А.Тоқмағамбетов – өлке баспасөзінде
Көрнекті қазақ ақыны Асқар Тоқмағамбетов – өткен ғасырдағы әдебиеттің зор тұлғасы. Еліміз өткен тарихи кезеңдердің барлығы да Асқар шығармаларынан көрініс тауып, халқымыздың жарқын бейнесі шынайы сомдалды. Ақынның шешендік толғаулары, әсем лирикасы, өткір сатирасы, прозасы мен пьесалары әдебиет жанрларының дамуына қосқан ерекше мұра.
Ақындық таланты ерте оянған А.Тоқмағамбетовтың отты жылдарда туған шығармаларының арасында Гурьев (Атырау) облысының мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген туындыларының тарихи маңызы бар. 1943 жылы майданға творчестволық сапармен барып келе жатқанда, жолшыбай Гурьевте бір ай аялдайды. Соғыс басталғанға дейін орденді ақынымыз бір рет облысымызда болғандығын жерлесіміз Б.Қорқытов былай деп еске алады: «Соғыс басталардың алдында келіп, мұнай кәсіпшіліктерін аралап, «Майлы сүт», «Мұнайлы магистраль» деген жол-очерктер топтамасын жазыпты, газетте «Бұқарбай батыр» поэмасының үзіндісі, «Қажымұқан палуан» деген мақаласы басылыпты. Соғыс басталғанда «Біз жеңеміз» деген өлеңін жазыпты, ол 1941 жылғы 29- маусым күні газетке шығыпты» [Қорқытов Б. Жылнама «Еріктен» басталады. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2003 — 105 б.
( 34 б.)].
Гурьевте жүргенде Асқар ақын облыстың мұнай кәсіпшіліктерін, ауылшаруашылық аудандарын аралап, тылдағы еңбек адамдарының тыныс-тіршілігімен танысады. Әр сапарынан туған шығармаларын газет редакциясына тапсырып, облыс еңбекшілерін майдан үшін, жеңіс үшін мол өнім өндіруге жұмылдырды. Тылдағы еңбек еткен адамдардың іс-қимылдарына арналған туындылары астарлы оймен, шұрайлы тілімен жазылды. Майданға бірінші кезекте ұрыс тағдырын шешетін соғыс техникалары үшін Ембі мұнайы қажет еді. Соғыстың алғашқы кезінде жау қолында қалған орталықтағы мұнай алаңдары істен шыққандықтан, Ембі мұнайшыларының өнімін кедергісіз молынан өндіру міндеті тұрды.
Міне, осы міндет тұрғысынан жазылған алғашқы А.Тоқмағамбетовтың фельетоны «Социалистік Эмба» газетінің 1943 жыл 13 қаңтардағы №4 (537) санында «Честное слово» атты тақырыппен жарық көрді. Фельетонға он жыл еңбек етсе де, мұнай өндірісінен еш хабары жоқ, ертелі-кеш кеңседен шықпайтын «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» күн көрген қызметкермен арада болған әңгіме арқау болады. Гурьевке жаңа келген ақын мұнай өндірісінің технологиясымен танысу үшін мекемеде отырған бастықтан былайша сыр тартады:
«Менің қазбалап сұрауға білетінім аз, сондықтан:
− Сіз маған скважин дегенді түсіндіріңізші деп едім; ол ойланып тұрып.
− Скважин! … деген, скважин емес пе? Честное слово соның қазақша переводын білмеймін.
− Жоқ, оның переводы емес, скважинаның қандай жұмыс атқаратыны маған керегі. Ол иығы мен қоса миығын көтерді де:
− Скважин …ну …ол басқасына қарағанда онша неважен… деді қымтырылып. Оның соңына түсуге бұл мәселеге сауатым шамалы. Сондықтан скважинды жылы жауып қойып:
− Эксентрикше? …деп едім, ол мырыңдаңқырап сөйлеп:
− Әрине, май көбірек болса екі центнерде беретін болса керек…деп салды.
Жоқ, сіз түсінбедіңіз, ол машина дегенімше, ол іле жөнелді.
− Ә, сіз соны айтасыз ба? Честное слово …ол менің есітбеген сөзім. Сондықтан, мен оған толық жауап бере алмаймын. Әйтеуір «көкек басты» темірді көреміз. Оның әкесінің аты жадымда жоқ, жазы-қысы жоғарылы-төмен ырғатылып тұрғаны… ғажап қой өзі, жем шұқыған тауық секілді, бір зат..», — деп қазақшасына шүлдірлетіп шамалы шала орысшасын қосқан, әлі күнге качалканы білмейтін мұнайшыны сын садағына алады.
Әрине, соғыс жылдарында тылда мол мұнай өндіру үшін жұмысшылар күндіз-түні жанқиярлықпен еңбек етсе, конторда «құйрығы он жыл отырып жауыр болсада, он ауыз сөз білмейтін» жалқаулар, тоғышарлар, жемқорлар бар екендігіне осы фельетон дәл жауап береді.
А.Тоқмағамбетовтың Гурьев мұнайшыларының арасында болып, жазған жалынды жырларының қатарында «Мұнайшылар, мұнай бер, Соны сізден сұрайды ел» деген поэмасының шоқтығы биік. Ер Исатай туған жер, Ер Махамбет жүрген жерден майданға мұнай беру, ақын тілімен айтқанда «самғай ұшатын самолетке», «табаны тасты тасқа ұратын танкке», «толқынды тоқсан төңкеретін пароходқа» қажет еді. «Май бұлақ» ұрыс даласында Қызыл Армияның жеңісінің қайнар көзі екендігін, сондықтан әр килограмм қара май жауға атылған зеңбіріктің оғына бағаланды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен көбіне түнде өтетін жиналыстарда мұнай мәселесі күн тәртібінен түспейтін еді. Жиналыста сөйлейтін шешендер сөздерін ұрандатып бастап, ұрандатып аяқтайтын. Барлығының айтатыны мұнайлы аудандар жау қолында қалды, ендігі міндет – Ембі мұнайын еселеп өндіру. Сондай жиналыстардың бірін сөз зергері, соғыс жылдарында мұнайлы Ембіде өткізген З.Қабдолов былайша еске алады: «Жиналыс басқарып отырған адам орнынан тұрды:
– Сөз ақын Асқар Тоқмағамбетовке беріледі.
Ақын есімінің ардақтылығы сондай, зал толы жұрт дүр көтеріліп, клуб ішін күндей күркірете қол соқты. Сахна төріндегі биік мінбеге шыққан орта бойлы, толықша, сұйықтау сарғылт шашын шалқасынан қайырған ұяң жүзді ақсары кісі залдағыларға айрықша ибамен қарап, өзіне деген жұртшылық құрметінің аяқталуын ұзақ күтті. Асқар өзіне дейінгі шешендер секілді сөз сөйлемеді, өлең оқыды» [Қабдолов З. Сыр. Замандастар жайынан. – Алматы: «Қазақстан». – 1975 -184 б. (159 б.)].
Мұнайлы Гурьев өңірі емес, түгел республика түкпір-түкпіріне тарап, ел болып жатқа соққан патриоттық поэма «Социалистік Эмба» газетінің 1943 жылғы 23 қаңтар күнгі №7 (540) санында жарияланды:
«…Көтеріп туын жеңістің,
Абырой, даңқ атақпен,
Балаларың әндетіп,
Елге жетсін десеңдер,
«Жеңдік!» деген ұлы үнді,
Жер көк айтсын десеңдер,
«Жауды құрттық» дегенді,
Ел боп айтсын десеңдер,
Елмен бірге қосыла,
Бар күш айтсын десеңдер,
Кремльден Сталин,
Алғыс айтсын десеңдер,
Мұнайшылар – мұнай бер,
Соны Сізден сұрайды ел! — деп,
жеңіске тілектес жандардың бойындағы сезімдерін көрсете келіп, мұнайды көп өндіруге шақырды.
Қаламгердің Атырауда жазған шығармаларының арасында тек мұнай өндірісі емес, ауыл шаруашылығындағы кемшіліктерді сатира тілімен түйрей шаншыды. Ол көкейге қонымды ой-пікірлер, тапқыр бейнелі сөздерді шебер пайдаланды.
Қорыта келгенде, Атырау облысының мерзімді баспасөзінің беттерінде ақын, журналист, жазушы, публицист, сатирик Асқар Тоқмағамбетовтың біраз шығармалары жарық көрді. Бұл фельетондар мен сатира тілімен жазылған поэмаларында өмір шындығы өткір суреттеліп, қазақ әдебиетінің алтын қорын жаңа образдармен толықтырды.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты