Жарнама
Әлеумет

Атырауда жастар фестивалі 10 мыңнан астам жасты қамтиды

Атырау облысында Халықаралық жастар күніне арналған «Atyrau Jastar Fest – 2025» онкүндігі өтеді. 10–24 тамыз аралығында шығармашылық, спорттық, танымдық және инновациялық бағыттағы 20-ға жуық іс-шара ұйымдастырылып, жалпы 10 мыңнан астам жас қамтылады. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасының Жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы Айдар Жален брифинг барысында мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биылғы фестиваль аясында поэзия және кітап кештері, «Atyrau Quiz», «Atyrau Puzzle Day» интелектуалды ойындары, «Ulttyq Cover» және «Atyrau Youth Dance» өнер байқаулары, «Atyrau Youth Hackathon» инновациялық сайысы, «AJF eSports Cup 2025» киберспорт турнирі, «Tungi Run» кешкі марафоны, «Atyrau Books» кітап және қолөнершілер жәрмеңкесі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған үш күндік шеберлік сабақтары өтеді.

– Онкүндіктің басты мақсаты – өңір жастарына шабыт сыйлау, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру және жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Фестиваль жаз мезгілінің ең жарқын әрі мазмұнды алаңына айналмақ, – деді А.Жален.

Фестиваль аясындағы іс-шаралардың бір бөлігі жүлде қорымен және бірқатар номинациямен өтеді.

– Биыл фестивальге облыстың барлық аудандарынан белсенді өтінімдер келіп түсті. Іріктеу кезеңдері онлайн форматта өтіп, финалға ең мықты қатысушылар өтті. Біз үшін бастысы – жастардың тек өнерде емес, достық пен ынтымақтастықта да жеңіске жетуі, – деді «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің менеджері Ерболат Балабаев.

16 тамыз күні өтетін «Atyrau Jastar Fest – 2025» гала-концертінде жастар саясатына үлес қосқан үздіктер марапатталып, «Тәуелсіз ұрпақтары» шағын гранттарының иегерлері жарияланады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button