«Бәріне де жұмыс жасауға болады!»
Осындай ұранмен Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен «APEC PetroTechnic» жоғары колледжінің базасында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Мұнда облыс бойынша 50-ден астам ірі компанияның өкілдері қатысып, олардың әрқайсысы өздеріне қажетті мамандарды іріктеуге мүмкіндік алды.
Олардың қатарында «Өмірзақ-Сервис», «Денхолм Жолдас», «NCOC», «KPI», «Экспертиз KZ», «ЮСС Супорт Сервисез», «Orion Group KZ», «WOOD KSS», «KazGlobalSolution», «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы, «Шлюмберже», ,,Атырау жылу-электр орталығы» АҚ, «Болашақ Атырау», «КазТурбоРемонт», «Атырау – Жарық», «Арнаулы көлік базасы» ЖШС,
«Атырауинжстрой» (АИС), «Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» РММ және басқаларын атауға болар еді.
-Айта кету керек, жәрмеңкеге қатысушылардың назарына ұсынылған 507 бос жұмыс орнының 420-сы жұмысшы мамандықтары. Олардың қатарында автокөлік жүргізушісі, электрлі, орамдаушы, сылақшы, тазалықты, тиеуші, аспаз, кір жуушы, слесарь жөндеуші, т.б. атауға болар еді. Бұдан басқа инженерлік-техникалық мамандықтарға 55 орын бөлінді. Оның ішінде инженер электрик, сапа жөніндегі инженер, қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер, құрылысшы инженер және басқалары бар, — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Дина Әбішева.
Жыл басынан бері облыста 13 мәрте бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, оған 128 кәсіпорын-мекеме, 1650-ге тарта жұмыссыз азамат қатысқан. Нәтижесінде 600-ден астам адам тұрақты жұмыс тапқан.
Дәулетқали АРУЕВ