Жарнама
Әлеумет

«Тең қоғам». Тең мүмкіндік

Елімізде мүгедектердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың саны артып келеді. «Жұмыспен қамту-2020», «Даму-Көмек», «Кедергісіз келешек» бағдарламалары соның дәлелі. Республиканың әр өңірінен ашылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасайтын «Тең қоғам» орталықтарын да ерекшелеп айтуға болады. Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша сәуір айынан бастап ашылған аталған орталық бүгінде 18 бен 63 жас аралығында мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуде.

«Тең қоғам» орталықтарының ең басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуына ықпал ету, олардың жұмыс іздеуіне мүмкіндік туғызу, сонымен қатар қамкөңіл жандарды тұрмыстық, әлеуметтік дағдыларға, жалпы осы мақсатты топтың біздің қоғамға лайықты сіңісіп кетуі үшін қажетті барлық дағдыларға үйрету кезінде ақпараттық, заңдық, психологиялық, техникалық, ресурстық қолдау көрсету.

Орталық  азаматтарға психологиялық, құқықтық, қаржылық кеңес берумен қатар, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ,  емдік дене шынықтыру), көз жанары нашар көретіндердің цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс жасауда. Сонымен қатар, бұдан бөлек көркемөнерпаздар үйірмелері (сурет, қолөнер, вокал, эстрадалық вокал, би) мен демалыстың оңалту түрлерін де (иппотерапия, саз терапиясы, библиотерапия,  емдік бассейн,  тұзды  шахта, массажды кресло, т.б.) ұйымдастырады. Әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету түрлері мәселен, мереке күндерін, мерейтой мен туған күндерді атап өту, экскурсия мен театрларға, көрмелерге, концерттерге баруды ұйымдастыру да аталған орталықтың құзыретінде.

«Тең қоғам» өкілдерінің саз терапиясы, қолөнер сабақтарында өз қолдарымен жасаған бұйымдарын қалалық жәрмеңкеге шығарады. Сондай-ақ  мұндағы қызметкерлер мүгедектегі бар жандардың тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесіп, түрлі қоғамға қажетті мамандықтарды игеруде курстардан өтіп, грант және несие алуға жәрдемдесуде. Мәселен, бүгінге дейін 10-ға жуық адамды жұмысқа орналастырып, тағы  2 адамның грант ұтып алуына мүмкіндік жасаған.

 «Тең қоғам» орталығының үйлестірушісі Гүлмира Жамалова осы іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне мүдделі болып, жауапкершілік танытып, әр сабақтың ерекше түрде және қызықты өтуіне айрықша мән беруде. 

– Біздің орталықтың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру, қолдау білдіру. Атап айтарлығы, мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқандықтан «Тең қоғамның» адамдарға ұсынатын қызмет түрлері тегін, — деді орталық үйлестірушісі.  

Бұл жерде  белсенді  қызмет алушылардың қатарында II топ мүгедегі  Бақтыгүл Дәулетбекова да бар. Осы орталыққа сәуір айынан бастап тіркелген ол сурет, сазды терапия, вокал үйірмесі, үстел теннисі,  иппотерапия, бассейн сияқты  үйірмелерге үздіксіз қатысып келеді. Орталықтағы спорттық шараларға да  белсенді атсалысатын ол «Тең қоғам» орталығының жұмысына риза екендігін айтады.

­–  Мұндағы қызметкерлердің кәсібилігіне, әсіресе қызмет алушылармен тіл табысуына тәнтіміз. Тағдыр талайымен мүгедектікке душар болғандар он екі мүшесі сау адамдарға қарағанда қамкөңіл жүреді және еркін жүріп-тұра алмайтындықтан үнемі әр нәрсені арман ғана көреді. Сондықтан біздер үшін осындай ерекше жағдай жасалған орталықтар аса қажет, — дейді ол.

 Ең бастысы, 400-ден аса қызмет алушысы бар «Тең қоғам» орталығы  мүмкіндігі шектеулі жандардың өзге адамдармен тең дәрежеде өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, олардың бір сәт болсын көңілдерін көтеріп, толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік жасауда. Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар қашан да мемлекет қамқорлығынан қол үзген емес.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button