
Жылыойда жұмыссыз аналар кәсіпке оқытылуда
Атырау облысы Жылыой ауданындағы жұмыссыз аналар 5 түрлі мамандық бойынша оқытылады. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Белгілі болғанындай, жыл басынан бері өңірдегі «Зейін-Атырау» қоғамдық қоры «Қадам» жобасын жүзеге асырып келеді. Аталған жоба биылғы қараша айына дейін жалғасады. Жоба аясында былтыр 25 қыз-келіншек оқытылған болса, биыл олардың саны 50-ге көбейді.
Қатысушылар биыл 5 бағыт бойынша оқиды. Олар маникюр, макияж, шаштараз, тігін саласы және СММ курсын таңдай алады. Барлық қатысушыға арналған компьютерлік сауаттылық курсы да бар.
Айта кету керек, былтыр ғана бастау алған бұл жобада 25 қатысушының ішінде 18 қыз-келіншек оқыған бағыты бойынша әрекет етіп, еңбекке араласты. Бүгінде оның алтауы кәсіпкер атанса, 12-сі тұрақты жұмысқа орналасып отыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА