
Әлеуметтік әділет пен жауапкершілік керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттағы ұзақ жылдан бері қордаланған маңызды мәселелерді ашық айтты. Бұл – көп жылдан бері әлеуметтік салада еңбек еткен маман ретінде менің де көкейімде жүрген ойлармен үндесіп жатыр.
Әлеуметтік қолдау дегеніміз – мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенімге негізделген жүйе болуы керек. Алайда соңғы онжылдықтарда бұл жүйе негізінен әлеуметтік масылдыққа жол беретін, шынайы мұқтаж бен жасанды көмек алушыны ажырата алмайтын сипатқа ие болды. Президент атап өткендей, бізде жүзден астам әртүрлі жеңілдік түрі қалыптасқан. Бірақ олардың көпшілігі нақты қажеттілікке емес, бір кездері саяси ұпай жинау үшін енгізілген популистік шешімдерге негізделген.
Мысалы, КСРО кезіндегі немесе одан тыс аймақтардағы түрлі қақтығыстарға қатысқандарға арналған жеңілдіктердің әлі күнге дейін сақталып келе жатқаны – күрделі әрі екіұшты мәселе. Мемлекет ардагерлерге құрмет көрсетуді тоқтатпайды, әрине. Бірақ 35 жыл өтсе де, “ардагерлеріміздің санының артуы” – жүйенің осалдығының айғағы.
Президент Жолдауында атап көрсетілгендей, толық емес отбасыларды автоматты түрде жеңілдік иесіне айналдыру секілді біржақты шешімдер де теріс әлеуметтік салдарға әкелді. Мұндай механизмдер қоғамдағы ажырасу деңгейінің күрт өсуіне әсер етті. Бұл тек демографиялық емес, құндылықтық дағдарысқа алып келді. Себебі әлеуметтік көмек тек өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға нақты критерийлермен берілуі керек.
Жолдауда көтерілген басты мәселе – әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді біріздендіру қажеттігі. Бұл – өте орынды әрі қажетті қадам. Бірізденбеген жеңілдіктер жүйесі көмекті шын мұқтаж азаматтарға жеткізудің орнына, алаяқтар мен пысықтардың жеміне айналып отыр. Жергілікті жерде “осы жеңілдікті алып берейін” деп жалған құжат жасап, пайда көретін “жылпостар” көбейді. Бұл – мемлекеттік қаражатты ұрлау деген сөз.
Мен өз тәжірибемде нағыз мұқтаж азаматтардың жүйеге іліне алмай, ал «қағаз жүзінде» мұқтаж болып көрінетіндердің барлық көмекті алып отырғанына жиі куә болдым. Президенттің бұл мәселені тікелей атап өтуі – шындықпен бетпе-бет келудің үлгісі. Бұл – батыл шешім қабылдайтын сәт келгенін көрсетеді.
Әлеуметтік қолдау жүйесін реформалау үшін:
Барлық төлем түрі орталықтандырылған әрі нақты критерийлермен белгіленуі тиіс. Әлеуметтік көмек тек жұмыс істеуге қабілетсіз немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналуы қажет. Көмек алушыларды цифрлық жүйе арқылы бақылау алаяқтықтың жолын кесуге көмектеседі. Ең бастысы, әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажет.
Мемлекетіміз ешқашан азаматтарын қараусыз қалдырмайды. Бірақ бұл көмек еңбектен қашатындар мен жүйені пайдаланып үйреніп алғандар үшін емес, шынымен мұқтаж жандар үшін бағытталуы керек.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік салада әділдік пен жауапкершілік болуы тиіс. Президент Жолдауында көтерілген осы мәселелер – уақыт талабынан туған шынайы, нақты, әрі батыл шешімдер. Бұл өзгерістер халықтың шынайы әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны сөзсіз.
Самал ЖЕКСЕНҒАЛИЕВА,
әлеуметтік қорғау жүйесінің ардагері