Жауапты министрлік еңбек заңнамасын бұзатын жұмыс берушілерді алдын ала анықтай алады
Мемлекеттік еңбек инспекциясының функциялары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Жұмыс берушілерді тексеру саны 8%-ға өсті. Нәтижесінде оларға сомасы 322 млн теңгені құраған 3 мыңға жуық айыппұл салынды. ОКҚ алаңында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов атап өткендей, негізгі бұзушылықтар жалдау және жұмыстан босату, жалақы бойынша берешек, еңбек шарттарын жасаспау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жалақыны уақытылы төлемеуге қатысты болды.
«Жыл басынан бері 15 мыңға жуық қызметкерге жалақы бойынша қарыз көлемі 3,3 млрд теңгені құрады. Қабылданған шаралардың арқасында 13 мың қызметкерге 2,6 млрд теңге берешек өтелді», – деді спикер.
Азаматтардың құқықтарының сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту мәселесі тұрақты жетілдіріліп жатыр. Профилактикалық бақылау жүйесі тексеру парақтары арқылы автоматтандырылады. Бұл еңбек заңнамасын бұзатын жұмыс берушілерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Оларға қатысты тиісті ден қою шаралары қабылданады. Ал заңнаманы бұзбайтын адал жұмыс берушілер мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан тексерілмейді.
Аталған шаралар кәсіпорындардың цифрлық картасы негізінде жүзеге асырылады, оның шеңберінде еңбек тәуекелдері картасына әдіснамалық тәсілдер әзірленді. Бұл жосықсыз жұмыс берушілерге қатысты барлық тәуекелді жедел режимде талдауға мүмкіндік береді. Мониторинг жүйесінде 13 мыңнан астам жұмыс беруші бар. Сәуір айында карта іске қосылғаннан кейін проблемалы кәсіпорындардың саны 14%-ға төмендеді.