Жарнама
Әдебиет

Жазушылар одағына мүше жерлестеріміздің саны артты

Өңір руханиятының дамуы үшін аянбай қызмет етіп жүрген жерлестеріміз Қаржаубай Сұлтанғалиұлы, Исатай Балмағамбетов пен Балапан Дәреже Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Бұл туралы елге атбасын бұрған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өңір қаламгерлерімен кездесуде айтты.  

– Биыл біраз адамды одаққа мүшелікке алдық. Маусым айында Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы, сонда әр облыстан тек жастарды қабылдайтын боламыз. Грантқа қатысатын жастарды қараймыз, – дей келе Мереке Әбдешұлы қалам­гер­лерге шығармашылық табыс тілеп, әдебиетке өміршең туы­н­дылар қосатынына сенім білдірді.

Айта кетелік, биыл Қазақстан Жазушылар одағының облыстар мен екі маңызды қаладағы филиалдары жабылды. Енді өкілдік болады. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов айтып өткеніндей, бұған дейін кейбір филиал директорлары Жазушылар одағының атын пайдаланып, өз мүддесіне жұмыс жасап келген екен. Ендігі жерде Қазақстан Жазушылар одағының өкілі тек Жазушылар одағының тапсырмасымен жұмыс істейді әрі атқарылатын шараларды ақылдасып отырады.

Басқосу барысында өңірде өтіп жатқан ІІІ Ұлттық құрылтай турасында да әңгіме өрбіді. Мәртебелі мейман Мереке Құлкенов өткен консультативтік кеңесте айтылғандардың біразы жасалғанын жеткізді.

– Ұлттың ұясы болған Ұлытауда көтерілген мәселенің бастысы 7 томдық тарихтың жазылуы еді. Тарихты жазу қазақ үшін өте қиын. Кеудесін соғып жүрген тарихшылар көп, бірақ қазақша сол тарихты жазатын жан табылмады. Ішім удай ашиды. Жеті томдық тарих орыс тілінде жазылып жатыр, – деді де, Атыраудың мүмкіндігімен Сарайшықтан керемет қалашық жасап қоюға болатынын сөз етті.

whatsapp image 2024 03 15 at 17.03.32

– Бірақ соған көңіл бөлінбей жатыр. Бәлкім ІІІ ұлттық құрылтайдан кейін бұл мәселе де шешілер деген үміттеміз. Сол жерде қасиетті Түркістан секілді Сарайшыққа да келіп, тәу ететін жер болу керек деп ойлаймын. Бұған келе жатырмыз. Ол үшін өңірдегі жазушы-журналистер жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Әне, Бейбарыстың тас мүсінін әкеліп қойдық. Бірақ «Бейбарыс өзіміздікі» деп айтататындай ештеңе жасап жатқан жоқпыз. Орталығы жоқ. Махамбет көрінгеннің қолында кетіп жатыр. «Махамбет сыйлығы» деп әркімнің мойынан іле салады да, артынан ақша сұрайды. Ондай нәрселерді тоқтату керек, – деді ол. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының пікірінше, жазушылар емес, жазғыштар көбейіп кетті. Не болса соны жазады. Не болса соны әдебиетке әкеп тығады. Осындайлармен күресуіміз қажеттігін де баса айтты.

Көптеген кітап облыс деңгейінде шығады да, ескерусіз қалып жататыны шындық. Кездесу кезінде жақсы дүниелерді екшеп алып, республика көлемінде көресту керектігі де назардан тыс қалмады. 

Басқосуда әрі қарай ақындар Қадір Жүсіп пен Светқали Нұржан әдебиеттің қазіргі жағдайы турасында ой өрбітті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button