Тағдырлар тоғысқан орталық
Расында кез-келген мемлекет үшін әлеуметтік саланың дамуы өте маңызды роль атқарады. Әсіресе ел тұрғындарының біріне бірі өзара құрметі мен теңдік құндылықтарын қалыптастыра білуі де қоғам дамуының айрықша тармағы екенін бағамдаған жөн. Соған қарап қоғамның тамырын дөп басып, болашағына бағдар жасауға болады.
Бір кезде «қарттар үйі» деген атаумен бұқараға кең тараған мекемелер бүгінде әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына айналды. Ал, олардың жұмыс бағытына қалың бұқара әлі де «қарттар мен мүгедектер үйі» ретінде қарайды. Шынында солай ма, әлде атауы өзгерген мекемедегі көрсетілетін қызмет түрі де өзгерді ме?
Бұлай деуіміздің өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені, қазір қоғамда түрлі факторлардың әсерінен болатын әлеуметтік-мәдени құбылыс – патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету, ынтымақтастық рухын қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау, қоғамдағы инклюзияны, барлық азаматтардың өзара құрмет пен теңдік құндылықтарын жалғастыру және бекіту мәселесі күн тәртібіне шықты. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттен тек алғысы келетін адамдар жөнінде, сондай-ақ патерналистік көңіл-күй мен масылдық жөнінде сөз қозғауы негіз болды.
Бүгінде орталыққа түрлі тағдыр иелері келіп қызмет алуға мәжбүр. Тірліктің түрлі түйткілдеріне бола жүрегі теңізден терең анасы мен таудан да үлкен жүректі әкесін, бір ананың құрсағынан нәр алып, тай-құлындай тебісіп өскен бауырынан безініп, орталыққа әкеліп тастап жатқан адамдар ортамызда жүр. Сондағысы «бір үзім нанына ортақ болады, соңынан еріп жүк болады» деп есептейтін безбүйректердің жүргенін жоққа шығара алмаймыз. Десе де жалпыға бірдей айып тағып, күстәналау ойда жоқ. Тағдыр кімге қандай сынағын әзірлеп тұрғаны белгісіз. Жалпыға тән адамгершілік ұғымы не көрсе де бірге көріп, өмірдің ыстық-суығына шыдап, қиындықты жеңуге үйретпейтін бе еді? Мұның шетін іздеп, түбіне бойласақ та күрмелген жіптей оңайлықпен шеше алмасымыз да белгілі.
Ал, сондай жандардың жанына жалау болып, саналы ғұмырын халық саулығына арнап, жабырқаған жанның жанашыры бола білген Қилымқас Күзембаева өңірге жақсы таныс. Он алты жылдан астам уақыт басқарған орталықтың қалыптасуында оның қалдырған қолтаңбасы мол.
Бес жылдан бері осы орталықта тұратын I топ мүгедегі Александр Чечин айналасына шуағын шашып, жан жылуын аямай, жылы сөзімен жаралы жүректі аялаған, қажыр-қайратымен ортасына қадірлі орталық ұжымына ерекше разы.
– Жуырда Қилымқас Исабайқызы өзі ұзақ жыл басқарған орталықтан құрметті зейнет демалысына шықты. Өзім 2019 жылы осы мекемеге келгелі орталықтың бар жақсылығы мен қамқорлығын сезініп келемін. Қай уақытта да қолдап, қолпаштап, демеп келді. Адамға болсын деген ниеті жүрегінің кеңдігінен деп білемін. Ұжымның жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Қажетті құралдар, дәрі-дәрмек пен басқа да керекті заттарды алып, орталықтағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жасауға тырысып, аянбай еңбек етті. Қандай қиындықта да тайынбайтын іскерлігі арқылы мұқтаж жандардың көп мәселесін шешіп берді. Адал еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде көптеген жандардың ықыласына бөленді. Ол кісінің адами болмысын барлық қызмет алушылар жарыса айтып, құрметті демалысқа қимай шығарып салдық, — дейді Александр Викторович.
Азаматтардың құқықтарын қорғап, қоғамдағы патерналистік құбылыстармен күресуге ықпал ететін үкіметтік емес ұйымдардың да орны ерекше. «Жаныңдамын» еріктілер ұйымының төрайымы Мейрамгүл Есниязова үнемі орталықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқанын жасырмайды.
– Қанша келсем де қуана қарсы алып, «Мира, айналайын, жарайсың! Аталарың мен әжелеріңнің алғыс-батасын арқалай бер» деп үнемі жылы лебізін білдіріп отыратын Қилымқас Исабайқызы әркез орталықтағы қарияларға арнап жоспарлаған іс-шараларды қолдап отырды. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан қарттармен бір қатарда отырып, әрқайсысын балаша мәпелеп күтті. Бұл – адамгершіліктің нағыз көрінісі деп білемін, — дейді Мейрамгүл Тарғынқызы.
Балалық шағы Махамбет ауданының Есбол ауылында өткен Қ.Күзембаева сегізжылдық мектепті үздік бітіріп, Гурьев медициналық училищесін «медбике» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Махамбет аудандық туберкулез ауруханасында медбике болып бастап, кейін аға медбике болып жалғастырады. Біраз жылдан соң облыстық дәрігерлік әлеуметтік сараптамалық комиссиясының бас медбикелігіне жұмыс ауыстырған Қилымқас Исабайқызы өндірістен қол үзбей, Атырау педагогикалық институтын бітіріп шығады. Жоғары білім алған соң мемлекеттік қызмет саласына ауысып, облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына жалпы бөлімнің бастығы лауазымына тағайындалады. Кейін басқарманың ұйымдастыру және кадр бөлімі, әкімшілік бөлімдерінің басшылығына ішкі ауысу тәртібімен ауысып, онда да он бес жылдай абыройлы жұмыс істейді.
Қазіргі №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы 1994 жылы 50 орынға лайықталған қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі болып ашылған болатын. Оған әу баста мұрындық болған сол кездегі қалалық халықты әлеуметтік қамту бөлімінің бастығы Сүйеу Сүлейменов еді. Бірақ «қалалық» деген аты болмаса, мұнда тағдыр теперішін көрген жандар облыс аумағынан келетін. Сондықтан, 2001 жылы «облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі» деген мәртебеге ие болды. Ал, 2016 жылы «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығы» деген атаумен коммуналдық мемлекеттік мекеме болып құрылып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бағынышына берілді.
Осы мекемеге Қилымқас Исабайқызының басшы болып тағайындалуы орталықтың қызметіне де, оның тұрғындары мен ұжымына да теріс болған жоқ. Тәжірибелі маман, білікті басшы ретінде ұйымдастырушылық шеберлігі мен адамгершілік қасиетінің арқасында мемлекет қамқорлығындағы қарттар мен мүгедектердің тағдырына қатысты күрделі мәселелерді шешіп, жүктелген міндетті адал атқаруға күш-жігерін сарқа жұмсады. Қызмет алушыларға арнаулы әлеуметтік қызметтердің уақытында көрсетілуін де шебер ұйымдастырып, жұмысты жүйелеп жолға қойды.
– Ерекше мекеме болғандықтан түрлі жағдайларға куә болдық. Бұған дейін жар таңдауда қателескен қарттар орталыққа келген соң өзара жарасып, өмір сүріп жатады. Қазір мекемеде бас қосқан жұптар бар. Әрине, өмір болған соң олардың да таңдау жасауға, бақытты болуы қақы бар. Бастапқыда бір-бірімен сырласып, өзара жақын тартып үйреніскеннен кейін оларды заңды некеге отырғызып, орталықтан бөлек бөлме бөлеміз. Олардың кейбірі өмірден өтіп кетті. Бүгінде 3 жұп дін аман, — дейді Қилымқас Күзембаева.
Бұл мекеменің ерекшелігі, талайлы тағдыр кешкен жандардың басы қосылған. Тіпті, арасында жоғары білімді, зиялы адамдар да болады екен. Тек өмірдің тауқыметімен осында ғұмыр кешуге мәжбүр. Сондай жандардың бірі – Н. есімді қария отбасымен ажырасып, өмірдің сан қилы соқпағынан өтеді. Ақыры тағдыр оны осы мекемеге әкелген. Арада көп жыл өткен соң Ресейде тұратын баласы интернет арқылы әкесін іздеп тауып, арнайы келіп алып кетіпті.
Ал, тоғыз перзенті бар қарияның жөні мүлдем бөлек. Орталықта жеті-сегіз жылдай тұрғанда жарымен дәм-тұзы жараспай, өзі бөлек кеткен ол ұл-қыздарының бірде-бірі өзіне көңіл бөлмегеніне налып, көңілі нілдей бұзыла береді екен. Соған назаланып, біраз уақытқа дейін тағдырлас болса да орталық тұрғындарынан оқшауланып ойға бата береді. Мамандардың дербес жұмыс істеуінің арқасында қарт ортаға араласып, белсенділігін де арттырады. Біршама тер төгіліп, қарияның балаларымен арнайы жұмыстар жүргізілген соң олар әкесін іздеп келгенде, қарияның қуанышында шек болмай, кәдімгідей мерейі өсіп қалыпты.
Бүгінде 150 адамға арналған орталықта I-II топтағы мүгедектігі бар 40-тай жан және жасы ұлғайып, өзінен әл кеткен 110 адамға медициналық, тұрмыстық, психологиялық, еңбек, мәдени, құқықтық және экономикалық қызмет түрлері көрсетіледі. Олар осында кәдімгідей өз үйіндей үйреніп, тұрақты қоныстанған. Үлкені 80 жастан асса, ең кіші тұрғын – жасы қырыққа таяған жігіт. Мұндағы негізгі міндеттердің бірі – қызмет алушылардың қажеттіліктерін ескеріп, олардың жеке дамуы мен ортаға бейімделу белсенділігін арттыру. Осы мақсатта орталықта еңбек терапиясын алушылармен арнайы мамандар жұмыс істейді екен. Әртүрлі бұйымдар жасап, сурет салады.
– Қарттар мен мүгедектердің көңілін аулап, оларды дамыту мақсатында қосымша қолөнермен айналысуға көмектесеміз. Өздері жасаған бұйымдарды көрмеге де шығарамыз. Оны өздері көріп, бір-бірімен бөлісіп, мәре-сәре болады. Осының өзі – зор жетістік. Орталықтың негізгі міндеті – қызмет алушы зейнеткерлер мен І-ІІ топ мүгедектігі бар қызмет алушылардың жасы мен денсаулығына қарай жағдайын жасап, қажеттілікке қарай олардың жеке даму деңгейін арттыруға бағытталған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету. Көрсетілген қызмет сапасы мен тиімділігін арттыру, кемсітушіліктің барлық түрінен, физикалық және психикалық күш көрсетуден, қорлау мен дөрекіліктен қорғау, — дейді еңбек ардагері Қ.Күзембаева.
Ұзақ жылғы еселі еңбегінің нәтижесінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Әлеуметтік сала үздігі» құрметті атағымен, республика Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің грамотасы және түрлі дәрежедегі Алғыс хаттармен бірнеше мәрте марапатталған Қилымқас Күзембаеваның еңбек жолы ұжым үшін әлі де зор мақтаныш, келешек буынға таптырмас мол тәжірибе.
Ал, жуырда ғана басшысы өзгерген орталық ұжымы жұмыс бағытынан ауытқымай, қоғамдағы түрлі факторлардың әсерінен болатын әлеуметтік-мәдени құбылыстардың алдын алуға және оны оң бағытта үйлестіру мақсатында жоғары жетістіктерге жететініне сенім кәміл.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Ассалаумағалайкум Алмас өте керемет жазыпсын Рахмет
Я очень благодарен этому человеку и люди должны знать таких достойных людей в нашем городе