93 жылда – 20 000 нөмір

isataj balmagambetov2 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

мұнда талай буынның талайлы тағдыры жатыр!

…Өз басым осы облыстық газеттің табалдырығын бұдан қырық жыл бұрын, яғни 1983 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірісімен аттаған екенмін. Сол жылы «Коммунистік еңбек» (сол кезде солай аталды) газетінің редакциясы басылымның шыға бастағанына 60 жыл толуын қарапайым тұрғыда, тым ресми сипатта атап өтті. Мен редакцияда жеті жыл ішінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, 1990 жылдың мамырында арнайы шақыртумен республикалық «Лениншіл жас» газетінің батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалдым. Қосалқы негізде «Қазақстан-Заман», «Заң» газеттерінің меншікті тілшісі, облыс әкімінің баспасөз хатшысы, облыстық телеарнаның жауапты редакторы, кейіннен аймақтық «Ақ Жайық», републикалық «Алтын Орда» газеттерінде басшылық қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтап, шыңдалып, еңбек жолымды бастаған осы ыстық ұяма – облыстық газетке Бас редактор болып оралдым.

isataj balmagambetov

«Atyraý» газеті редакциясын басқарған он жыл ішінде газеттің 90 және 95 жылдық мерейтойларын өз қолыммен өткізуге атсалыстым. Сол кездерде көптеген мүйізі қарағайдай алып қаламгерлердің көздері тірі еді, небір естеліктер көбесі сөгіліп, небір сырлар аққайнардай атылған қимас сәттер болып жадымызда сақталып қалды. Мұны мен тағдырымның өзіме бұйыртқан бойтұмарлы шақтары деп санаймын. Меніңше, өмірдің өзі ұрпақтар сабақтастығымен мазмұнды. Өз басым алдарынан тәлім алған абызымыз Шөпенғали Дәуенов, аға буын өкілдері  Қабижан Сағиев,  Құмарғали Ғабдешов, Айтқали Нұрғалиев, Жаңбырбай Сұлтанғалиев, Қаржаубай Сұлтанғалиев, Сансызбай Оқасов, Мұқан Көптілеуов, Тәжі Ақымов, Төлеген Берішбай, Өтепберген Әлімгереев, Мақсот Елеусінов, Әнуарбек Қосанов, Төлеген Жаңабаев, Тасмағамбет Текеев, Арынғазы Мырзағалиев, Ермек Биғалиев, Алпамыс Теміров, Светлана Қайырғалиева, Бағзай Супьянова және басқаларымен қызметтес болғанымды мақтан етемін.

Тағы бір есте қалған елеулі сәт – 2016 жылдың 2 наурызында газеттің 20 мыңыншы нөмірінің жарыққа шыққан күні. Бұл бір ерекше тебіреністі, бөлекше толғанысты күн болды. Әшейінде мұндайға мән бере қоймаймыз ғой, таңды таңға ұрып қаншама нөмір шығып жатыр… сөйтсек, 1923 жылдың 1 сәуірінде алғашқы уездік «Ерік» газетінен бастау алған басылымның тоқсан үш жылдық белесінде ғана 20 000 нөмірі жарық көрді!

«Осыны сана сарабына салып қарасаңыз, газет шығарудың оңай шаруа еместігін айқын түсінесіз. Біреулердің бұл тасқа басылған сөздің шынайы қасиетіне зердесі жетпесе, оның мәні мен маңызын біз азабы мен ғажабын бастан кешіп жүрген жан ретінде сараптап көрейік…» деп бастаппын жан толқынысымды сол күнгі арнайы нөмірдегі «Бізге бұйырған бақыт» атты бас мақаламда.

Иә, шынында да, «Бізге бұйырған бақыт» деп тақырып қоюымыздың да мәні бар еді: Осынау 93 жылда, яғни 20 000 ғана нөмірдің өн бойында қаншама ұрпақтың қажырлы ғұмыры, талайлы тағдыры жатыр десеңізші. Осы орайда ой таразысына салып безбендегенде біздің тұңғыш ізашарларымыздың өзі тегін тұлғалар болмағандығын риясыз пайымдаймыз. Енді ше, басынан қаншама тар жол, тайғақ кешулерді өткерген халқымыздың ғасырлар бойы жан-жүрегімен аңсаған арман-мұратын газет атауына «Ерік» деп асқан патриоттықпен қоя білген, әрі оның бірінші нөмірінен-ақ қазақтың көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіруге тер төккен алғашқы толқынның ерлікке пара-пар еңбегіне еріксіз бас иеміз. Байыптап қарасаңыз, бодандыққа қарсылық пен тәуелсіздікке іңкәрлікті осы ұғымдардың осы бір синонимімен ерекше ептілікпен, келешекке деген көрегенділікпен бейнелей білудің өзі неткен шеберлік! Жалғыз ауыз сөзге мол мағына сыйғызуды, жалғыз ауыз сөзбен айтарын әдемі айшықтауды шығармашылықтың түп қазығы деуге болар. «Еріктің» бірінші нөміріндегі «Тірлік осымен басталады» деген бас мақаланың айтары осы ойымызды айна-қатесіз айқындағандай:

«…Әркімге мағлұм, қазақ халқы өнер-білімнен құр қалған надан. Патша заманында оған өнер-білім үйретіп, қатарға кіргізейін деген хұқметтің де, басқалардың да ниеті болған жоқ… Қырдағы қараңғы халық болыстар штаттыққа таласып, айтысып жүріп мұны сезген жоқ. Онымен жүргенде алдағы күніне не керегін білмей, кейінгі ұрпақтың қайғысы қайғыртпай, аз күнгі айдаған малға алданып, өткінші болып шықты. Мал артынан көшіп-қонып жүріп, құтымның қу шоқысына барып, өнер-білімнен құр қалды. Соның арқасында әлі бұғып келеді. Өзінің орны қайда екенін, кімнің кім екенін, кімнің кім болатынын білген жоқ. Оны білсе, бұлай отырмас еді. Игіліктің ерте-кеші жоқ деген. Әлі де болса ұйқыны ашып, дұрыс жолға түсу керек…». Міне, газеттің әлқиссасынан-ақ біздің алдыңғы буын аталарымыз патша заманының отарлау саясатын ашық айта отырып, 1923 жылдың өзінде (кеңестік алдаусырату кезеңінде) қазағын оянуға үндеген! Осы жерде мен мына бір басы ашық ақпаратты жария етуді жөн көріп отырмын: Газетімізде ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарған шежіре-қарт, жазушы-драматург Берік Ыбырашұлы Қорқытовпен біраз жылдар жиі аралас-құралас болып, көптеген сырға толы әңгімелерін өз аузынан тыңдап едім. Газеттің шығу тарихын зерттеуде елеулі еңбегі бар Бекең «Еріктің» алғашқы шығарушылары Алашорда өкілдері болды, оны әлі күнге дейін ашық айта алмай келеміз» деп әлденеше рет айтқан еді. Әрине, кеңестік кезеңде бұл ақиқат айтылмады, кейін де бұған мән берген ешкім жоқ. Ендігі жерде біз ізашарларымыздың Алаш қайраткерлерінің қатарынан екенін мақтанышпен айтуға тиіспіз!

Алашорда мұраты «Ерікте» жарияланған ірілі-ұсақты мақалалардың бәрінің дерлік «Жұмысшыларға не қылу керек?» (№14), «Еңбек етсең, емерсің» (№19), «Жарлының бұрынғы көрген күні» (№22), «Волискомдарды жаңарту керек» (№18) деген тақырыптарынан да айқын көрініс тапқан. Мазмұн жағы да жаңадан мектептер ашу, сауатсыздықты жою, ұлт кадрларын тәрбиелеудің өзекті мәселелерін жан-жақты ашып көрсеткен. «Қазаққа ғылым керек, өнер керек. Сол екеуінің анасы – мектеп керек! Мектеп керек!» – деп жазды газет №2 санындағы бас мақаласында. Яғни, «Еріктің» тұңғыш редакторы Төлепкерей Өтеулиев пен оның қосшыларының халқын сүйген, оның мүддесі жолында отқа да, суға да түсетін, көзі ашық, көкірегі ояу, ең бастысы нағыз ұлтжанды азаматтар болғанын ықыласты, мақтаныш сезіммен атап айтамыз.

Міне, 20 000 нөмірдің қайнар бастауында кімдер тұрғанына тоқталдық. Енді кеңестік қытымыр саясаттың салқыны тимеген сала қалмаған жетпіс жылдың өзі жарық көрген елу жылға тарта уақытта газет те сол дәуірдің үні болып, жылнамасын жасады. Соған сай атауы да сан мәрте өзгерді: «Жұмыскер тілі» (1924 ж.), «Жем жұмысшылары» (1932 ж.), «Социалды құрылысқа» (1933 ж., қыркүйек), «Социалды құрылыс» (1933 ж., қараша), «Социалистік құрылыс» (1938 ж., қаңтар), «Коммунистік еңбек» (1963 ж., мамыр), «Атырау» (1990 ж., маусым). Бірақ, мұның бәрі шартты атаулар ғана, қазыналы өңірдің төл басылымы ешуақытта бір орында қайырлап не тұралап қалған жоқ, талай-талай шыңдалу белестерінен өтті. Қалай аталса да, халықтың көзі мен құлағы, сенімді мінбері бола білді.

«Өткенсіз бүгін жоқ» деген ғой халқымыз, әр жылдар легінде облыстық газеттің деңгейін төмендетпей, ұдайы бұқарамен біте қайнаған байланыс орнатып, халықтың үніне айналдырғандар қатарында Серікқали Жақыпов, Ғатау Махамбетов, Зәйтүн Сыздықов, Шияп Қожахметов, Сағат Төлебаев, Сүлеймен Сауырғалиев, Мәди Байтұрсынов, Абдолла Құрманаев, Хабир Нұрмұхамедов, Түсіп Бисекенов,  Құмар Кенжеғалиев, Теңдік Жауыров, Қилыбай Қуанышбаев есімдерін құрметпен атап, рухтарына тағзым етеміз. Олардың қай-қайсылары туралы да бүгінде жинақталған естеліктер бар, бұл бұған дейін үш  мәрте арнайы жинақ болып жарық көрген. Енді 100 жылдық мерейтойға орай тағы бір су жаңа «Қалам ұшындағы ғасыр» атты кітап «Атырау-Ақпарат» баспасынан басылып шықты.

Сол 20 000 нөмірдің шығуы бұдан жеті жыл бұрын редакция ұжымында қуанышты оқиға болды. Сол тарихи нөмірді шығарған редакция ұжымының суреті орталық көпірден Еуропа жаққа  түсер тұсқа ілініп, бір ай бойы тұрды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңына тұспа-тұс келген қуанышты сәтті Атырау қаласындағы «Кең Жылыой» мейрамханасында салтанатты жағдайда атап өттік. Әрине, редакцияда тоқсан үшінші жыл белесіндегі өзіміздің жұмысымызды да саралауды ұмытқанымыз жоқ, өйткені, бұл біздің ұдайғы да дәстүрлі үрдісіміз болатын. Сол кезде редакцияда жігерін жанып, жалындап жұмыс жасаған қызметкерлердің есімдерін де бүгінгідей мерекелі сәтте атай кеткен жөн. Үлкені бар, кішісі бар, Нұрлан Қабылов, Ағиба Қатешова, Меңдібай Сүмесінов, Бақытжан Жұмат, Азамат Базарбаев, Гүлзада Ниетқалиева, Алтыншаш Құрмашева, Баян Жанұзақова, Гүлжан Әмірова, Нұргүл Ысмағұлова, Дәулетқали Аруев, Лиза Сейтімова, Ерлан Алтыбаев, Амандық Абдолов, Нұржан Матаев, Рита Өтеуғали, Мәлике Қуанышева, Дәурен Мұхамбеталиев, Айнагүл Жолдыбаева, Сая Рамазанова, Алтын Шомажанова, Эльмира Әбілқайырова, Айнагүл Ерболова және басқаларының еңбегі ерен еді.

Сол жылы біз шағын және орта кәсіпкерлік мәселесіне, кәсіпкердің жағдайына және бизнесті дамытудың өзекті проблемаларына арнап «Бизнесмен» арнайы қосымшасын шығаруды қолға алған едік. Онда бизнесті қалай бастау керектігінен бастап, осы саладағы озық бизнесшілер тәжірибелері мен проблемалары кеңінен жазылуда болатын. Редакция алқасымен ақылдаса келе мұндай А3 форматындағы газеттің 4 бетінен (газет ішіндегі газет) тұратын тағы да қосымшалар ашуды, оның жауапты шығарушысы болатындығы, әрі әр қосымша айына бір рет шығып тұратындығы туралы мәміле жасалды. Сөйтіп, көп ұзамай «Шипа» (денсаулық мәселелері), «Ұлағат» (оқу-тәрбие), «Инновация+» (озық технологиялар мен жаңашылдық қадамдар хақында), «Атажұрт» (ауыл шаруашылығы), «Сергектік» (дене шынықтыру және бұқаралық спорт) және басқа да  арнайы қосымшалар пайда болып, оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Бір ғажабы, оқырмандар өз ой-пікірлерін сол қосымшаларға деп атын атап, түсін түстеп жолдайтын болды.

Сол кезеңде облыстық газет аймақ экологиясы мен қоршаған орта мәселесіне де баса көңіл бөлді. Мәселен, «Өзеннен теңізге дейінгі жол, оның да тұйықталып қалу қаупі бар», «Еділ-Жайық каналы елді су тапшылығынан құтқара ма?», «Жайықтың жанайқайы – екі елдің ортақ мәселесі», «Теңізге келер қауіп қайдан?» және басқа да журналистік сараптамалар және ғалымдардың өзекті тақырыптарға мақалалары бұл саладағы жұмыстарға айрықша қозғау салғанын атап айтқан ләзім. «Отбасы – қоғамның іргетасы» айдарымен озық салт-дәстүр, жанұя жарастығы, жас жанұялар мен өнегелі отбасылар туралы жүйелі жазылды. Редакция бұл орайда бірнеше «дөңгелек үстел» басындағы әңгімелер де өткізді.

Ал, сол жылы облыстық газет тағы бір жаңа жобаны қолға алып,  «Ауылым – алтын бесігім» айдарымен «Атамекен» экспедициясын ұйымдастырды. Ол Исатай, Құрманғазы, Махамбет, Мақат аудандарындағы шалғай елді мекендердің елеулі проблемалары туралы көлемді материалдар сериясын жариялады. Ол проблемалар тиісті орындарға жолданып, шаралары алынды. Бұл ауыл тұрғындары үшін біздің тарапымыздан үлкен көмек болды. Бұл бөле-жара айтатын құнды бастама еді…

Өзім облыстық газеттің 100 жылының бақандай он жылында басылымға басшылық еткен шақта бар күш-жігерімді, қажыр-қайратымды, шығармашылық мүмкіндігімді аямай жұмсадым, адал еңбек еттім деп айта аламын. Осы орайда журналистика жампозы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Жанболат Аупбаев ағамның мына бір ғақлия пікірімен түйіндегенді жөн көрдім: «Бас редактор дегеніміз – погонсыз генерал, атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым докторы, патентсіз өнертапқыш, лицензия алмаған конструктор, халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер. Погонсыз генерал болатының – газет бетінде стратегияны белгілеп, түрлі тактика қолданасың. Билік пен оқырманның арасында елшілікке жүресің. Түн ортасында, басылымның соңғы бетін баспаханаға жіберер алдында: «Осы материал қалай өзі?» дейтін қиын жағдайлар туындайды. Ол кезде саған ешкім көмекке келмейді. Мұндайда тек білім мен білігіңе, ішкі интуицияңа сүйенесің. Сөйтесің де, ұстараның жүзінде отырып, ең соңғы шешімді қабылдайсың. «Тәуекел!» дейсің. Патентсіз өнертапқыш дейтінім – газетті оқыту үшін үнемі тың идея ойлап табуға тиіссің: Жаңа тақырып, жаңа кейіпкер, жаңа айдар, жаңа штрих…». Айтқаны – айна-қатесіз ақиқат. Сондай сансыз күндер мен түндерді жанкештілікпен өткізгенім үшін де өзімді бақытты санаймын.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингі Бас директорының орынбасары, газеттің 2010-2020 жылдардағы Бас редакторы,

ҚР Мәдениет қайраткері,

ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз