Қуанса, бала қуансын!
Атыраулық өрт сөндірушілер отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілеріне көңілді күн ұйымдастырды. Алдымен 45 бала кинотеатрдан «10 жизни» мультфильмін тамашалады. Әрі қарай ойын-сауық кешенінен тамақтанып, ойын алаңында асыр салып ойнады.
Балалардың айтуынша, олар үшін бүгінгі күн ерекше өтті.
– Бізге мультфильм өте ұнады. Мұнда басты рөлдегі мысыққа басқа 10 жануардың кейпіне енуге мүмкіндік беріледі. Ол сол арқылы өзінің мысық болып жаратылғанының құндылығын түсінеді. Мен және бауырларым үшін әсерлі болды деп ойлаймын. Тіпті, арамызда көзіне жас алғандар да бар. Әрине, біз тұрақты түрде осылай ойын-сауық кешендеріне шыға бермейміз, сондықтан осындай көңілді күнді ұйымдастырған төтенше жағдайлар қызметіндегі аға-апаларымызға алғысымыз шексіз, — деді «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушісі Милана Демирчан.
Олар бүгін әдеттегі ыстық тамақты «фаст-фуд» өнімдерімен алмастырды. Оған қоса, ойын алаңындағы аттракциондарда емін-еркін ойнап қайтты.
– Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында олардың жүздеріне күлкі, көңілдеріне шаттық сыйлар шарамыз ойдағыдай өтті. Балалар кинотеатрға арнайы келіп қараған мультфильмнен алған әсерлерін ерекше сезіммен айтып жатыр. Әрбір бала бақытты болуға лайық. Сондықтан біз оларға қуанышты көңіл-күй сыйлауды көздедік. Балалардың болашақта еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып өсулеріне тілектеспіз, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім инспекторы Әсел Ғұмарова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған департамент өкілдері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен әртүрлі тақырыпта ұдайы іс-шаралар өткізіп келеді.
Малика ТӘКЕЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ