Жарнама
Әлеумет

«Жүректерді жақындастыратын өнер»

Облыс орталығындағы Қарттар үйінде жылулық пен мейірімге толы концерт өтті. Бұл өнер кешін «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры жанындағы «Талшын» инклюзивті театры ұйымдастырды. Өнер ұжымы өз шығармашылығы арқылы қарттарға қуаныш сыйлап, жүректеріне жылу ұялатты.


Кештің жүргізушілері – Дәурен мен Гүлденнің ізгі тілегімен басталған шарада әрбір нөмір көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп отырды. Алғашқы болып сахнаға көтерілген Әлия апай «Билеші» әнін орындап, көрерменді биге шақырып, кештің шымылдығын ашты.
Одан кейін сахна төріне театр әртістері шығып, көңілді флешмоб биін ұсынды. Қарттар қуанышпен қол соғып, көтеріңкі көңіл-күйде кешке белсене араласты.
Осыдан кейін басталған «Ән жалғастыр» интеллектуалды ойыны көрермендердің белсенді қатысуымен өтті. Олар танымал әндердің сөзін жалғастырып, естен кетпес әсер алды.
Кеш барысында шын жүректен орындалған әндер қатарында Жасұланның «Іңкәрім-ай» әні, Гүлден мен Әйгерімнің «Асыл досым» дуэті, Әйгерімнің «Шынарым-ай» әні көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар, Есболат пен Әлия апаның орындауындағы «Тағы да вальс» биі де ерекше ықыласқа ие болды.
Көпшілікті тебіренткен тағы бір сәт – Армангүл апамыздың орындауындағы халық әні – «Қызыл гүлім-ай» еді. Айтқандай, ән тыңдармандарды балалық шаққа, өткен жылдарға жетелеп, сағынышқа толы сәттер сыйлады.
Кеш соңында барлық қонақтар ортаға шығып, ән мен биге қосылды. Есболаттың орындауындағы «Достарым менің золотой» әнімен концерт өз мәресіне жетті.
— Біз жалғыздықтың не екенін жақсы түсінеміз, өйткені көпшілігіміз өмір жолында түрлі жарақаттардан кейін ұзақ оңалту кезеңінен өттік. Сондықтан, біздің өнеріміз қарт адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлап, жанын жадыратса – бұл біз үшін ең үлкен марапат, – деп әсерімен бөлісті театр актрисасы Армангүл Мамбетова.
«Талшын» инклюзивті театры былтыр «Biz de adambyz» қоғамдық қорының бастамасымен және «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен құрылды. Қазіргі таңда бұл ұжым ерекше жандардың шығармашылығына жол ашатын кең ауқымды ортаға, шынайы «Шекарасыз өнер» кеңістігіне айналды.
Атырау қаласында вокал, хореография, арт-терапия және актерлік шеберлік бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Ал Құлсары қаласында қолөнер, ән және би бағыттарындағы шығармашылық топтар ашылған. Қазір 90-нан астам адам бұл үйірмелерге тегін қатысып, өз талантын шыңдаумен қатар, жаңа достар тауып келеді.
Жуырда ғана ұжым «Әпке» спектаклінің тұсаукесерін өткізді. Қазір жаңа қойылымға дайындық жүріп жатыр. Алда – жазғы маусымның қорытынды концерті. Күзде театр ұжымы көрермендерін тың жобалармен қуантуды жоспарлап отыр және облыс аудандарына гастрольдік сапарға шығуды мақсат етуде.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button