Тоқсан жасқа таяған Лия Қилашева балалардың басына түскен аштық туралы айтып берді
Кеңес өкіметі кезінде қазақ даласын жайлаған ашаршылық тек 30-жылдармен тоқтамай, соғыстан кейінгі жылдары да дәл сол кездегідей аштық болмағанмен, жоқшылық талайды тентіреткен. Сол кезде Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты Сарбие ауылындағы нағашы ағасының қолында тұрған, бүгінде 90 жасқа таяған Лия Қилашева осы бір қиын кезең туралы тебірене отырып айтып берген еді.
Бүгінде Мақат ауданының Доссор кентінде тұратын Лия әжей нан қиқымының шашылып қалғанына, сүттің төгілгеніне қынжылмайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанына жабырқайды.
Соғыстан кейін мектепке естияр болып барған Лия Қилашқызы нағашы жеңгесінің інісі, соғыстан жараланып келген Жаңабайдың шәкірті болыпты.
– 1951 жылы төменгі сыныпта оқитын кезім. Қаңтар айында мұғалім ағай Жұпар деген сыныптасымның үш күннен бері сабаққа келмей жүргенін, оның үйіне жақын болғандықтан барып халін біліп келуімді тапсырды. Жасыратыны жоқ, соғыстан кейінгі сол кезеңде тұрмыс шынымен тозып тұрған еді. Колхоз басқармасының төрағасы болып жасайтын нағашымның қолында болғандықтан біз ашыққан жоқпыз. Ертесіне сабақтан келіп, түсқайта сыныптасымның үйіне бардым. Жұмабай деген ағаммен VII сыныпта бірге оқитын Саржау деген ағасы болатын. Үйге кірсем екеуі төсек тартып, аштықтан бұратылып жатыр екен. Не болғанын сұрай бергенім сол-ақ еді, колхоздың сауыншысы болып істейтін анасы жылап жіберді. Неге екенін қайдам, сол күнде қазіргідей жалақы төленбейді, еңбеккүннің өзі уақытында тиісті көлемде берілмейді. Табын-табын сиырдан қолмен сауылған сүтті сауыншылар адам бойындай сеператор машинамен тартып, өкіметке тапсырады. Ал сауыншыларға еңбеккүн ретінде қаймағын айырған бір литр сылдыр сүт қана беретін. Жұпар мен Саржау сондай жағдайда ас-сусыз қалжырап, үш күн бойы жатып қалған екен. Келесі күні мектепке барған соң Жаңабай ағайыма жағдайды айтып, көк сүттің талғажау болмай жатқанын жеткіздім. Анасының да жуастығы ғой, хал-ахуалын айтып, ешкімге бармаған, — деді Лия әжей.
Содан бұл жағдайды естіген мұғалімнің хабар еруімен ауданнан арнайы комиссия астық әкеліп, әлгі отбасыға ас-суын беріпті. Осылайша, Лия әжейдің тілалғыш, ширақтығының арқасында қаңтарда жатып қалған балалар наурыз айында аяққа тұрып, мектепке барған екен.
Әжейдің айтуынша, ол кезде ақша деген түсінік жоқ, тіпті киер киім мен ішетін астың қат уақыты. Жас қыздардың өзі қойдың биязы жүнінен белдемше мен кеудеше тоқып киетін. Көрген бейнеті мен тұрмыс тауқыметін күрсіне отырып еске алған кейуананың сөзінен түйгеніміз – сол кезде көрген қиындықтың қасында бүгінгі тұрмыс ханға сәлем бергендей екен. Қазір талаптанып еңбек етсе, жан бағатын, тіпті әжептәуір дәулет жиып алуға толық мүмкіндік бар.
Халық тарихындағы тақсыретті кезеңдердің айқын айғағындай Лия әжейдің немесе оның замандастарының көргендері мен бастан кешкендері қалың бұқараға ой салады деп ойлаймын.
Алмас ҚАБДОЛОВ