«Шұғыла»-ның мүмкіндігі мол
Үш «алыптың» бірі саналатын NCOC компаниясы «Шұғыла» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы аясында мұнайлы өңірде бірқатар жоба қолға алынды.
Атап айтсақ, өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи қондырғылармен жарақтандыруға жәрдемдесіп, жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау үшін мектептер пен балабақшалардың құрылысын жүзеге асырды. Қазіргі таңда облыс орталығымен қатар шалғай ауылдарда да «NCOC салып берген» әлеуметтік нысандар жеткілікті. Мұндай игілікті істер биыл да өз жалғасын тапты.
Иә, елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар.Тарқатып айтсақ, кәсіпорын жер қойнауын пайдаланып, табыс тауып отырғаннан кейін сол өңірдің өркендеуіне атсалысып, әлеуметтік саласына қамқорлық жасауы тиіс. Компания Атырау және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау саласына қолдау көрсету аясында 4 ірі жоба жүзеге асырған. NCOC компаниясы демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде қос өңірге бес негізгі бағыт — денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және қайырымдылық салалары бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, компания 1998 жылдан бері осы бағдарлама бойынша 30 миллион АҚШ доллары болатын 1500-ден астам жоба іске асқан.
Биыл NCOC компаниясы өңірдегі мүгедектерді оңалту орталығына қолдау көрсетіп, қол бұлшық еттері жалпы және ұсақ моторикасының түзетуге арналған австриялық жаңа заманауи аппаратты табыстады. Бұл құрылғы оңалту орталығында қол моторикасы бұзылған науқастарға алғаш рет барлық физиологиялық жазықтықтарда күрделі қимыл-қозғалыстарды орындау мүмкіндігін беріп отыр. Сондай-ақ, Мақат аудандық орталық ауруханасына медициналық жабдықтар жеткізілген, оның ішінде көптеген хирургиялық амалдарды орындауға мүмкіндік беретін шұғыл ота жасауға арналған үстел де бар. Мақат кенті халықаралық және республикалық маңызы бар бірнеше тас жолдың қиылысында орналасқандықтан, аудандық орталық аурухана қажет болған жағдайда аралас медициналық қолдау көрсетеді.
Мақат ауданының Доссор кентіндегі Сабыр Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа жаңа мектеп автобусы сыйға тартылды. Ыңғайлы Toyota Coaster автобусы оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін белдіктермен жабдықталған. Ол шалғайдағы Ескене, Таскескен темір жол стансалары және №441 разъезден оқушыларды мектепке жеткізуге арналған.
Тағы бір айта кетерлігі, NCOC компаниясы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне микрофлюидтік зерттеулер жүргізуге арналған зертханалық жабдықтар сатып алуға қаржылай көмек көрсеткен. Зертхана мұнай-газ қоймаларының кеңістіктік деңгейіндегі сұйықтық ағындарын зерттеуге мамандандырылған. Компания зертханаға бір арналы қысым мен ағынды бақылау блогы, микрофлюидтік ағынның кориолис сезгісі және басқа да қажетті бірегей жабдықтарды алып берді. Бұған дейін де университетке компьютерлік бөлмеге арналған жабдықтар мен газ химиясы саласына қатысты оқу-зертханалық жабдықтарды сатып алуға демеушілік жасаған.
NCOC компаниясы Атырау және Маңғыстау облыстарында 20-ға жуық инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтап, балаларды толыққанды білім алуымен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Қарттарға қамқорлық
«Жарылқасаң кәріңді, жарылқармын бәріңді» демекші, компания Қарттар күні қарсаңында Атырау облыстық ардагерлер және Дамбы ауылдық округінің ардагерлер кеңестеріне шипажай жолдамаларын сыйлады. Бұл жолдамалар арқылы қарттарымыз Атырау шипажайында күніне үш мезгіл тамақтанып, су процедуралары, массаж және физиотерапия қызметтерімен 10 күн ем алады. Бұған дейін Мақат ауданының 100 жылдығын атап өту аясында, компания ауданның «Ардагерлер ұйымына» 50 шипажай жолдама тапсырған болатын.
Цифрлық даму және қауіпсіздік
Жақында кәсіпорын өңірлік Atyrau IT Hub орталығына заманауи жабдықтарды сыйға тарту арқылы демеушілік көмек көрсетті. Atyrau Hub — NCOC компаниясы қолдау көрсеткен Қазақстандағы он алтыншы өңірлік IT Hub. Компания дербес компьютерлер жиынтығы, моноблоктар, теледидарлар, кеңсе жиһаздары сияқты жабдықтарды табыстады. Atyrau Hub Атырау аймақта цифрлық экономиканы дамытуға, стартаптар мен инновациялық жобаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Онда кәсіпкерлер, студенттер мен мамандар арасында бірігіп жұмыс істеу, оқу және тәжірибе алмасу алаңы бар. Atyrau Hub мақсаты — жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдер енгізуге арналған экожүйе құру. «Біз Atyrau Hub пен оның өңіріміздегі цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған бастамаларына қолдау көрсеткенімізге қуаныштымыз. Беріліп отырған жабдықтар арқылы жас мамандар өз идеялары мен жобаларын іске асыра алады», — дейді NCOC компаниясының өңірлік мемлекеттік органдармен, жұртшылықпен және бақылаушы органдармен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.
Дайындаған Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ