
Атыраудағы жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен жиын өтті. Күн тәртібінде ішкі еңбек нарығына қажет мамандарды даярлау және жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар аясында жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері талқыланды. Жиынға 100-ден астам компанияның жетекшісі қатысты, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінде Атырау облысындағы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрайды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов айтты.
— Алдағы 4 жылда жалпыұлттық пул шеңберінде 20,5 мың жұмыс орны құрылып, 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Осы пулдың аясында биыл іске асырылатын 17 жоба бойынша мыңдаған жұмыс орны ашылады: салынып жатқан “Силлено” политэтилен зауыты — 500 орын, құрылысы жүріп жатқан газ өңдеу зауыты — қосымша 600 орын, теміржол вагондарын шығаратын “Тексол-Транс” ЖШС — 500 орын, барлығы — 2597 орын. Биыл сондай-ақ бос жұмыс орындарының 56 жәрмеңкесін өткіземіз, — деді П.Хасанов.
Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру орындарының студенттерін жұмысқа орналастыру жөнінде ақпарат берді. Бүгінде облыста 24 колледж бар, биыл 5 мыңдай студент оқуын аяқтайды. Кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылып отыр. Отыз кәсіпорын колледждерге шефтік көмек көрсетіп келеді, соның арқасында 382 студент білім алып жатыр. Компаниялар оқу орындарын жабдықтауға, түлектерді жұмысқа орналастыруға, емтихандар ұйымдастыруға жәрдем береді. Он алты колледжде дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, оның аясында 2028 студент 483 кәсіпорынның қатысуымен 26 мамандықты меңгеруде.
“ТШО” ЖШС бас директоры Кевин Лайон компанияның жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы шаралары жөнінде хабардар етті. Оның сөзінше, ТШО-ның негізгі өндірісінде еңбек ететін қазақстандық кадрлердің үлесі 96%-ды құрайды. Наурызда ТШО компаниясы, Жылыой ауданы және 37 мердігер мекеме жұмыспен қамту саласындағы әріптестік жөнінде үшжақты меморандумға қол қойған. Бұдан бөлек, ұжымдық әлеуметтік жоба шеңберінде 126 жұмыссыз кәсіптік-техникалық мамандықтар бойынша оқып жатыр.
Жасұлан Бисембиев “Теңізшевройл” компаниясымен әріптестік шеңберінде қайта даярлау курстарының бағларламаларын кеңейтіп, еңбек нарығының бүгінгі сұранысына және өңірдің стратегиялық міндеттеріне сай келетін жаңа мамандықтармен толықтыру керегін айтты. Облыс әкімінің орынбасары үшжақты комиссияның бұған дейінгі отырысында ТШО компаниясында Болашақ кеңейту жобасы (FGP) аяқталған соң арнайы индустриялы аумақ құру мәселесі сөз болғанын да атап өтті. Бастама өндірісті локализациялауға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Ол осы орайда компания директоры Кевин Лайоннан бұл істің қандай күйде екенін сұрады.
— Қазақстандық үлесті дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып жатырмыз, ОЕМ-өндірушілерді Қазақстан аумағында өндірістер ашуға ынталандыратын және тартатын қазақстандық іскер серіктестерімізбен тығыз байланыстамыз. ТШО Атыраудағы Индустриалды парк шеңберінде Еділ-Оралмен серіктес. Бұдан бөлек, біз қазақстандық тауар өндірушілерді дамыту мақсатында халықаралық машина жасау орталығымен де әріптестік байланысты жолға қойдық, — деді Кевин Лайон.
Биыл Атырау облысында “Силлено” зауытының құрылысы басталды. Құрылыс кезеңінде 8 мыңнан астам адам жұмысқа тартылса, кәсіпорын іске қосылған соң қызмет көрсететін мекемелер мен қосалқы өндірістерді есептемегенде 800-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
— Зауыт жоспар бойынша 2029 жылы іске қосылады. Бүгінде жобалау кеңсесі қызметкерлерді белсенді қабылдап жатыр. Feed кезеңінде Силлено компаниясындағы қызметкер саны 129 болса, жоба қарқынды жүзеге асырыла бастағанда оның саны 508 адамға жетеді (өндірістік бөлімді қоспағанда). Бүгінде 192 адам жұмысқа қабылданған. 2023-2025 жылдарда өте көп түйіндеме келіп түсті, соның 1635-ін іріктеп алдық. Конверсия коэффициенті — 12%. Іріктеуді өте мұқият және әділ жасаймыз.
Мердігер және қосалқы мердігер мекемелердегі вакансиялар жайында Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ақпарат бердік, — дейді Ж.Қайыргелді.
Атырау вагон жасау зауытының қызметкерлерді басқару жөніндегі директоры Ольга Емельянова жаңа жұмыс орындары және кәсіпорынға қызметке тұрудың мүмкіндіктері туралы айтты.
— Бүгінде білікті мамандардың тапшылығы байқалады. Жекелей алғанда, дәнекерлеушілер, СББ станоктарының операторлары, темір кесушілер, цех шеберлері жетіспейді. Ал жастардың бұл мамандықтарға қызығушылығы жоқ. Бұл мәселені шешу үшін бірқатар жұмыс жүріп жатыр. Білікті мамандар даярлау мақсатында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетімен, көлік және коммуникация колледжімен, С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжбен және аграрлық-техникалық колледжбен дуалды оқыту жөніндегі келісімге қол қойылды. Студенттер теорияны меңгереді және өндірісте тәжірибе жинайды. Оған қоса, кәсіпорын базасында өз оқу орталығымыз аккредитациядан өтіп жатыр, онда оқығандар кейін Texol компаниялар тобында жұмысқа орналастырылады. Орталық оқу мен тәжірибенің тиімді алаңына айналып, тек өзіміздің ғана емес, өңірдің басқа да өндірістік алаңдарындағы сұранысты өтеуге мүмкіндік береді. Былтыр зауытқа 290-нан аса адам жұмысқа тұрды, олардың 255-і — атыраулық. 2027 жылдың соңына қарай 2000 жаңа жұмыс орны ашылады. Ол өндірістік жоспармен және шығарылатын өнім көлемінің артуымен түсіндіріледі, — деді О.Емельянова.

— Аймақта жаңа жұмыс орындары жоғары қарқынмен ашылып жатыр, сондықтан да әр кәсіпорын Enbek.kz порталымен тығыз байланыста қызмет етуі керек. Бұл жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды инвестициялық жобаларға шұғыл тартуға мүмкіндік беріп, жұмысқа орналастырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Жұмыс берушілердің ТШО компаниясының Болашақ кеңейту жобасынан босаған жұмысшылар туралы ақпаратқа қолы жетімді болуы бұл процесте маңызды роль атқарады. Бүгінде Үкімет инвестициялық бастамаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр, әкімшілік мәселелерді жедел шешуге толық жағдай жасалған. Бизнес өз кезегінде салық режимін сақтап, жергілікті тұрғындарды жұмыспен белсенді қамтуы тиіс, — деді Ж.Бисембиев.