Тасқыннан кейінгі Құлсары
Бүгінде Жылыой ауданындағы су тасқынына тура 70 күн болыпты. Аудан орталығы – Құлсары қаласына төнген тілсіз жаудың салдарынан 3 мыңға жуық тұрғын үй мен түрлі нысанды су басып, 36 мыңнан астам адам, 20 мың бас мал қауіпсіз жерге көшірілген болатын.
Өкініштісі, осы жағдайдың кезінде төрт адам қаза тауып, үш отбасы қайғы жұтқан еді. Суға кеткен үйін көріп келуге барған әкелі-балалының денелері тоғыз күннен соң үйлерінен бір шақырым қашықтағы терең судан табылса, тағы екі ер адам мінген көліктері аударылып, қайтыс болған.
Бас-аяғы бірнеше сағатта қаладағы 3 мыңға тарта үй мен инфрақұрылым су астында қалып, тұрғындар тентіреп кетті. Содан бері ауданда төтенше жағдай жарияланып, қаланы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Оған жергілікті атқарушы билік өкілдерімен қатар, төтенше жағдай департаменті мен полицейлер, жергілікті белсенділер, кәсіпкерлер, облыстың, республиканың түкпір-түкпірінен алаңдаған жұрт қолұшын созып жатыр.
Қазіргі таңда су тасқыны кезінде бүлінген жолдардың жағдайы қалпына келтірілуде. Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, бүгінде қаланың тасқын кезінде бүлінген шағынаудандарында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Тасқын судан зардап шеккен шағынаудандардың инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Мәселен, қазіргі уақытта «Автожолшылар-2» шағынауданында асфальт жолдары қалпына келтіріліп жатыр. Сондай-ақ, жоспарланған жұмыстар да қосымша атқарылуда. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын, қасбеттерін қайта жаңғырту, тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар ойын алаңдарын жаңғырту және жаңадан салу жұмыстары жүргізілуде, — деді аудан әкімі Ж.Қаражанов.
Сонымен қатар, орталық ауруханаға кірме жол, тасқын судан бүлінген Қожанов көшесін қалпына келтіру жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме «Казком сервис» ЖШС болып табылады. Қала бойынша су шайған жолдарды қалпына келтіру жұмыстарын күзге дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакованың айтуынша, тасқын басталғалы бері ауданда су арқылы тарайтын жұқпалы аурулар тіркелмеген. Бұл бағытта мамандар судың сапасын бақылауға арналған сынама тұрақты түрде алынып отырғандығын айтады.
– Мамандар ауыз су және ашық су көздеріне тиісті зерттеулерді апта сайын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда, тасқын болған аумақтардағы ауыз су сапасы гигиеналық талаптарға сәйкес келеді. Десе де, Құлсары қаласы, Махамбет, Индер аудандарындағы судың сапасы жіті бақылауымызда. Тұрғындарды ашық су көздерін ауыз су ретінде тұтынбауға шақырамын, — деді А.Искакова.
Су тасқынынан соң қала тұрғындарын сары уайымға салған баспана мәселесі де біртіндеп бірізге түсіп келе жатқандай. Құлсарыда 2 мыңнан астам тұрғын баспананы қалпына келтіру мақсатындағы өтемақыны алу шартына қол қойған, қазіргі уақытта 1500-ден астам адамның жеке шотына өтемақы түсті.
Бүгінде қаладағы көпқабатты 36 үйдің қасбеті мен шатырларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Қазіргі уақытта 18 үйді жөндеу үшін мердігер мекеме анықталып, 13 үйдің сыртқы жұмыстары жүруде. Оған 4 құрылымнан 100-ден астам жұмысшы жұмылдырылып отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылар тобы Құлсары қаласында су айдау жұмыстарын жүргізуде. Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың мәліметінше, аудандағы су тасқыны басталғаннан бері 1 млн. текше метрден астам су шығарылған. Тасқыннан кейінгі қаладағы суды сору жұмыстарына Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмылдырылған.
Осы жұмыстармен қатар, биыл Құлсары қаласын абаттандыру бағытында 3 ауқымды жоба жүзеге асырылатындығы белгілі болды. Бұл туралы Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Адинов айтты.
– Құлсары қаласындағы шағынаудандардың аулалары абаттандырылады. Бұл жұмыстар аясында аулаішілік жолдар жөнделіп, автотұрақтар, балалар ойын алаңы, спорттық баскетбол, футбол алаңдары салынуда. Сонымен қатар, қаланың 11 шағынауданында әмбебап балалар ойын алаңдары және қаланың 38 көшесінде жаяу жүргіншілер мен веложолдар салынып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде, — деді шаһар басшысы.
Алмас ҚАБДОЛОВ