«Жүрегім толы ар еді»… Бұл – ақын, журналист-публицист Қабижан Сағиевтің жан толғанысы
Иә, өткен ғасырдың 60-90-жылдары отты жырларымен, парасат-пайымға толы публицистикалық туындыларымен көзіқарақты оқырман қауымға «Қабижан Сағиев» деген бір есім жақсы таныс болатын. Сол тұстарда ол:
«…Көп тілек менде бар еді,
Көзімнен ғана ұғатын.
Жүрегім толы ар еді,
Толғатып ойға тұратын!..» — деп еді.
Шынында ол ардың туын биік ұстаған, өзіне айнымас дос болған аппақ қағазы мен қаламына сырын төгіп, мұңын шаққан кіршіксіз тазалық пен адалдықтың үлгісі болатын. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Мереке Құлкенов «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен шыққан ақынның «Албырт ағыс» атты кітабының алғы сөзінде: «…Қабижан ағамыз терең білімді, парасатты, әрі биік талғамның адамы еді. Газет бетіне ең таңдаулы шығармаларын іріктеп алып, жариялауға тырысатын. Өлеңге деген көңілі қандай адал болса, талабы да сондай биік-тұғын. Ол бізге әдебиетті қастерлей білуді, сөз қадірін бағалауды үйрету арқылы талғамымызды өсірді…» — деп жазды.
…Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің үшінші курсында республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде өндірістік тәжірибеден өткенім бар. Әр санынан оқырманды алғы күнге жетелейтін, келешегіне сенім ұялататын дарабоз газетте қазақ баспасөзінің сайыпқыран өкілдері қызмет ететін.
Бірде ашаңдау келген, ұзын бойлы, сөзін сатып беретіндей көп сөйлемейтін (студенттің қабылдауы) бір аға жаныма келіп:
– Айналайын, қай жердің баласысың? — деді.
– Гурьевтің…
– Е-е-е, Қабижан Сағиевтің жерлесі екенсің ғой! Мықты ақын, аурумен арпалысып жүріп, өлеңді өзіне бағындырған керемет жан…
– Танисыз ба?
– Иә, танымасам, сенен сұраймын ба? Екеуіміз рухани дос болдық. Әттең, оған әдеби орта жетіспеді. Алматыда, осы ортада жүрсе, атақ-даңқы қазіргі мықтылармен қатар аталатын еді, — деді.
«Мықты дейді! Кім болды екен? Әкемнен сұрап көрейінші…».
Содан жерлесім туралы жақсы пікір білдірген, сырт көзге томаға-тұйық көрінетін ағаны жақсы көріп кеттім. Ол – «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, ақын, жазушы, аудармашы Зұлқарнай Сақиұлы болатын.
Өндірістік тәжірибе де аяқталды. Елге келдім. «СҚ»-дағы» жақсы ағаның «Мықты ақын, аурумен арпалысып жүріп, өлеңді өзіне бағындырған керемет жан… Екеуіміз рухани дос болдық. Әттең, оған әдеби орта жетіспеді. Алматыда, осы ортада жүрсе, атақ-даңқы қазіргі мықтылармен қатар аталатын еді» деген сөзі жаныма тыныштық бермеді. Содан әдеби ортаны, жалпы руханият әлемін жақсы білетін әкемнен:
– Көке, Қабижан Сағиев дегенді білесіз бе? Алматыда бір аға керемет ақын деді…
– Білгенде қандай!.. Хрущевтің саясаты кезінде аудандық газеттердің жабылып қалғаны бар. Мен Қызылқоға аудандық байланыс торабының басшысы едім. Радио хабарларын тарату бізге жүктелді. Сол тұста Қабижанды өзімізге радио хабарын таратушы етіп алдым. Ағалары Ыдырыс, Нұғыман, Лұқпандарды жақсы танимын. Оның үстіне аудандық «Коммунизм туы» газетінің әр саны «Қабижан Сағиев» деген фамилиясыз шықпайды. Өлең керек пе, очерк керек пе, баллада керек пе, төпетіп жатады. Таңдау осы жігітке түсті. Қабижан сенім биігінен көріне білді. Жергілікті радиоторапқа жан кірді. Ол кезде радио хабарлар әр үйдегі шағын радиоға қоса, көшеге қойылған күшейткіштермен де тарайды. Тұрғындар көшеде келе жатса, тұра қалып, Қабижанның үніне құлақ түретін. Кейін аудандық газет қайта ашылып, ол аудандық газетіне кетті, кейін Махамбет аудандық газетінде, облыстық «Коммунистік еңбек» газеттерінде еңбек жолын жалғастырды, — деді.
Әкем айтқан осы әңгімеден кейін ақын, журналист Қабижан Сағиевтің шығармашылығына деген қызығушылығым артты. Бала күннен меңдеген дертпен алыса жүріп, шығармашылықтан қол үзбей, өз өмірін өлеңмен өрнектей білген ағаға деген құрметім еселене түсті. Содан университет бітірісімен облыстық «Коммунисік еңбек» газетіне жұмысқа тұрдым. Енді Алматы төрінде ағаға деген қызығушылығымды оятқан Зұлқарнай Сақиұлының досымен әріптеспін. Қараймын, ағамыз менің кім екенімді білсе де, танитындай сыңай танытпады. Газеттің бас штабы – жауапты хатшы мен орынбасары, суретші-ретушер мен беттеуші отыратын аядай кабинеттен көп шықпайды, жұмысбасты. Редакция қызметкерлерінің әзіл-қалжыңы аралас әңгіме-дүкеніне тіптен араласпайды. «Маршруты» – өз кабинеті мен редактор және оның орынбасарына барар жол ғана. Қарауындағылармен байланысы да ресми. Бас қондырысы, шаш қойысы мектеп оқулығындағы көзіміз үйренген Пушкинге келетін сияқты. Іштей «Қазақтың Пушкині» десе болғандай екен» деп қоямын. «Өлеңдерін, жазғандарын қайдан тауып, оқысам» деген ой да маза бермейді. Жазғандарын күнде жарияласа да, жауапты хатшының өз қолында емес пе?! Жоқ, ағамыз қызметін өз қажетіне пайдалануға жоқ сияқты.
Жұмысқа орналасқаныма жарты жылдан асты. Алғашқы әсер сол күйінде. Қызметкерлермен баяғыша ресми байланыс, бірқалыпты мінез, артық-ауыс әңгімеден аулақ. Апталық лездемелердегі, редакция жиналыстарындағы сөзінен нақтылық, орынды талап пен сынды байқайсың. Ешкім «олай емес» дей алмайды. Әйтсе де сын шымбайына батқан кейбіреулер жиыннан шыға бере күңкіл-сүңкілге басып, сын иесін сырттай қаралап, өздерін арашалай бастайды. Ұжым өміріне енді араласқан біз ақ пен қараны ажыратар жастамыз. Жауапты хатшы уәжінің дұрыстығына ішім жылиды. Бірақ, алдына барып, «Аға, өлеңдеріңізбен танысайын деп едім» деуге батылым жетпейді. Жауапты хатшының мысы басып тастаған. Содан облыстық, аудандық газеттердің әр жылдардағы тігінділерін ақтарып, Зұлқарнай Сақиұлының «өлеңді өзіне бағындырған керемет ақынын» іздей бастадым. Таптым-ау!.. Өлеңдерінен өзі сияқты әділдік, ар ождан тазалығы есіп тұр!
Алдымен, көзім «Тағдыр туралы толғанысына» түсті. Әкемнің «Өзінде денсаулық жоқ, көз ашқалы өмірмен арпалысып келеді, жаны сірі-ақ» деген сөзі ойыма орала кетті.
«…Бала жаста жанарымды мұң бұлап,
Отырушы ем,
Отырушы ем тұнжырап,
Қатты сырқат жегі құрттай жабысқан,
Жатты менің жүрегімді ұңғылап.
Маңдайыңа жазғаны деп тағдырдың.
Келді сонда от басында қалдырғың,
Көнген жоқпын,
Сенгенім жоқ мен саған,
Сөнер деген үмітімді жандырдым!» дей келіп, өз ойын:
«…Нарқасқалар таңдап жолдың қиынын,
Тағдыр ғой деп түсірмеген иінін» — деп сабақтайды.
Осы өлеңіне арқау болған Корчагин, Матросов, Карбышев, Гастелло мен Әбдіровтердей ажалмен бетпе-бетте өз биігінде қалуды аңсайды.
Енді бірде:
«Туса жақсы бір өлең,
Қуанышқа кенелем.
Туса жақсы көп өлең,
Армансыз боп өлер ем», — дейді.
Қаламынан небір жақсы өлең туды, талай мәрте сол өлеңдер көңілін көкке де көтерді. Осы тұрғыда оның осы арманының орындалғаны анық. Атыраулық Кеңес Одағының Батырлары Боран Нысанбаев, Мұса Баймұқанов, Александр Афанасьев, Федор Канцев, Қайырғали Смағұлов туралы «Ерлер дауысы» атты балладасын:
«О, Атырау,
Менің жаһұт тұрағым,
Ұлдарыңның тыңдадың ба жыр-әнін,
Бір өзіңде бес Батырдың ұясы,
Бес тармақты жұлдыз ба деп тұрамын,
Жұлдызыңның шаттандырып шапағы,
Ақ Жайығым алыс ағып жатады…
Өзіңдей өр өлкелерден жаралған
Қазақстан – Батырлардың Отаны!» — деп те шалқитыны бар.
«Өлең – өміршең» деген осы шығар! Ақынның осы жолдары бүгін де бес Батырдың ұясы болған Ақ Жайықты, оның жағалауын мекендеген сан мың халықты қауіп-қатерден аман алып қалу үшін жанталасқандарға қарап:
«Өзіңдей өр өлкелерден жаралған
Қазақстан –
Батырлардың Отаны!» — дегің-ақ келеді.
«…Мен үшін Қабижан Сағиев адалдық пен әділдіктің символындай көрінеді. Өмірінің ақырына дейін адалдықтың ала жібін аттамаған екеу болса біреуі, біреу болса – ол Қабекең болатын» дейді Мереке Құлкенов.
Шынында да, ол кейбір пысықайлар құсап, әкім-қараларды жағалап, жазғанына мақтау-марапат, басқа да игіліктер тілеген емес. Өле-өлгенше бауырынан өрген сегіз баласымен үкіметтің тар пәтерінде денсаулығымен алыса жүріп, өлеңіне өріс ашты, сол үйде немерелерінің алдын көрді.
Немере демекші, Жәнібегінен туған немересіне құдай аузына салған болар, өзі пір тұтқан ұлы Абайдың есімін берген еді. Сол Абайы тектің тек кетпейтінін дәлелдеді. Ата қанымен берілген адалдықты, тазалықты бойына сіңіріп өсіп, жастайынан қаламға жармасты. Бүгінде ол ойын атасы сияқты өлеңмен емес, көркем прозамен өрнектеуге бағыт алды. Отыздан енді асқан шағында оқырманға ой салатын «Лютый» атты тұңғыш жинағын өмірге әкелді.
– Мен бұл еңбегімді он жыл бұрын қолға алдым. Шығармама әлеуметтік желілердегі өзгелердің көрген-білгенін, ой-пікірлерін емес, қазіргі ұмыт қалған шағын ауылдардың өзім көріп-түйген әлеуметтік жағдайларын арқау ете отырып, замандастарымның жиынтық образын жасауға ұмтылдым. Атам айтпақшы, шығармамның өн бойына ар тазалығын, ел алдындағы жауапкершілік пен адалдықты арқау еттім, — дейді ата жолын жалғастырған жас қаламгер.
Осындайда Төле би бабамыздың «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деген дана сөзі еріксіз еске түседі. Атадан ұл туды, немере қалды, ол ата жолын қуды! Екеуі де өмірлеріне, шығармаларына тазалықты, әділдік пен туралықты арқау етіпті. Қандай үйлесім!..
Зұлқарнай Сақиұлы айтпақшы, «Әттең, оған әдеби орта жетіспеді. Алматыда, осы ортада жүрсе, атақ-даңқы қазіргі мықтылармен қатар аталатын» «жүрегі арға толы» ақын Қабижан Сағиевтің атын жаңғыртатын Абай бала әдебиет әлеміне қадам басты. Ақ жол, ардың туын тік көтерген тектінің тұяғы!
Светлана ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,
Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының мүшесі