«Қара жұмыстан» қашқан ұрпақ
Екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүрген жастарды самсаған сандардан, статистикадан іздеудің қажеті жоқ-ау. Айналамызда да дипломы бар, жұмысы жоқ жандарды көз көріп, құлақ естіп жүр. Немесе, жиын-тойға бара қалсаң «таныстарың көп қой, балама жұмыс тауып берші» дейтіндердің қарасы көп.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мемлекет тарапынан ұлттық жоба шеңберінде жастар үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып жатқанын айтқан еді. Олай болса, алдағы уақытта жұмыс іздеушілердің айы оңынан туып, жұмыссыздық дертін азайтуға септігін тигізер деген үміт зор.
Жұмыссыз жүрген жастар көп
Заманның озығы болар, жастар төрткүл дүниеден хабардар, көргені де, естіп жатқаны да жетерлік. Десе де, жастарға қолдау көрсететін көп бағдарламадан олар бейхабар. Бұл ақпараттың жоқтығы ма? Алысқа ұзамай, «Дина» базарының артқы жағынан сөмке асынып, жұмыс іздеген жандарды күнде көреміз. Тепсе темір үзетін, қазақтың «мен, мен» деген жігіттері жақындасаң қаумалап, қоршай кетеді. Бірімен бірі таласып, анталай жүгірген топтың қоятын алғашқы сауалы «жұмыс бар ма?»
Олар жетіскеннен жүрген жоқ, жұмыстың жоқтығынан жоқшылықтың тауқыметін тартқан жандар мұндай бағдарлама барынан бейхабар болып шықты. Тіпті, «таныстарынан ауыспайды ғой» деп әбден көңілі қалғандарын айтады. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау шараларынан хабарсыз. Бізде жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар тек кабинеттердегі жиындарда айтылып, шеті мен шегі жоқ қағаз-құжаттарда ғана сықиып тұратын секілді. Аудандардағы, ауылдық округтердегі аталған басқармаға қарасты бөлім мамандары тарапынан да айтылып жатпаған сыңайлы.
Мәселе – ауқымды әрі күрделі
Иә, жастар мәселесі күллі қоғамға қозғау салатын кең көлемдегі әлеуметтік проблемалардан да ауқымды һәм күрделі. Бар энергиясын төбелес, ұрлық-қарлыққа немесе компьютер алдында ойын ойнауға жұмсап жүрген жастарға жасалатын бар мүмкіндікті сарқа пайдаланып, жұмыссыздықты жүйелі түрде шешу – бүгінгінің кезек күттірмейтін шаруасы болып тұр.
Бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның аясында қолданысқа енген оң өзгерістердің бірі – 35 жасқа дейінгі жандар ресми түрде жастар санатына кірді. Ал, біздің өңірде үш жүз мыңға жуық жас болса, оның бес мыңға жуығы жұмыссыз.
Осы жылдың тамызына дейін қала, аудандардағы мансап орталықтарына 12 425 жас хабарласып, 5 450-і немесе 43,8 пайызы жұмыспен қамтылыпты. Оның 2 940-ы тұрақты және 2 510-ы уақытша қызметке орналасқан екен. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан білдік.
Мемлекет тарапынан ұлттық жоба шеңберінде жастар үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып келеді. Оның ішінде жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған жас түлектер үшін «Жастар практикасы» жобасына 1094 адам жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы ауқымында 309 жас еңбекке тартылса, халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз адамдарға арналған «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы арқылы 15 адам нәпақасын тауып жүр.
Қоғамға қауіп төндіруі мүмкін
Қалай десек те, жастар арасында жұмыссыздық мәселесі күйіп тұр. Жұмыссыз жүрген жан қоғамға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Жастар әрқашан дүниеге «кірпіш болып қалануға» ұмтылады. Алайда, кейде өмірден өз орнын таба алмай жатады. Осыдан келіп қоғамнан жырақтау, суицидке бейімділік секілді мәселелер туындайды. Ол ол ма, жұмыссыздық жастардың өмір сүру сапасының нашарлауымен тығыз байланысты. Ол қылмыстың өсуіне, жасаруына әкелетіні жасырын емес. Ендеше, мәселені шешудің қандай жолдары бар?
«Жыл тәлімгері» атанған «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бөлім басшысы Жұмабай Абдоловтың пікірінше, жастардың арасында еңбек құндылықтарын қалыптастыру және көтеру, жұмысшы кәсіптерді танымал етуге бағытталған ақпараттық жұмыстарды кеңінен жүргізу қажет.
– Бізге қаншама көлік жүргізушілері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техник, механик керек. Сантехниктер жетіспейді. Солардың бәріне жоғары білім алмайтын, бос жүрген жастарды тартып, бұл да кәсіп екенін, адал табыс екенін үйретіп, насихаттауымыз керек, — дейді ерен еңбектің иесі. Расында, жастарды жұмыспен қамтамасыз етудің басты жолы – қазіргі білім жүйесін еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру-ау.
Түсіндіру жұмыстары жетіспей тұр
Биыл кәсіпкерлікті қолдау бағытында 142 жасқа 2,5 жеңілдік пайызбен 5 миллион теңгеге дейін микронесиелерді беру бағытында 710 млн. теңге бөлініпті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиевадан білуімізше, қазіргі уақытта Қаржы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері арасында келісу жұмыстары несиелік келісімге қол қою бағытында жүргізіліп жатқан көрінеді.
Аталған басқармаға хабарласқан жастардың ішінен 12 209 адамға әлеуметтік қолдау көрсетіліпті. Мәселен, 5 450-і жұмысқа тұрса, 758-і онлайн «skills» оқумен қамтамасыз етілген. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 593 жас жіберілген екен. қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар жандарды асыраушылар мен асыраушысынан айырылғандар есебінен 21 жас алыпты.
Өз кәсібін ашамын деушілерге ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп, қолдау көрсетілуі керек. Оларды құжатын тапсырып, не ақпарат алуы үшін әр бөлімге сандалтпай, жастар ресурстық орталығының мекемесіне тиісті мамандарды шақырып, «бір терезе» қағидатын ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен қатар, жастардың арасында өзінің ойын ашық айта алмайтын, мәдениетті сөйлеуді білмейтіндер жетерлік. Осы орайда жұмысқа орналасар алдындағы әңгімелесуге де үйрету қажет секілді.
Тосқауыл керек
Нашақорлық, маскүнемдік, әлімжеттік, қылмыс, зорлық-зомбылық, балалар өлімі, суицид. Бұл бүгінде қоғамда, айналамызда болып жатқан оқиғалар.
Расында, зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою жолындағы айтарлықтай кедергі ол «зорлық-зомбылық» ұғымының түсіну аясының тарлығы. Біз пікірін, ойын білмек болып тоқтатқан жастардың бірі «жыныстық сауаттылықтың жоқтығы» дегенмен байланыстырса, енді бірі «Ұят емес» сынды қор құру қажеттігін алға тартты.
«Ауырғанын жасырған өледі» емес пе, шындығы сол, жасөспірімдер мен жастар арасында өктемдік, әлімжеттік, зорлық-зомбылыққа ұшырау бар екенін білсек те, нақты қанша бала оның құрбаны болып жатқанынан бейхабармыз. Көбі зорлық-зомбылықтан зардап шеккенін жасырып қалғысы келеді. Айтуға қорқады. «Қоғам қалай қабылдайды?» деген жалтақтықтың құрбанына айналған. Бұл өзі басын шапсаң, құйрығы тірілетін айдаһар секілді, бітпейтін, шешілмейтін мәселе болып алды. Ол және қор ашумен не тренинг, кездесулермен шешілмесі анық. Денеңе жара шықса, теріні емес, ішкі құрылысты тексеретіні секілді, аталған мәселенің де негізгі өзегін анықтау қажет болар…
Ең үлкен мәселе – жасынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған баланың ешкімге ашыла алмауы. Іштен тынып, булығып жүруі. Ол үйіндегі адамдарға айта алмайды, ортада ешкім қорғамайды. Ал, оның соңы өкінішті жағдайға әкеліп жатады. Сондықтан мамандар балалар мен жастардың психологиясымен, тәрбиесімен білек сыбанып айналысуы керек.
Рита ӨТЕУҒАЛИ