Есте мәңгі Елена…

snimok 4 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Atr.kz/7 сәуір, 2020 жыл. Мына өмірге, одан қалды бір-біріне қонақ пенделер жанында бірге жүрген жақын адамы бақилық болғанда, біразға дейін өз-өзіне келе алмай жүреді. «Бұл қалай болды? Неге ерте кетті? Балаларының қызығын көруі керек еді ғой!» деп аһ ұрады. Сондай аяқ астынан ажал құшқан жанның бірі – әріптесіміз Елена Таңбаева.

 Елена Қадешқызы – Қызылқоға топырағының ту­масы. Жастайынан зерек, пысық, тындырымды қыз сабаққа алғыр, өлең жазуға бейім болды. Бір жақсысы, жазған өлеңдері ұстаздары тарапынан жақсы бағаланып, мерзімдік басылым беттеріне шығып жатты. «Журналист болсам» деген асқақ арман оның жұдырықтай жүрегіне мықтап орнықты. Ару Алма­тыда бес жыл оқып, кәсіби журналист атанды. Универси­тет бітіргеннен бері облыстық «Коммунистік еңбек» газеті редакциясында еңбек етті. Оның қаламынан туған мақала, очерк, зерттеу-зерде­леу материалдарын оқырман қауым асыға тосып, іздеп жүріп оқитын болды.

Білімді де білікті маман­ды талай мекеме, кәсіпорын б а с ш ы л ы ғ ы баспасөз қызметкері ретінде жалақысы жоғары қызметтерге шақырып жүрді. Бірақ, ол Гиппократ ан­тына берік дәрігердей: «Жоқ, мен ешқайда бармаймын. Мен журналистпін, сондықтан да газетте жұмыс жасауым ке­рек!» деп, жылы орнын суыт­пады. Әңгіме арасында: «Мен ешқайда кетпеймін, осы жер­ден зейнетке шығамын! Лиза, соңыра қос кемпір болып редакцияға қонаққа келеміз ғой…» деуші еді.

Сәуірдің 7-сі – Еленаның туған күні. Сол жылы ол 49 жасқа толды. Біраз адам үйіне құттықтай бардық. Жақсы тілегімізді айтып, әдемі әзілдесіп отырдық. Бір кезде мен оған күміс жүзік сый­лап тұрып: «Мынаны өзіңе арнап алдым, Елена! Күміс – қашаннан тазалықтың белгісі. Сен өте ақкөңіл, таза адамсың. Содан да осы жүзік өзіңе лайық!» дегенмін.

Ол сондай риза болып қалды. Екеуміз құшақтасып, бір-бірімізді сүйіп, мәре-сәре болдық. Бір кезде ол:

– Мәссаған, қараңдаршы, мына сақинаның бетінде менің жасымдай 49 бедер бар екен! Қайдан тапқансың, Лиза?! – деп, жас балаша қуанды.

Иә, сол жылдың маусымын­да жарқылдап жүретін Елена жол-көлік оқиғасынан көз жұмды. Бұл, әсіресе, жанын­дай жақсы көретін қос ұлы – Нұрбергені мен Дәуреніне, қызындай болған келіні Айнагүлге оңай тимеді… Амал нешік… Бәріміз қайғырдық… Күндер, айлар өте келе жан құрбымның жоқтығы маған да біліне бастады…

Бүгін сәуірдің 7-сі – Еленаның туған күні… Тірі болса, 58 жасқа толар еді- ау… Жатқан жерің жарық болғай, біз сені ешқашан ұмытпаймыз!..

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз