Жарнама
Әлеумет

«Күміс жас» жобасы: Зейнеталды жастағы азаматтарды қолдайды

Атырау облысында жүзеге асырылып келе жатқан «Күміс жас» жобасы еңбекке қабілетті зейнеталды жастағы азаматтарды қолдаудың тиімді құралына айналды. 2022 жылы бастау алған бұл жоба бастапқыда зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған адамдарды қамтыса, 2023 жылдан бері оған 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар да қатыса алатын болды. Бұл өзгеріс еңбек нарығындағы аға буын өкілдерінің белсенділігін арттыруға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізуде.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту және көші-қон бөлімінің басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – зейнеталды жастағы адамдарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ете отырып, олардың зейнетақы жүйесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Осы уақыт ішінде зейнеталды жастағы азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасуға басымдық беріледі.
Жоба мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеткерлікке толмаған азаматтар кемінде бір жыл тұрақты жұмыс орнында қалса, зейнеталды азаматтар зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек ете алады.

–Жоба аясында жұмысқа орналасқан азаматтардың жалақысы субсидияланады. Субсидия мөлшері алғашқы 12 айда – жалақының 70%-ы (30 АЕК-тен аспайды), 13–24 айлар аралығында – 65%-ы (30 АЕК-тен аспайды), 25–36 айлар аралығында – 60%-ы (30 АЕК-тен аспайды).
Өткен жылы облыста «Күміс жас» жобасына 600 адамды қамту жоспарланғанымен, жобаға нақты 994 адам қатысқан. Оның ішінде 729 адам – жаңа қатысушылар болса, 265 адам – өткен жылғы қатысушылар, — деді Гүлболат Екпінқызы.

Жобаға қатысқан азаматтар іс жүргізуші, шабарман, тігінші, аспазшы, жұмысшы сынды түрлі мамандықтар бойынша еңбек етті. Орташа жалақы көлемі 110 760 теңгені құраған.
2024 жылы жобаны аяқтаған 265 адамның 205-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл жоба тиімділігінің айқын дәлелі болса керек. Ал биыл «Күміс жас» жобасы аясында 1 134 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру үшін 1 222 мекемемен, оның ішінде 1 221-і жеке меншік ұйымдармен келісім жасалған.

–«Күміс жас» жобасы 50 жастан асқан азаматтарға жұмыс өтілін жинақтауға, зейнетақы жарналарын аударуға, зейнетақы тағайындауға мүмкіндік береді. Бұл жоба тек зейнеталды жастағы адамдарды ғана емес, жалпы қоғамды қолдауға бағытталған маңызды бастама. Ол азаматтардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттырып, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге үлес қосуда, — дейді Г.Аманғалиева.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button