Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу…
Қазанның соңғы жексенбісі – қызметкерлер күні. Әдетте «әлеуметтік» деген сөзді естігенде, алдымен қорғау, көмек, қызмет көрсету, оңалту, паналату, ортаға бейімдеу, қамсыздандыру секілді ұғымдар ойға оралады. Барлығының да астарында қоғамдағы мәселелерге атүсті қарамай, елдің әрбір көмекке шын мұқтаж адамына жәрдем ету жұмыстары жатыр.
Атаулы күн қарсаңында біз осындай көзге көріне бермейтін, алайда қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген Атыраудағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының маманын әңгімемізге арқау еттік.
Орталықта түрлі жағдайда тағдыр тауқыметін тартқан жандар аз емес. Мұндағы 109 тұрғынның 46-сының мүмкіндігі шектеулі. Мекемеде оларға жеті түрлі бағытта қызмет көрсетіледі. Күн сайын олармен біте қайнасып, бірге жүрген әлеуметтік сала қызметкерлерінің бірі – Нұржамал Қалиева орталықта 2012 жылдан бері қызмет етеді. Саладағы жалпы жұмыс тәжірибесі – 36 жыл. 2019 жылы «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Күнделікті қызметін өзінің сүйікті ісіне айналдырған Нұржамал қарттардың тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, әрқайсысының өміріне етене араласады. Әріптестері Ханнат Төлесінова және Эльмира Базарбаевамен бірге жалғызбасты жандардың көңілін аулап, барынша қолдау көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың сан түрлі жағдайдан оңалып кетуіне ықпал жасайды. Бүгінде əлеуметтік қызметкерлер белгілі бір көмекке мұқтаж адамдарға демеу болып қана қоймай, қоғамның əл-ауқатын жақсартуға бағытталған əлеуметтік саясатты реформалаушылар санатында деуге әбден болады.
Құрманғазы ауданының Жамбыл ауылында туып өскен Нұржамал Қалиеваның негізгі мамандығы – медбике. Бұрынғы медициналық училищені бітірген соң облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінде жұмыс жасап, әлеуметтік саланың қазанында қайнаған оның қазіргі күнделікті жұмысы тұрғындарды таңертеңгілік тексеріп шығудан басталады.
– Тағдырдың түрлі тауқыметін тартқан жабырқаулы жандардың көңіл-күйіне аса байыппен қарау маңызды. Жалпы, жұмыстың жеңілі жоқ қой. Бірақ, тағдырдың теперішіне ұшыраған, қиындық көріп, өмірден түңілген адамдармен жұмыс жасау қиын болғанымен, бұл іске әбден төселдік. Мұндай жандар орталыққа бірден орналаса алмайды, әуелі екі апта оқшаулауда болады. Бұдан кейін әр адамға жеке жоспар жасақталып, жұмыс осы құжаттың негізінде жүргізіледі. Әрқайсысына қажетті құрал-жабдықты түгендеп, ескіргенін уақытында жаңартып отырылады. Тифлотрость, сағат, телефон, оқитын машина сияқты құралдарға тапсырыс беріледі. Қазір мұның барлығы біраз жеңілдеді. Тапсырыс берілген тауарды курьерлік қызмет орталыққа әкеледі. Бұрын мұны тиісті орындарға ресми хат жіберу арқылы алғызып, оны көлікпен өзіміз тиеп әкелуші едік, — дейді Нұржамал.
Қазір орталықтағы 109 тұрғынның 62-сі қазақ, 31-і орыс, қалғандары – молдаван, татар, белорус, грузин, өзбек, шешен, чуваш, неміс және украин ұлтының өкілдері. Бірқатары түзету мекемелерінде жазасын өтеп шығып, барар жері жоқ жандар екен. Олардың мінез-құлқының басқаша болғаны соншалық, дөрекі сөйлесіп, тіпті анайы сөздер айтатыны да кездеседі. Мұндайда оларға түсіністікпен қарап, байыппен сөйлеуге де тура келеді. Мамандар олардың жан дүниесін түсініп, жан жарасын жеңілдетуге сәл де болса өз үлестерін қосуға тырысады. Жұмыстың осындай қиындығынан орталыққа психолог мамандар тұрақтамайтын көрінеді. Сондықтан, олармен күн сайын дидарласып, тікелей қызмет етіп жүрген әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі зор. Олар күн сайын жан жылуы мен күш-жігерін қамқорлықты қажет ететін жандарға арнап, көмек көрсетуден аянбайды.
– Бұл біздің екінші отбасымыз, мұндағы тұрғындар отбасымыздың мүшелері іспетті. Олардың бізге бауыр басып қалатыны соншалық, еңбек демалысына кетіп қалсақ та, келгенше асыға күтіп отырады. Таңнан кешке дейін күзетшіден бастап күтім жасаушыларға дейін олардың қасында. Асханадан тамағын уақытымен ішеді. Бөлмелері таза, киімдері жуулы. Медбикелер де олардың саулығын басты назарда ұстап отыр. Сонда да әлеуметтік қызметкерлерді күтіп, іздейді. Біз көрсеткен қызметке риза болып, алғыс-баталарын жаудырып жатады. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған орталықта олар еш нәрседен таршылық көріп жатқан жоқ. Десек те, оларға бір-ақ нәрсе жетіспейді. Бұл – әрине, жан жылуы. Біз күнделікті қызмет бабымен таңнан кешке дейін жандарында отырмасақ та, таңертең әр бөлмені аралап жүргенде емен-жарқын әңгімелесіп, сөйлесіп қалуға асығады. Жаз кезінде жоғары оқу орнының студенттері өндірістік іс-тәжірибеден өтті. Студенттер ата, әжелердің көңілін тауып, оларды сыртқа алып шығып, әуен қойып билететін. Сонда балаша мәз болып, көңілдері көтеріліп-ақ қалады. Кейін іс-тәжірибе мерзімі аяқталып, кетер шақта қариялар олармен қимай қоштасты, — дейді Н.Қалиева.
Бүгінде әлеуметтік қызметкердің жұртшылық арасында аты кең таралмаса да, олардың ісі қоғамда әр адам үшін пайдалы. Қиын жағдайда жаныңнан табылатын дос, арқа сүйер демеу.
Орталық мамандары тұрғындардың мұқ-мұқтажын тыңдап, сүйемелдей жүріп, олардың өз шешімдерімен кейбіреуін үйлендіріп, бастарын да қосты. Қазір мұнда Мұрат Кенжебай мен Нина Кузеняткина, Сейітқали Ахманов пен Светлана Ұлданова, Айса Максимбаев пен Мәрия Орынтаева, Николай Благочиннов пен Фоадия Гатауллиналар ерлі-зайыпты өмір сүріп жатыр. Заңды некеге тұрғанмен біраз уақыттан кейін келісе алмай ажырасқандар да бар екен.
Қазір тұрғындардың ең үлкені 86 жаста болса, ең жасы – ата-анасы қайтыс болған отыз бес жастағы І топ мүгедегі. Әрқайсысына күн сайын қамқорлық таныта білу де әлбетте оңай жұмыс емес. Сондықтан, әлеуметтік қызметкерлер – қашан да алғыс арқалайтын ерекше мамандық иелері.
Әлеуметтік қызметкерді қайдам, мекемеде қызмет бабымен болған екі сағатта біздің де мазамыз қашты. Нұржамал Қалиевамен әңгімелесу барысында жұмыс бөлмесінің есігі бірнеше рет ашылып, жабылды. Соған қарап, «олардың күрделі мәселесі бар-ау» десек, болмашы нәрсені сылтауратып қызметкерлермен сөйлесіп қалғысы келеді екен.
Ал, әлеуметтік қызметкердің бөлмесінде жұмыс онсыз да қайнап жатыр. Көзге көрінбейтін құжатпен жұмыстың өзі бастан асады. Сонда да мамандарға қаталдық танытуға болмайды. Әрқайсысын тыңдап отыруға тура келеді. Осыдан-ақ әлеуметтік қызметкердің жұмысының қиындығын бағамдай беріңіз. Дәл осылай қамкөңіл жандардың жанына жігер беру үшін қажыр-қайратын аямайтын жандардың жалақысы да аса қомақты емес.
Байқағанымыз, әлеуметтік қызметкер болу үшін төзім мен сабыр керек екен. Өйткені, тағдыр тауқыметін тартқандарды жұбату үшін де біраз күш жұмсауға тура келеді. Әрине, мұндай ауыр жұмысқа үлкен жүрек иесі ғана шыдас бере алатынына көз жеткіздік. Ендеше, Нұржамал Қалиева – өз ісінің нағыз майталманы.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА