Сынақтан сүрінбеген азамат
Осыдан тура он төрт жыл бұрын 25 жастан асып, дүр жігіттік жасқа бет алған шағында Қызылбалық ауылының тұрғыны Есболат Балбаев жол апатына ұшыраған болатын. Содан аурухананың төсегіне таңылып, жаны жабығып, өмірден күдерін үзген еді. Мұндай жағдайда адамның сағы сынбай, өмірге қайта қадам басуы үшін де мықты күш-жігер керек.
Уақыт өте келе осындай сынақпен күресіп, жеңген кейіпкеріміз бүгінде өзге мүгедек жандардың өмірге деген құштарлығын оятып, кеудесіне үміт отын жағып келеді. Қазіргі бейбіт елдің батыры өзі секілді адамдарға қол ұшын беруге қашан да дайын. Кейіпкеріміздің басынан өткерген өмір сабақтары адам баласының тосын оқиғалар мен күтпеген қиындықтарға дайын болуы керектігін ұқтырғандай.
«Өмірімдегі қиын сынақ»
Есболат Абатұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жанындағы жандарға жайдары көңіл-күй сыйлап, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Арба биі, спорт, мотиваторлық шеберлік сабақтары, ән салумен қатар, жанұясына көңіл бөліп, ұл-қызынан тараған немерелерінің тәтті қылықтарын қызықтайды. Кейбір жағдайда он екі мүшесі сау адамдардың өздері түрлі сынаққа шыдамай, еңсесін тіктей алмай жататын жағдайлар кездеседі ғой. Ал, бұл кісі қандай қиындықты да қара нардай көтеріп келеді.
…Ол жол апатына түскен соң облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде бір апта бойы ес-түссіз жатты. Омыртқасының бірнеше жері сынып, белден төменгі бөлігі ештеңе сезбей қалған. Отадан шыққан соң бірнеше рет орнынан тұруға талпынғанымен нәтижесі болмады. Жансыз жатқан аяғын көріп, сол сәтте өмірден баз кешкен еді.
– Жасыратыны жоқ, басында бәрі қиын болды. Ол уақытта екінші рет үйленген едім. Арбаға таңылған соң екінші жарыммен де дәм-тұзымыз жараспады. Одан екі баламыз болатын. Бірақ, бірінші жұбайымнан қалған екі баламды соттың шешімімен өзімде алып қалған едім. Сөйтіп бар салмақ әке-шешеме түсті. Оларға да оңайға түспегендігі белгілі. Тіпті ащы суға да жақын болғаным рас. Алайда, уақытында сабама түсіріп, жанымды сақтап қалған Аллаға мың да бір шүкір етемін.
Палатада мен секілді тағы екі жігіт болды. Біз бір-бірімізбен сөйлеспейтінбіз, бәріміз де өмірден түңіліп кеткен едік. Шауып жүріп екі аяқтан бір сәтте айырылып қалу азап екен. Шарасыздықтан жылап, өз өмірін қиып жібергісі келгендерді де кезіктірдік. Палатаға арбамен алып келген кезде көзімізге жас үйірілді. Аяқты баса алмайтын болғандықтан амалсыздан отыруға тура келді. Сол арбаға отырудың өзі қиындық туғызатын. Ол кезде «Атырауда арбада отыратын мен шығармын» деген ой келетін. Өмірімнің не болатынын елестете алмадым. «Мүгедек болып қалды, жүре алмайды» деп айтылып жатқан сөздерді естіп, жаным ауыратын. Үйдегі кішкене бөлмеден шықпай, өмірдің мәні жоқтай үш жыл бойына жаттым. Ешкімге керек еместей сезініп, уақытым өтіп жатты. Қазір осы кездегідей өмірге ынталандырып, қолдау білдіретін өзім секілді жандар болса үш-төрт жыл өмірім бос өтпес еді деп өкінетін кез болады, — дейді Есболат Абатұлы.
«Біз де адамбыз»
Тағдырдың жазуымен 2014 жылы қазіргі жары Астраханның тумасы Дина Наурызәлиеваны жолықтырып, өмірінде оң өзгерістер пайда болады. Жомарт жандардың қолдауымен батут сатып алып, кәсіпкерлікке бет бұрады. Сөйтіп жүрген кезде 2017 жылы Балықшы жастар клубынан арба биін үйрене бастайды. Содан бір жылға жуық уақыт билеп, арба биінен спорт шебері атағын иеленген еді.
Қазақстанның бірнеше қаласына жарыстарға барып, жеңімпаз атанады. Содан соң облыстық мүгедектер спорт клубында жеңіл атлетикамен айналысып, спорт шебері атанады. Марокко, Португалия, Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдерде өткен жарыстарға қатысады. Жуырда Марокко елінде өткен жарыстан жүлделі оралған жайы бар.
– Аман болсақ, 50 жасқа дейін спортпен шұғылдансам деймін. Биыл Париж Параолимпиадасына жолдама ала алмай қалдым. Алдағы уақытта үлкен жарыстарға қатысуды ойлаймын. Ол үшін көп еңбектену керек. Көптеген жарыстардан жүлдесіз де емеспіз. Бүгінде «Біз де адамбыз» қоғамдық қорында жаттықтырушы-ұйымдастырушы болып жұмыс істеймін. Жол апатына түскен адамдарды ынталандырып, көмектесіп жүрміз. Бұрын мен жол апатына түскен жылдары қазіргідей жағдай жоқ еді. Бөлменің төрт қабырғасына қарап жататын едік. Қазір өзіміз секілді тағдырластар бізге хабарласады. Арақ ішіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған адамдар да кездеседі. Дегенмен, біз оларды қандай жағдайда да өмірден түңілмеу керектігін, керісінше, сынаққа шыдап, алға ұмтылу қажеттігін ұғындырамыз. Тағдыры талқыға түскен жандарды суға түсіп, киімдерін қалай кию керектігін үйретеміз.
Қордың басшысы Гүлназ Қосмұрзиевамен жиналыстардың бірінде танысқан едім. Сол кезде ол қаладағы пандус мәселесін көтеріп жүретін. Содан мен де қасына бірге шығып, пандустардың жоқ екендігіне көзім жеткен. Атырау қаласында арбада отыратын мүгедек жандардың жүріп-тұруы қиын екендігін көріп, қысы-жазы бірге жүріп түзетуге атсалыстық. Содан бері өзгерістер жоқ емес. Мүгедектігі бар жандар киноға да, өзге мәдени іс-шараларға да бара алады. Ел секілді қыдыруына, базарға шығып, қажет заттарын алуына мүмкіндігі бар.
Менің салмағы 40 келі тартатын, адам күшін қажет ететін арбам болды. Бір күні ойламаған жерден Гүлназ досым демеуші арқылы белсенді мүгедектер арбасын тарту етті. Сол кезде балаша қуанғанымды көрсеңіз! Сол күннен менің белсенді өмірім басталды. Бұрын арбам болмаған кезде кіріп-шығудың өзі мұң еді ғой. Гүлназ нәзікжанды болса да достыққа адал, әрдайым көмек қолын созуға дайын тұрады. Көптеген жандарға жақсылық жасап келе жатыр, — дейді сұхбаттасушымыз.
«Қарап отыруға болмайды»
Қаладағы Абай орталығында қордың кеңсесі орналасқан. Қордың көмегі арқылы елушақты адам суға жүзіп, арба биін билеп, актерлік, шешендік өнерлерін дамытатын сабақтарға қатысып келеді. Есболат айналасынан өзі секілді адамдарды іздеп жүреді. Көбінесе тапқан адамдары ашық сөйлесуге тартынып, ешқайда шыққылары келмейтін көрінеді. Қоғамдық қормен бірлесіп бірнеше адамды, мүгедектігі бар жандарды жаңа ортаға тартып, үйлерінен шығарған.
Қазір солардың көпшілігі ортада өздерін еркін ұстап, жұмыстарын жасап жүр. Олардың бірі спортта, бірі көңілі қалаған жұмыста еңбек етуде. Сонымен қатар облыстық ауруханада түрлі жағдайда апатқа ұшыраған жандармен кездесіп, оларға сөзбен болса да қолдау танытып, өмірден ешқашан түңілмеу керек екенін айтып, ынталандырып жүреді. Үйде төсекке таңылып қалған адамдарға жөргек кимеуге үндеп, көп жатқаннан пайда болатын дененің ойылған жерін қалай қалпына келтіру керектігіне дейін үйретеді. Сондай-ақ, арбаға қалай отыру керек, суға қалай түсу керек, үйге барғанда жатып қалмай, ортаға араласып, спортпен ұдайы шұғылдануға шақырады. Бұл жағдайдың барлығы кейіпкеріміздің басынан өткендіктен олардың жан-дүниесін түсінгісі келеді. Сондықтан да ол жандарға барынша қуаныш сыйлап, қуантуға асығады.
Қала басшылығымен кездесіп, мүгедектерді толғандырған өзекті мәселелерді қозғап, қолайлы орта қалыптастыру үшін өзгерістер керектігін де жиі көтеріп келеді.
– Кейде жаз мезгілінде басқалар секілді біз де суға түскіміз келеді. Сондықтан Жайық өзенінің жағасына рұқсат етілген жерге, мүгедек жандарға ыңғайлы етіп пандус салынғанын қалаймыз. Басқа қалаларда сондай орындар бар. Суға түсу арқылы ем алып, жаз мезгілінде демалуға да мүмкіндік туар еді. Жергілікті әкімдер мүгедектердің жағдайларына үңіліп, жанашырлық танытып жүрсе деп ойлаймын. Арбада отырғандардың арманы қалада қалыпты адамдар секілді емін-еркін қозғалу. Мүгедектер арбасымен жолда кездесетін кедергіден өте алмай, жолыққан әр адамға жәутеңдеп, көмек қолын созуды сұрап жүресің. Осы мәселелерді көтеріп, болашақта жүзеге асуына жұмыстана берсек, нәтижелі болады деп сенеміз.
Сондай-ақ мүгедектігі бар жандарға жұмыс орындары ашылып, отбасыларын асырауға жағдай жасалса дейміз. Олардың да балалары бар. Бірнеше баласын жәрдемақының көмегімен асырап отырғандар да аз емес. Бала үшін әкенің орны қашан да биік қой. Сондықтан кішкентайларын қуантып, олардың бақытты сәтіне куә болғысы келеді. Мүгедек екенмін деп қарап отырмай олар да еңбек етіп, балаларын оқытып, жақсы жағдай жасап беруді қалайды. Ал, жұмыс, кіріс болмаса бір ғана жәрдемақыға не істеуге болады? Соның барлығын бірлесе жүріп іске асыруға ұмтылуымыз қажет, — дейді кейіпкеріміз.
Әке арманы
Бүгінде өзімен қатар басқалардың да қуанышына серік болып жүрген кейіпкеріміз спортшы ретінде төленетін 100 мың теңге еңбекақы мен қоғамдық қордан төленетін айлық алады. Жолдасы Дина Наурызәлиева Есболаттың жеке көмекшісі ретінде еңбекақы алады екен. Анасының үйінің ауласындағы екі бөлмелі үйде бірнеше жанмен тұрып жатқан олар осылайша қарапайым ғана қоңыр тірлік сүріп келеді. Үйде дәретхана, жуынатын бөлме жоқ.
Жаздың уақытында душқа түсіп амалдағанымен, қыстың уақытында қиындық туындайды екен. Жиі моншаға бару да қалтаға соғады. Үйдің кезегінде тұрғанына он бес жылға жуықтаған. Қазіргі таңда 750-інші болып кезекте тұр. Жер алып, үй салу оңайға соқпайды. Сондықтан біраз уақыт күте тұруға тура келеді.
– Ұл-қызыма жоғары білім алып бере алмадым. Қазір қарапайым жұмыстарында еңбек етіп жатыр. Арба биінен сабақ беремін. Қорда ұйымдастырушы болып еңбек етемін. Бірде түс көрдім. Түсімде танитын жігіт менен көмек сұрап жатыр. Таңертең оянсам, әлгі жігіттің анасы баласының жол апатына түскендігін айтқаны бар. Осындай кезде мүмкіндігінше көмек көрсетуге асығамын. Арбада отырып билеу, оны үйрету оңай емес. Өзім биші болғасын үйренушілеріме барымды салып үйретіп жүремін. Нәтижесі де жаман емес секілді.
Басында келгенде барлығы арбамен билеудің қиын екендігін айтатын. Кейін бір-екі айдың ішінде көпшілігі биді үйреніп алды. Анам да менің өмірімдегі өзгерістерді, жетістікке жетіп жатқанымды көріп қуанып жатыр. Бұл қаншама аналардың қуанышы. Өмір болған соң қиындықтар болады. Сондықтан адам баласы бірін бірі өкпелетпей-ақ қиындықтардан бірлесе жүріп шығуы керек. Адам баласы отбасымен өткен әр күнін бағалауы қажет. Қазіргі уақытта қоғам да мүгедектігі бар жандарға түсіністікпен қарап, қолдап жататынын байқаймын. Бұған қоғам көзқарасының өзгеруінің де әсері бар деген пікірдемін.
Байлық ақшаның көптігі мен үйдің кеңдігінде ғана емес қой. Балаларың әкелеп шауып жүрсе, одан артық қандай бақыт керек?! — деген көпбалалы әке «арманым – үйлі болып, өзімнің бөлмемде еркін тыныстап жату» дейді.
Мемлекет сыртқа арналған арбаны төрт жылда бір рет, үйге жүргізетін арбаны жеті жылда бір рет береді екен. Кейбір жағдайда берген арба үйдің есігіне сыймайтын жағдайлар кездесетін көрінеді. Үйдегі жуынатын бөлмеге, дәретханаға кіріп-шығу мүмкін емес. Сапалары да сын көтермейді. Қалада ең болмаса арба жөндейтін орындар жоқ. Мұның барлығы кейіпкеріміз секілді жандарға айтарлықтай кедергі келтіретіндігі түсінікті.
Өзі секілді жандардың бірнеше жылдан бергі қолдаушысы болып келе жатқан кейіпкеріміз «Жыл мотиваторы» атағына лайықты деп танылыпты. Байқасақ, Есболат әр тілегінің соңында «шауып кетейік» деп тілек айтатынын байқадық. Біз де жаны жайсаң, еңбекқор азаматқа аяғынан тұрып, арбадағы өмірін өткен шақта еске алып отыруына шын жүректен тілектеспіз.
Алмас ҚАБДОЛОВ
// Алғыс айтсам деп едім…
Дәурен АБАТ:
– Есболат Балбаев – өмірдің сынағын күліп қарсы алған адам. Осы ағамыздан алған мотивация, күш-жігердің арқасында қазіргі кезде өмірден «сынбауды» үйреніп, тура қабылдаған азаматтың бірі өзім. Қиын жағдайға тап болған адамдарды қайтадан өмірге қалыптасуға себебін тигізіп жүрген ол арбамен жүріп те бақытты өмір түсіруге болатынын түсіндірді.
Бағытгүл ҒИНАЯТОВА:
– Өмірдің қиындығына төзе білген, Құдайына шүкіршілік еткен адам ғана осындай жетістіктерге жете алады. Біздер рухы мықты жандармыз. Мен де 4 жасымда автокөлікке басылып бір аяқтан айырылдым. Бірақ, ешкімнен кем болмадым. Өнер жолында білім алдым, жұмыс істедім, тұрмысқа шығып, екі баламды дүниеге әкелдім. Спорттан да қалыс қалмадым. Қазіргі кезде Есболат Балбаевпен бірге би, актерлік шеберлік, вокал үйірмелеріне қатысып жүрмін. Сондықтан осындай жандардан үлгі алыңыздар дегім келеді.
Денсаулықтың қадірін түсініңіздер. Кез-келген нәрсені проблема деп қабылдап, жабырқамас бұрын ойланыңыздар. Менің бидегі ұстазым, серіктесім Есболат, сен мықтысың! Әрдайым адамдарға тек позитив сыйлап, үлгі болып жүресің. Алла күш-қуат берсін, отбасың аман болсын, алар асуларың көп болсын!