
Қиын жағдайдағы жандарға көмек көрсету жүйесі нығаюда
Атырау қаласында былтыр құрылған «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау мақсатында түрлі әлеуметтік көмек түрін ұсынады. Қазір орталықта 15 қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде директордың орынбасары, заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкер және басқа да мамандар бар.
— Орталықтың басты мақсаты – тұрғындарға психологиялық, құқықтық, қаржылай және азық-түлік көмегін көрсету. Құрылғалы бері 2157 адам әлеуметтік қолдау сұрап келді, олардың басым бөлігі баспана, азық-түлік және қаржылай көмекке мұқтаж болды. Сонымен қатар қала әкімдігі жанынан құрылған мобильді топтар өткен жылдың маусым айынан бастап өмірлік қиын жағдайға ұшыраған азаматтарды ерте анықтап, көмек көрсету жұмыстарын жүргізуде. Бұл орталықтың қызметі қала тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуде үлкен рөл атқарады. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға барлық бағытта көмек көрсету олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ 2025 жылдың қаңтар айынан бастап қалалық полиция басқармасынан 99 адамның мәліметі түсті, олардың 15-і тұрақты бақылауға алынып, оларға арнайы әлеуметтік қолдау көрсетілді, — дейді Отбасын қолдау орталығының директоры Шолпан Қоңырова.
Айта кетейік, орталықтың техникалық базасы да уақыт талабына сай жетілдірілген: 16 компьютер, «Е-Собес», «Е-Халық» жүйелеріне қосылған дерекқор және қызметкерлерге толыққанды жұмыс жағдайы жасалған.
Тоғжан ЕРМЕК