Кедергі келтірмесе, бағалау да кешікпейді
Биылғы 5 сәуірде Жем өзенінің көп жылдық деңгейден артық тасуы салдарынан Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласын су басты. Қаладағы 2900-ден астам тұрғын үй тасқыннан зардап шекті. Қазір Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің тікелей бақылауымен тасқын зардабын қалпына келтіру бойынша нақты жұмыстар жүріп жатыр.
Тасқыннан зардап шеккен үйлерді бағалап, тұрғындардың шығындарын анықтау мақсатында арнайы жұмысшы тобының қорытындылары да шыға бастады. Соған байланысты біздің тілшіміз демалыс күніне қарамастан қарбалас жұмыс үстіндегі тәуелсіз сарапшы-бағалаушы Байдәулетов Алмат Алдиярұлымен жүздесіп, оқырман үшін маңызды мәселелер бойынша жедел сұхбат құрған еді.
– Құлсарыда тасқын су салдарынан зардап шеккен тұрғын үйді бағалау нәтижелерінің аз көлемде шығуына байланысты жергілікті халық өз наразылығын білдіріп, орталық алаңға шықты. Сонда олар бағалау қорытындысына келіспей отыр ма?
– Жоқ, алаңға шыққан азаматтардың қолына бағалау парағы әлі тимеген. Жылыой ауданында болған тасқын судан зардап шеккен үйлер саны – үш мыңға жуық. Үйдің саны және аумағы көп болғандықтан біздің мамандар уақытпен санаспастан қарқынды жұмыс жасап жатыр.
Әрбір шағынаудандағы үйлерді зерделеу кезінде жергілікті полиция қызметкерлері де бізбен бірге жүрді. Өйткені, бастапқы кезде бағалаушы компаниялар қызметкерлерінің жеке өміріне қауіп төнгені рас. Соған байланысты олар жұмысын жалғастырмай кетіп қалғаннан кейін қабылданған шешім деп ойлаймын.
– Бүгін – 19 мамыр, әлі күнге дейін зерделеу жүргізілмеген үй бар ма?
– Иә, бар. Күні бүгінге 30-ға жуық тұрғын үйге техникалық зерделеу жұмысы аяқталған жоқ. Себебі, өзіңіз білетіндей, 15 мамыр, сәрсенбі күні тұрғындар қолына бағалау нәтижесі тимей жатып, орталық көшеге шығып наразылығын білдірді. Олардың талабының бірі – «бағалау компаниясының өкілдері де келіп, бізге түсіндірсін» деді. Кейін біздің жұмысымызға кедергі келіп, өмірімізге қауіп төнді. Сол себепті біз қазір қауіпсіз жерге көшірілдік. Жұмысты осы жерде жалғастырып жатырмыз. Мұның да өз қиыншылықтары бар. Әрине, жұмыс қарқыны баяулайды.
– Қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– 15 мамыр күні 106 тұрғын үйдің бағалау нәтижесі шығып, жергілікті әкімдік қызметкерлері үш сағатта оны таратып, тұрғындарға таныстырды. Азаматтардың басым бөлігі келісті, алайда көшеге жиналғандар олардың шешім қабылдауына айтарлықтай кедергі келтіріп, ойын сан-саққа жүгіртті.
Ал, кейбір азаматтар бағалау нәтижесіне көңілі толып, риза болды. Тіпті жергілікті атқарушы органмен келісім-шарт жасап та үлгерді.
– Қазір қанша үйдің бағалау нәтижесі шықты?
– Бүгін 200-ден астам үйдің бағалау нәтижесі шықты. Бірақ бұл үйлердің иелерінде ереуілде тұрған адамдардың айтып жүрген «шаршы метріне 400 мың теңге бөлуі керек» деген талабы орындалып қалса, біз ұтылып қалмаймыз ба деп екіойлы болып отыр. Соған байланысты бағалау нәтижесі алған тұрғындардың біраз бөлігі келісім-шарт жасауды кейінге қалдырып, ойлануға уақыт беруді сұрап отыр.
– Келісім-шартқа қол қойып, жұмысын бастаған азаматтар бар ма?
– Әрине. Ресми арналардан және бұқаралық ақпарат құралдарында көргендеріңіздей, «жөндеу жұмысына жарамды» деп танылған үй иелері өз үйлеріне жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
– Бағалау нәтижесі шыққаннан кейін зардап шеккендерге қаражат қай күні аударылды?
– Ол қаражатты аударатын біз емес, әрине. Алайда жекелеген азаматтар бізге 17 мамыр күні хабарласып, күрделі жөндеу қорытындысына ризашылықтарын білдіріп, қаражат аударылғанын айтып, қуанышымен бөлісіп жатыр. Соған қарағанда, жұма күнінен бастап қаржы түсе бастаған болуы керек.
– Яғни, бағалау шықты, қаржы аударыла бастады. Енді жергілікті тұрғындардың басқа қандай жұмыстарға көңілі толмай отыр?
– Тағы да айтып өтейін, көшеге шығып наразылық білдірген азаматтар – қолына бағалау нәтижесін алмағандар. Бағалау нәтижесімен келіспейтіндері қазір арнайы бөлінген орындарда қайта қарауды сұрап, өз арыздарын беріп отыр.
Бұл дегеніңіз бағалау нәтижесі қолына тиген азаматтар өз үйін қалпына келтіру бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Егер олар көшеде ереуілде тұрса, олардың процедура бойынша әрі қарайғы жұмыстарын кім жасайды?!
– Қазір нақты жұмыстардың, маңызды шешімдердің қабылданып жатқан қауырт кезі. Мамандар бәріне үлгере ме?
– Осыған қатысты атап өтетін бір мәселе – біздің әрбір жасаған жұмысымыз бен қабылдаған шешімдерімізді уәкілетті және құзырлы органдар тексереді. Сол себепті біз нысандарды объективті, яғни нарықтағы баға есебімен есептейміз.
Әрине, жұмыс процесі күрделі, біршама уақыт алады. Егер тұрғындар тарапынан келіспеушілік жалғасатын болса, тиісінше біздің жұмысымыз да баяулайды.
– Қауырт жұмыстан уақыт тауып, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Назарбек ҚОСШИЕВ