Таксиге талап күшейеді
Бүгінде такси қызметіне жүгіну қалыпты үрдіске айналған. Баяғыдай жол-жөнекей тұра қалып, адам жинап әкететін көліктер сирек. Әлі де болса мұның бір ізге қойылмай келе жатқандығы тағы бар. Қазір такси парктерінің тапсырыс беруге арналған мобильді қосымшалары бар. Сол арқылы тұтынушының тапсырыс беруі едәуір жеңілдеді. Әйтсе де соңғы кезде такси парктерінің жұмысын реттеуге қатысты мәселелер жиі қозғалып жүр.
Жуырда Парламент Мәжілісінде жаңа заң жобасы қаралып, елдегі таксилерге өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болу талабы енгізілетіні айтылып еді, пікір екіге жарылды. Бұл әсіресе жекеменшік көлігімен такси қызметін атқаратын азаматтарға онша жаға қоймаған сыңайлы. Өйткені Заң жобасы талқыланған алғашқы оқылымда тұрақты халықаралық, облысаралық және тұрақты емес автобус тасымалы, такси және олардың диспетчерлік қызметтерін, автовокзалдар, автостанциялар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметін ұйымдастыру функцияларын өзін-өзі реттеуге беру көзделгені айтылды.
Бүгінде елде халықаралық – 61, облысаралық – 189, тұрақты емес – 625, такси – 2833 тасымалдаушы жолаушы тасымалымен шұғылданады екен. Олар өз қызметін жалғастыру үшін Автотасымалдаушылар палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бірігуі керек екен. Inbusiness.kz сайтының дерегінше, жаңа жоба қабылданса, біраз такси паркінің қызметі заңсыз деп танылып, келесі жылы жабылып қалғалы тұр.
2025 жылы республика Парламенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын түпкілікті қабылдауды жоспарлап отыр. Оны қолдаған депутаттардың түсіндіруінше, бүгінде Қазақстанда Яндекс, InDrive, Maxim, Аparu, Tappy Taxi, басқа да таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшалары жұмыс істейді. Жаңа жобаға сәйкес, бұл сервистер, ұялы қосымшалар, такси агрегаттары енді «Автотасымалдаушылар палатасының» құрамында болуы тиіс. Яғни жолаушылар тасымалымен айналысатындар палата түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдардың (ӨРҰ) біріне мүше болуға міндеттеледі. Құрамына кірсе ісі өрге басады да, кірмегенін мәжбүрлеп жабу көзделіп отыр.
Осы арқылы Көлік министрлігі өзі атқарып келген бірқатар мемлекеттік функцияларды осы палаталарға жүктемекші. Сөйтіп, енді Қазақстанда жолаушылар тасымалы саласын министрлік емес, палата сипатында нарықтың өзі реттеп отырады.
– Заңда екі мәселе ескерілген, біріншісі – міндетті түрде мүше болу, екіншісі – ерікті мүше болу. Ал ірі такси агрегаторлары осындай өзін-өзі реттеу ұйымына немесе палатаға міндетті түрде мүшелікке өтеді. Егер такси паркі немесе такси агрегаторы оның мүшелігіне кірмесе, қызметі заңсыз деп танылады. Жалпы олардың қызметіне тыйым салу заңнамалық актілерде қарастырылған. Сондықтан осындай үлкен интернет платформалар өз қызметін сақтап қалғысы келсе, алдағы уақытта міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болады, — деді министр Марат Қарабаев.
Осыған байланысты атыраулық көлік жүргізушілерінің де пікірлерін білмек болып әлеуметтік желілердегі қалааралық, қалаішілік такси топтарына такси парктерінің жұмыстары мен жаңа заң жобасына қатысты сауалымызды жолдағанбыз. Құлсары қаласының тұрғыны Саламат Есалиев такси қызметіне үнемі шықпаса да, қолы бос кезде Атырау-Құлсары бағытында жолаушы тасымалдайтынын айтты. Құлсарыда «inDrive» қосымшасы белсенді жұмыс істейді екен.
– Мен осы қосымшаны пайдаланамын. Оның талабында автокөліктің оң жақ рульді түрі тіркеле алмайды, тек сол қынжылтады. Өйткені қазір көліктің көпшілігінің рулі оң жақта ғой. Осы арқылы отбасын бағып отырған қаншама адам бар, — деді С.Есалиев.
Ал ауысымдық әдіспен жұмыс істейтін Ақжар-2 ауылының тұрғыны Жасұлан Кемелов демалыс уақытында көлігімен «Яндекс» қосымшасы арқылы жолаушы тасымалдап тұрады екен. Оның айтуынша, «inDrive» қосымшасына қарағанда «Яндекс» қосымшасын пайдалану тиімді көрінеді.
– Әркім өзіне ыңғайлысын таңдайды. «Яндекс» қосымшасы қай жерде жүрсең сол маңдағы жолаушыны тауып береді. Ал «inDrive» 10-20 шақырым жердегі тапсырыстарды көрсетеді. Сол себепті нақты қай уақытта жететініңді де болжай алмайсың. Сосын мұның іші көпсалалы, — деді ол.
Көлік жүргізушілерінің көпшілігі бүгінде такси қызметіне арналған қосымшалардың жұмыстарындағы кейбір түзетулер болмаса негізінен тиімді екенін айтты. Отбасын асырап, баласын оқытып отырған таксишілер де қаралып жатқан жаңа заң жобасының оңтайлы болғанын қалайды. Ал кейбір депутаттар онсыз да қысым көріп жатқан қарапайым таксишілердің ендігі ахуалына алаңдаушылық білдірді.
– Елде бұқараның бір бөлігі жеке автомобилімен таксилетіп, күн көреді, нәпақасын айырады. Басым бөлігінде бұл – бірден-бір табыс көзі. Халықтың таксилетуіне тыйым салып, тосқауыл қоя берсек, талай отбасы аш қалады. Жүргізушілердің дені басқа жұмыскерді жалдамайды, жалғыз, жеке өзі көлігімен жолаушылар тасымалдайды. Мына заң жобасы бойынша олар міндетті түрде өзін-өзі реттеу ұйымына мүшелікке кірмеуіне де болады. Ерікті түрде кіре алады деп белгіленген, — деді Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов.
Алайда «болашақта ерікті дегені ерікті-мәжбүрлі түрге айналып кетпей ме?» деген заңды сұрақ туындайтыны да қисынды.
– Жеке такси тасымалымен айналысып жүргендерге бұл заңның әсері болмайды. Яғни қазіргіше жұмыс істей береді. Бізде заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, тағы бір-екі кісімен бірігіп, оларға тұрақты жалақы төлеп, жұмыс істеп жүрген 2883 кәсіпкер бар. Олардың атында тіркелген көліктің жалпы саны – 10 мың. Бастапқыда дәл осы 10 мың көліктің иелері операторлар ретінде палатаға мүше болуға міндеттеледі. Өйткені осы 10 мың көліктің иесі бизнесі үшін айына небәрі 900 теңге салық төлейді, — деді М.Қарабаев.
Бұл жерде тағы бір проблема бар. Егер заң бойынша тек ерікті болса, онда палатаға тұрақты түрде әрі қомақты көлемде мүшелік жарна төлеуге кім келісе қояр екен?! Министрдің айтуынша, ондай ауыр қамытты ерікті түрде киюге де болады екен, сонда бұл шаруаның шешімі табылатын көрінеді.
– Олар да Аparu, Яндекс, inDrive, басқа да қосымшалармен бірлесіп, өз құқықтарын қорғайтын арнайы қағидалар қабылдауға қатыса алады. Операторлар өзін-өзі реттеу ұйымының аясында өз құқығын қорғап, жұмысының тиімділігін дәлелдесе, солардың жетістігін көрген такси тасымалымен өз бетінше айналысып жүрген отандастарымыз да палатаға өз еркімен кіруге ынталанады деген ойдамыз, — деді министр.
Ведомство басшысы болашақта Қазақстандағы барлық таксишілерді, жолаушы мен жүк тасушыларды біріктіретін палаталардың саны небары үшеу болатынын жария етті.
– Олардың арасында бәсекелестік орнап, монополиялық көзқарас болмау үшін солай ұйымдастырылған. Бірақ ӨРҰ-лар коммерциялық емес, олар қауымдастық түрінде жұмыс істейді. Заң бойынша оларға табыс әкелетін қызметпен айналысуға тыйым салынады. Сондай-ақ ӨРҰ-лар тікелей тасымал қызметімен айналыспайды. Бұл факторлар да кез келген түрдегі монополияға тосқауыл болады. Заң жобасында нарықты монополиялануға ынталандыратын ешқандай бап жоқ деп санаймыз, — деп сендірді Қарабаев.
Жасыратыны жоқ, қазір еш жерде тіркелмеген, тіпті кәсіпкер мәртебесі жоқ жүргізушілер де қала шетіндегі базарларды, сауда үйлері мен вокзалдарды жағалап, сол жерден клиент жинап, тасымалмен айналысып жүр. Клиенттерінің бір бөлігін әлеуметтік желі, мессенджерлердегі топтар арқылы табады. Бірақ министрлік олардың бәрін бақылай алмайды. Себебі, бүкіл республика бойынша небары 180 көліктік бақылау инспекторы әр көліктің соңынан аңдып жүре алмайды. Оған мүмкіндік те, уақыт та жоқ.
Көлік министрлігінің мұны келесі жылы салалық палаталарға жүктеп, мүшелікке өткендерді ғана бақылауға алмақ ойының бір себебі сонда жатыр. Өзі жасай алмаған қадағалауды 3 палатадан сұрауды көздегені айқын.
Дайындаған Алмас ҚАБДОЛОВ