Жарықтың «ЖЫРЫ» жалғасуда…
Соңғы кезде әлеуметтік желіде «Бізде жарық өше береді», «Атырау Жарық» жұмыс жасай ма өзі?» деген сынды тұрғындардың жазбаларынан көз сүрінеді. Расында, жарық жалп етіп неге өше береді? Аталған мәселе «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Нәсіп Шалабаеваның төрағалығымен өткен кезектен тыс отырыста талқыланды.
– Тұрғындар электр энергиясымен қамтамасыз ететін мекемелердің жұмысына наразылық білдіруде. Өйткені, жарықтың жиі өшуі түрлі қолайсыздық пен тұрмыстық техниканың істен шығуын тудырып отыр. Партияның басты міндеті – халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, билік органдарына жеткізу болғандықтан, аталған мәселенің оң шешілуіне ықпал етуді қарастырамыз, — деген Нәсіп Хисметоллақызы тұрғындарды толғандыратын қандайда болмасын мәселе партия назарынан тыс қалмайтынын атап өтті.
Жиында «Атырау Жарық» АҚ-ның президенті Мейірбек Губашев өңірдегі электр желілерінің 40 пайызға тозғанын, күні бүгінге дейін жамап-жасқап жүргендерін жасырмады. Мәселені шешу мақсатында қала әкімдігі мен «Атырау Жарық» акционерлік қоғамы келісімшарт жасаған.
– Соған сәйкес, жалпы ұзындығы 32 км желі заманауи үлгідегі кабельдерге ауыстырылатын болып шешілді. Айта кету керек, электр қуатын жеткізуші желілердің қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің балансында болғандықтан жарықтың өшу себебін анықтау оңай болмады. Жүйелі жұмыстың нәтижесіндеэлектр энергиясын тасымалдайтын 6 / 10кВ кабельдік желілердің зақымдалғаны белгілі болды. Қазір Нұрсая шағынауданындағы Елорда даңғылында, Жеті қазына шағынауданы мен Құрманғазы, Қуанышбаев көшелерінде, Сарықамыс шағынауданында ұзындығы 3435 метрді құрайтын бағаналарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді сала басшысы.
Жарыққа жауапты мекеменің бірі «KEGOC» АҚ Батыс жүйеаралық электр тораптары филиалының директоры Константин Чернохаев электр желілерінде орын алуы ықтимал қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында автоматты жүйе іске қосылатынын, сол мезгілде көптеген тұтынушылар электр қуатынсыз, яғни жарық-жылусыз қалатынын тілге тиек етті. «Облыстың энергетика кешенін түбегейлі жақсартып, сапа мен сенімділікті нығайту мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда» деді ол.
Атырау қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қаршыға Жауымбаев жарықтың жиі өшуіне халықтың кінәсі жоқ екенін алға тартты.
– Халық тұтынушы ретінде жарықтың ақшасын төлеп отыр емес пе? Қолдарына түбіртек тиген бойда бірінші кезекте электр қуаты үшін есептеседі. Өйтпеген жағдайда, «Атырау Жарық» ештеңеге қарамай желіден қиып кететінін жақсы біледі. Енді неге халық зардап шегу керек? — деген халық қалаулысы бұқараның үнін жеткізді.
Осы тұста облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспан, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Оспанов өзекті мәселені шешу үшін бірлескен жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Жарыққа жауапты мекемелердің қатысуымен өткен жиында айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, энергетика саласындағы жағдайды жақсарту бағытында нақты іс-шаралар қолға алынады деп сенеміз.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА