
Әр мерекеде – арнайы көмек
Әлеуметтік саясаттағы маңызды бастамалардың бірі – әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін төлемдерді біріздендіру қажеттігі. Бұл бағыт мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауында да айқындалып, елдің әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру қажеттілігін туындатты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы биыл тұрғындарға бір жолғы және ай сайынғы әлеуметтік көмек түрлерінің көлемі туралы мәлімет берді. Шынтуайтында, тұрғындарға ай сайынғы жәрдемақылармен қатар, жылына бір рет көрсетілетін төлемдер және мерекелік күндерге орай берілетін арнайы қолдау шаралары да бар екен.
Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар және Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген 1177 адамға ай сайын 10 мың мен 35 мың теңгенің аралығында әлеуметтік көмек төленіп келеді. Тарата айтсақ, Атырау облысында мұндай төлем алатын 428 ауған соғысы ардагері мен 1 ауған соғысына қатысушының отбасы, 304 тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы, Таулы Қарабах қақтығысына қатысушы 258, Ирактағы ұрыс қимылына қатысқан 2 адам, 165 «чернобылшы», 16 тыл ардагері, Кеңес Армиясының 3 әскери қызметшісі бар.
Сонымен қатар, туберкулездің әртүрлі түрімен ауыратын 652 науқасқа емханалардан алынған тізімге сәйкес амбулаториялық ем алу кезеңінде ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш беріледі екен. Бұл ақшаға шаққанда – 39 320 теңге. Адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған 3 балаға ай сайын күнкөріс деңгейі бойынша 92 456 теңге төленеді. Ал, Азғыр полигоны аумағында тұратын барлық топтағы мүгедектігі бар 214 адамға – 18 жасқа дейінгі балаға, І топ мүгедектеріне – 2 АЕК-тен, ІІ топ мүгедектеріне – 1,5 АЕК, ІІІ топ мүгедектеріне 1 АЕК мөлшерінде көмек қарастырылған.
Жылына бір рет көрсетілетін көмек түрлері де бар. Олар зілзала немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасына – 100-1500 АЕК аралығында), қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға – 15 АЕК (58 980 теңге), қатерлі ісікке шалдыққандарға – 15 АЕК, І топтағы мүгедектердің қасына шипажайға еріп барған адамға – 55 АЕК-ке дейін (216 260 теңге) беріледі. Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген шектен аспайтын отбасына 10-25 АЕК көлемінде біржолғы көмек те бар.
Мерекелік күндерге орай арнайы төлемдер де жоспарланған. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне мүгедектігі бар балаларға 7,5 АЕК (29 490 теңге) беріледі. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, қайтыс болған ардагердің отбасына және бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 50-150 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге (неміс лагерінің тұтқыны, марапатталған тыл ардагері, марапатталмаған тыл ардагері, Чернобыль апатын жоюға қатысқандар, жесір және боздақтар отбасылары – барлығы 918 адам) 50 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі аралықта төлем беріледі. 30 тамыз – Конституция күніне барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 50 мың теңге, ал 25 қазан –
Республика күніне 7,5 АЕК (27 690 теңге) төленеді. Ал, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, кейін ақталғандарға 200 мың теңге төленбек.
Белгіленген әлеуметтік қолдау шаралары облыс халқының түрлі топтарына бағытталған кешенді қамқорлықты көрсетеді. Ардагерлер, мүгедектігі бар азаматтар, ауыр дертке шалдыққандар және аз қамтылған отбасыларға бөлінетін қаржылай жәрдем олардың тұрмыс жағдайын жеңілдетуге сеп болады. Бұл бастамалар мемлекет тарапынан әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, халықтың сенімін нығайтуға бағытталған игі қадам екені сөзсіз.
А.ҚАБДОЛ