Тылда шыңдалған тағдырлар
Жеңіс мейрамы жақындаған сайын атам Өтепберген Қабдолұлы мен әжем Үміт Сұпығалиеваның балалық шағындағы қиын-қыстау күндері ойыма оралады. 1941 жылы соғыс басталғанда атам мен әжем небәрі он жаста болған екен. Сол жылдары әке-шешесіне қолғабыс жасаған атам колхоздың қойын бағып, екеуі де қолорақпен пішен шапқан. Оны жинап, түйе-арбаға тиеп қыстақ басына тасуға көмектескен.
1931 жылы Новобогат ауданының Мыңтөбе ауылында дүниеге келіп, ауылдағы К.Маркс мектебінде білім алған атам есейе келе әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеген.
1958 жылы Новобогат селосындағы №66 ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесіне өндірістік оқу шебері болып орналасады. Дәл осы кезеңдегі бұл оқу орнының ерекшелігі тек қана басшысы емес, мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлерінің басым бөлігі өзге ұлт өкілдері еді. Училище директоры әйгілі Курск шайқасына танк батальонының командирі ретінде қатысып, танк ішінде өртенген, ұзақ емделіп, өмірге қайта оралған гвардия майоры А.Волков болса, орынбасары да майдангер Л.Архангельский еді. Бұлардан басқа аға өндірістік оқу шебері Л.Ишут, мұғалімдері Н.Честных, Л.Овчинниковалар да училище құрылған кезде ұжымның қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Бұлардың бір ерекшелігі – жергілікті кадрларға сенім артып, оларды тәрбиелей білді. Солардың қатарында болған менің атам да бір жылдан соң, жауапкершілігі мол аға өндірістік оқу шебері болып тағайындалды.
Оқу орнында экскаватор машинистері, бульдозершілер, автоскрепершілер, автокран жүргізушілері, басқа да сол кездегі өте күрделі мамандық иелері дайындалушы еді. Бұл мамандықтардың кейбіреулерін елде тек осы оқу орны ғана дайындады десе болғандай. Училищеде он бес шақты оқу топтарының шеберлерімен жұмыс, өндірістік тәжірибелерді ұйымдастыру тікелей Өтепберген Қабдолұлының жауапкершілігінде болған. Осы лауазымға тағайындалған 1959 жылдан бастап, кәсіптік-техникалық училище 1971 жылы Атырау қаласына көшкенше жауапты қызметте болған атамыз өзін осы саланың шын шебері ретінде көрсете білді. Училище қалаға көшкенде барлық техниканы жеткізу, жаңадан ашылған оқу-жаттығу шеберханаларын жабдықтау жауапкершілігін өз мойнына алып, сегіз ай абыроймен жұмыс істеген соң ауылға оралды.
Оқу орнының түлектері өндірістік тәжірибені тек Гурьев облысының аумағында өткізбейді, Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Жамбыл облыстарындағы республикалық маңызы бар су каналдарын қазуға атсалысатын. Сондықтан аға шебер әрі өндірістік тәжірибеге жауапты маман ретінде осы облыстардағы әр топпен бірге болып, олардың жұмысын үйлестіретін де атам еді.
Оның бұл саладағы еңбектері лайықты бағаланды да. Кәсіптік-техникалық білім беру жөніндегі КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік комитеттерінің Құрмет грамоталарымен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды, селолық кеңестің депутаттығына, мекеме партия ұйымы хатшылығына сайланды.
Ауылдағы мектеп жанынан ашылған облыстық арнаулы мектеп-интернаты директорының орынбасары, кейін мұғалім болып 1995 жылы өзі Атырау қаласына қоныс аударғанша жұмыс істеді. Тыл ардагері атам еңбексүйгіштігімен, не нәрсеге де мойымайтын сабырлы, жинақы, ішкі ұстанымының мықтылығымен елдің есінде қалды.
Ал, Бегайдар жерінде дүниеге келген Үміт әжем ауылдағы Максим Горький атындағы мектептe білім алған. 1941 жылы жазда колхоздың қозысын бағып, еңбекке ерте араласады. Он жасынан мал соңында жүру оңай емес, дегенмен жастайынан шыныққан ол соған төзіп тер төгеді. Шағылдан өзі қазған құдықтан қауғалап су тартып, оны иінағашпен тасып қой суаруға да жан аямай үлес қосты. Құмаршықтың дәнін қолдиірменге тартып, нан пісіріп, қуырып талқан дайындаған. Ал, қияқтың сұлысын жинап кептіріп, келіге түйіп, қабығынан арылту да зор бейнет еді. Сосын оны да диірменге тартып, нан, ас-ауқат дайындау – тылдағы еңбектің түрі сол.
1949 жылы аудандық статистика басқармасында статист маман болып жұмыс істеп жүріп, медициналық мамандар даярлайтын мектепке оқуға қабылданады.
Жеті кластық білімі бар жас қыз Гурьев қаласына келіп, медициналық мектептен білім алып, оны 1951 жылы тәмамдаған. Сол жылы қалалық аурухана бірлестігіне қарасты жұқпалы аурулар бөлімшесіне жұмысқа орналасады. Бес жылдай еңбек етіп, кейін мұнайшылар ауруханасында мамандығы бойынша жұмысын жалғастырады. Тәжірибесі толысқан маман Гурьев санаториясында да екі жылдай қолтаңбасы қалды. Бұдан соң Гурьев өкпе аурулар емханасында еңбек еткен ол 1961 жылы Maхамбет ауданында, кейін Новобогат ауданындағы «Шәлік» медициналық пунктінде бес жылдай меңгеруші болып жауапкершілік арқалады. Одан арғы еңбек жолын Новобогат селосындағы өкпе аурулар ауруханасында аға мейірбике болып жалғастырған әжем 1980 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Еңбексүйгіш, ынта-жігері мол, қиындыққа мойымаған қайсар жан бүгінде тоқсанның төртеуінде болса да, ұрпақтарына өнеге-үлгісін айтып отырады.
Жастайынан өмір мектебінде шыңдалған атам мен әжем секілді еңбексүйгіш ұрпақ көп болсыншы деп тілеймін!
Айдана ҚАБДОЛОВА,
Атырау қаласы