Жарнама
Әлеумет

«Томирис» бәрін үйретеді

ЖУЫРДА ӨҢІРДЕ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІҢ КӨШБАСШЫЛЫҚ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТЫП, ҮЙРЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН «ТОМИРИС» АҚПАРАТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛАДЫ. БИЫЛ 50-ГЕ ТАРТА ЖОБА ҚАТЫСУШЫСЫ БЕС КҮН БОЙЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ БЕЛГІЛІ КОУЧ, ТРЕНЕРЛЕРДІҢ СЕМИНАР-ТРЕНИНГІНЕН ДӘРІС АЛЫП, БІЛІМДЕРІН ЖЕТІЛДІРЕ ТҮСПЕК. БАҒДАРЛАМАҒА НЕГІЗІНЕН КӘСІБІН ЖАҢАДАН БАСТАҒАН БИЗНЕС-ВУМЕНДЕР, КВАЗИСЕКТОР, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР, ТІПТІ, ДЕКРЕТТЕГІ АНАЛАР ДА ҚАТЫСА АЛАДЫ.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуованың айтуынша, жобаға қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Яғни, өзінің лидерлік қабілетін дамытуға ден қойған қыз-келіншектер «Томириске» қатысу арқылы есімдері елге белгілі тренерлерден тегін дәріс ала алады. Бұл бағдарламаға қатысу екі кезеңнен тұрады. Біріншіден, жобаға қатысуға ниет білдірген жан тіркелу үшін 200-250 сөзден тұратын мотивациялық хат жолдап, өзін таныстырады. Онда жобадан не күтетіні, осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері де көрсетілуі тиіс. Екінші кезеңде іріктеуден өткен қатысушылар онлайн, офлайн арқылы мықты тренерлердің дәрісін тыңдайды.

– Биыл да 50 атыраулық қыз-келіншекті қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағдарлама облыстық деңгейде болғандықтан, оған ауданымыздағы қыз-келіншектер де қатыса алады. Осылайша, біз нәзікжандылардың бойындағы көшбасшылық қабілеттерін дамыта отырып, белсенді әйелдер пулын қалыптастырамыз. Олар да өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне атсалысатын болады. Үміткерлерге қойылатын басты талап – жоғары немесе орта білімдерінің болуы. Іріктеу кезінде басымдық жаңадан кәсібін бастап жатқан әйел, қыз-келіншектерге беріледі. Жалпы, қоғамда өз ойын еркін, ашық айтып жүрген белсенділер де қамтылады. Қызметтің әртүрлі кезеңінде жетістіктері болуы құпталады, — дейді Гүлнұр Жалғасқызы.

Бұл жобаны әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Инфо орталық» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырмақ. Бүгінде жобаны ұйымдастыру жұмыстары басталып кеткен.

Иә, «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» әйел-ананың қоғамда рөлі мен орны өзгеріп келеді. Қазір елде гендерлік саясатқа айрықша маңыз беріліп, қыз-келіншектердің көшбасшылық қасиетін дамытуға ден қойылып отыр. Облыста мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген қызметкерлердің 40 пайызы, өңірлік деңгейдегі депутаттардың 27 пайызы – нәзікжандылардың үлесінде. Осыдан оншақты жыл бұрын аймақтың шағын және орта бизнесінде небары 25 пайыз әйелдер болса, бүгінде олардың қатары көбейді. Қазір өңір кәсіпкерлерінің тең жартысы – бизнес вумендер. Ал, квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің 70 пайызы – бір-бір шаңырақтың ұйытқылары.

Демек, қай істе болмасын, ақылмен шешім қабылдап, бірінші басшы болуға лайықты әйелдердің білімін жетілдіруге баса назар аударылуы тиіс. Адамзат пайда болғаннан бастап-ақ ер-азаматты – отбасының қорғаны, асыраушысы, ал әйелді – шаңырақтың ұйытқысы, өмірге ұрпақ әкелуші етіп жаратты. Сондықтан, ықылым заманнан бері ерлер нәзікжандылардан бір саты жоғары келеді. Қазір де солай.

Табиғат жаратылысына ешкім қарсы тұра алмас. Алайда, әр дәуірдің өзіне тән ерекшеліктеріне сай бүгінде қыз-келіншектердің қоғамда алар орны өзгерді. Сұрапыл соғыста ержүрек майдангерлермен бірге кеудесін оққа тосып, жауға қарсы күрескен батыр қыздарымыздың ерлігін ешкім ұмыта қойған жоқ. Ал, 90-шы жылдары елде тоқырау басталып, зауыт-фабрикалар жабылып, отбасы асыраушылары жұмыссыз қалған қиын-қыстау кезеңде балаларының қамы үшін әйел заты да ала дорба арқалап, отағасына қолдау білдірді.

Сол бір аласапыран шақта талдырмаш нәзікжандылар иығына алпамсадай азаматтар көтеретін ауыр жүкті артты. Үй ішіне береке сыйлап, балалары мен ер-азаматтарының астамағын даярлап, бабын келістіріп отырған аналар асүйдегі орнын қыстың бет қаратпас аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан базарға, саудаға алмастырды. Әйел затының нәзік жүрегі мұндай ауыртпалықты қаламаса да, солай істеуіне тура келді.

Міне, сол уақыттан бері тәуелсіз елде гендерлік с аяс ат, әйелдер көшбасшылығы қызу талқылана бастады. Өйткені, жанұясының қамы үшін еңбек етуден, білім алудан тайынбаған әйел — аналар үлкен істе де жауапкершілікпен шешім қабылдап , бір — бір кәсіпорынға жетекшілік етіп, бір-бір кәсіпті шырқ үйіріп әкетті.

– Елде жұмыссыздық көбейіп, халықтың тұрмысы төмендей бастаған кезде әйел адамдар азаматтарының жанынан табылды. Қиналғанда көмек қолын созып, жұмыс түрін таңдамай-ақ еңбек етіп, үйге табыс әкеле бастады. Ал, бүгінде бойындағы қасиетін жан-жақты дамыта білген қыз-келіншектер көш басында жүр, — деген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы әйелдердің басқарушылық, көшбасшылық қасиеттерін дамытудың маңыздылығымен бөліскен болатын.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button