![Әуе билетінің құны қалай есептеледі 1 aue](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/aue-780x470.webp)
Әуе билетінің құны қалай есептеледі
Қазақстанда әуе билеттерінен түсетін табыстың 40%-ға жуығы жанармайға жұмсалады. Бұл бағаның қымбаттауына негіз бола ала ма? Әуе тасымалының тарифі қалай есептеледі? Kazinform тілшісі бағамдап көрді.
Бағаға ықпал ететін критерийлер
Әуе билеттерінің қымбаттығына шағымданатын жолаушы көп. Бұл мәселе Мәжілістегі Үкімет сағаттарында да бірнеше рет талқыланып, депутаттар әуе тасымалының құны негізсіз көтеріліп жатқанын айтқан еді.
Осы мәселеге қатысты Көлік министрлігінің баспасөз қызметі ресми пікір білдірді. Мәлімдеуінше, әуе билетінің бағасын министрлік реттемейді. Десе де, билет құны қандай критерийлерге байланысты есептелетінін түсіндірді.
– Билет бағасының 36,5%-ы авиациялық отынға, 15%-ы техникалық қызметтерге жаратылады. Әуе кемелерінің лизингіне 8,6%-ы кетеді. Ал табыстың өзге бөлігі әуежай қызметтері, жолаушыларға көрсетілетін қызмет, жұмысшылардың жалақысы, аэронавигация, амортизация және басқа да шығындарға жұмсалады, — дейді ведомстводан.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанды халықаралық авиациялық хабқа айналдыру үшін әуе отынының бағасын төмендету қажет екенін айтқан еді. Әсіресе, Астана әуежайындағы жанармай құны тым жоғары деген болатын. Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Үкіметпен бірлесе отырып, мәселені бірінші жартыжылдықта шешу тапсырылды.
Алайда билет құны тек жанармай мен қызметтерге байланысты бекітілмейді. Бағаны нарық реттейді. Бұл туралы «Air Astana» тобының басшысы Питер Фостер айтқан болатын
– Билетті ертерек алсаң, соған орай арзан болады. Билет бағасы сұранысқа да аса байланысты. Сол себепті, демалыс және мереке күндері баға жоғары болады. Бұл саладағы динамикалық баға қалыптасуға байланысты әрі әлемдік тәжірибе, — деген еді Питер Фостер.
Әуе билеттері арзандай ма?
Соңғы саяси жағдайларға байланысты көптеген шетелдік әуе компаниялары Ресей аумағы арқылы ұшудан бас тартқан. Ал бұл Қазақстанның авиация саласындағы халықаралық рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Алайда Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмұтова бұл мәселеге экономикалық факторлар, әсіресе импортқа тәуелділік кедергі келтіретінін айтады.
– Қазіргі уақытта аймақтағы әуе компанияларының көбі Ресей әуе кеңістігін айналып өтеді. Осы себепті, Қазақстанның Астана, Алматы және басқа да ірі қалаларындағы әуежайларды жолаушыларды тасымалдау және жанармай құю хабына айналдыру мүмкіндігі бар. Бірақ елдегі авиаотынның негізгі бөлігі Ресейден жеткізіледі. Ал соңғы уақытта Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай қоймаларында болған өрт оқиғалары салдарынан импорт көлемі қысқаруы мүмкін. Сондықтан Қазақстанда авиакеросин бағасын төмендету екіталай, – деді сарапшы.
Ол билет бағасының өзгеруіне ықпал ететін бірнеше факторды атап өтті.
– Әуе билетінің бағасын қалыптастырудағы жалпы шығын құрылымын ескеру қажет. Оған қызметкерлердің жалақысы, қосалқы қызметтер, салықтар да кіреді. Қазір ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі қарастырылып жатыр, бұл да билет бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін. Әрине, мен де қарапайым азамат ретінде әуе билеттерінің арзандағанын қалаймын. Бірақ авиаотын бағасы тұрғысынан алып қарағанда мұндай өзгерісті күту қиын, – деп түйіндеді ол.