Жерорта теңізін көзімізбен көріп қайттық. Сондай-ақ, Қостанай, Шымкент қалаларында өткен шараларға шақырылып, бұрын аяқ басып көрмеген шырайлы шаһарларды аралаудың сәті түсті.
Газет арқылы халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, оны тиісті орынға жеткізу – басты мақсатымыз. Сондай іргелі істің бірі, Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылында мал қорасында жаттығып жүрген спортшылар туралы мақала жариялағанбыз. Газет сынынан соң жергілікті әкімдік проблемаға назар аударып, мектеп ішінен арнайы шағын жаттығу залын бөлді. Кейін редакцияға ауылдың спортшы жігіттері хабарласып, айтқан өтініштерінің аяқасты қалмағанына риза болысты. Артынша спортшыларға жасалған жағдайдың, үздіксіз жаттығулардың нәтижесінде алақандай ауылдан Ришат Ғалиахметов деген мықты шығып, кір тасын көтеруден әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Бұл жеңістің де артында бас басылымның үлкен үлесі бар екені анық.
Алмас ҚАБДОЛОВ,
тілші