
Ұлттық жаңғырудың шамшырағы
*Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың рухани мұрасы – ғасырлармен үндесіп, бүгінгі қоғамның да кемелденуіне жол сілтейтін шамшырақ. Әлем ойшылдарымен тең түсетін хакімнің сөзі бүгінде қаншалықты жүрекке жетіп жатыр? Осы сауал төңірегінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының бөлім меңгерушісі, халықаралық XVI «Шабыт-2013» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, жазушы Қуат Қиықбаймен сұхбаттасқан едік.
Абай аңсаған қағида
– Қуат Қазезұлы, Абай қазаққа сын мен өзіңді танудың, қоғамға сергек көзқараспен қараудың үлгісін ұсынды. Бүгінгі қоғамда осы Абай аңсаған рухани биіктікке жақындай алдық па?
– Өкінішке қарай, Абай айтып кеткен көптеген дерт – енжарлық, күншілдік, жалқаулық, бірліксіздік әлі де қоғамда кең етек жайып отыр. Бүгінде кей саланың кенжелеп қалуының түп тамыры да осында жатыр. Өзімізді өзгемен емес, өзара бәсекеге салып, ру, жер, ағайын аясынан аса алмай жүргенімізді жасыра алмаймыз.
Ал Абай армандаған қоғам – «толық адам» қағидаты бойынша өмір сүретін, адал еңбек етіп, шынайы махаббат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен тіршілік ететін жүйе. Қазір осы мұрат жолына тұтастай бет бұрып келеміз деуге толық негіз жоқ. Абайды жаттап, оқып қана қоймай, шын түсініп, жүрекпен қабылдай алсақ қана қоғам да, адам да түбегейлі өзгереді.
– Соңғы уақытта ақылы мотивациялық тренингтер мен коучингтерге жүгінетіндер көп. Бірақ қазақта Абайдың өзі тұнып тұрған рухани мотивация емес пе еді?
– Дұрыс айтасыз. Қазір адам жетістікке оңай жетуді көздейді. Ал Абай – ең шынайы мотивация. Ол төрт қырлы дамуды айтады: материалдық, физикалық, интеллектуалдық және рухани.
Мысалы, Абай «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз» деп бекер айтқан жоқ. Бұл – бүгінгі даму формуласы. Ал, батыстан келген кейбір мотивация «бай бол, бәрінен оз» деген шолақ ұранға құрылған. Абай болса, бірінші кезекте адам болуды, арманға сиқырлы жолмен жетуді емес, тер төгіп, адал еңбек етуді, өзіңмен күресуді үйретеді.
Сондықтан жастайынан Абайды оқып өскен адам тренингтерге телміріп отырмас еді. Бүгінде қалың бұқара арасында сәнге айналған тренингтерге жүгінушілердің Абай мұрасына бет бұрмағаны айдан анық.
– Жасыратыны жоқ, бұл ұлттық иммунитетіміздің әлсіздігін көрсетеді. Сонымен қатар бүгінде ата-аналардың дені баланың тамағы мен киімін бүтіндеумен шектеліп, рухани тәрбиеге мән бермей жүр. Ұрпақ ғылымға, өнерге емес, смартфонға телміріп отыр. TikTokтағы мағынасыз көрініске әуес бала өскенде кім болады?
– Өте дұрыс, оң пікір. Осы жерде Абай атамыздың «бес нәрседен қашық бол» деген ғақлиясы еріксіз ойға оралады. Хакімнің бұлайша айтуы да бекер емес. Кітапты шын сүйген бала ғана тұлға болып қалыптасады.
Қазір бала кітап оқыса – «ерекше», ал телефон ұстаса – «қалыпты» саналады. Ал шындығында, бүгінгі қоғамдағы бұл көрініс ойлануды керек етеді, болашағымыздың бұлыңғыр болмауы үшін дәл бүгін батыл шешім қабылдайтын кезең.
Адасқанға жол сілтейтін шырақ
– Абай шығармашылығы мектеп бағдарламасына енгізілген. Бірақ бұл мұраны балаларға ұғынықты әрі терең жеткізу жайы жеткілікті ме?
– Жоқ, балаларға Абай мұрасы жан-жақты жете бермейді. Себебі біз Абайды көлемі үшін оқытамыз, мазмұны үшін емес. Оқушы өлеңнің мағынасын түсінбей, жаттап шығуы пайдалы емес.
Мұғалім әр өлеңнен кейін баладан «сен не түсіндің?» деп сұрауы керек. Сонда ғана балада талдау дағдысы қалыптасады. Әсіресе эссе жаздыру – өте тиімді тәсіл. Эссе – ойдың нәтижесі, шаблон емес. «Мен бұл өлеңнен не ұқтым?» деген сұраққа бала жауап іздеуі керек.
– Кейде көшеде қол-аяғы сау адамдардың қайыр сұрап тұрғанын кездестіреміз. Көзге оғаш көрінеді. Бұл көрініске сіздің пікіріңіз қандай?
– Бұл – рухани әлсіздіктің жемісі. Шын мұқтаж адамға көмектесу – сауабы мол іс. Бірақ арам ниетпен ақша сұрап, оны ішімдікке жұмсайтындарға қолдау көрсету ақылға сыймайды. Өз басым ондайларға садақа бермеймін.
Қайырымдылықты әуелі отбасыңа жасау керек. Кейде біреудің мешітке беріп жүрген ақшасы туған анасының дәрі-дәрмегіне жетпей қалады. Адам садақаны да, жақсылықты да әуелі өз жақынынан бастауы керек. Ал қоғамда тепсе темір үзетін жандардың қайыр сұрап тұратын көрінісін масылдыққа бағалаймын.
Мұның барлығы адамның санасында Абай айтқан даналы сөздердің сіңбегенінен, еріншектік сияқты теріс әдеттерге әуестіктен қалыптасқан дер едім.
– Абай «өтірік пен ұрлық – адамшылықтың дұшпаны» деді. Бүгінгі қоғамда жемқорлықпен қалай күресу керек?
– Жемқорлық – тек құқықтық емес, рухани кесел. Абай «арлы бол, намысты бол» деді. Қазір кей салада таныс-тамырмен қызметке тұру, шенеуніктің сөзінің заңға айналуы – осы кеселдің көрінісі. Егер әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өз саласының маманы ғана жұмыс істейтін жүйе қалыптасса, жемқорлықтың жолы кесіледі. Абайдың «қанағат» ұғымын қоғам өміріне енгізсек, артық амбиция мен тойымсыздықтың да тамыры кесілер еді.
Ақын мұрасы – жанымның жебеушісі
– Өмірдің соқпақтары, көлеңкелі тұстары да бар. Осындай тығырыққа тірелген сәтте әуелі қандай әрекет жасар едіңіз?
– Мұндай қиын сәтте жанымның жебеушісіне айналған Абай мұрасы. Әрине, абайтанушы емеспін, бірақ шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген адам ретінде оның әрбір сөзі мен үшін ең жақын досқа айналды. Бұл тек әдебиеттанушы ретіндегі көзқарасым емес, шығармашылық адамы ретінде де Абайға деген құрметім ерекше.
Кейде қоғамда ақ пен қараның, ер мен ездің, ақылды мен ақымақтың, білімді мен білімсіздің аражігі ажыратылмай қалған шақта, мен Абайға жүгінемін. Ол бағыт-бағдарымды айқындайтын шамшырағым іспетті.
Осындайда абайтанушы Тұрсын Жұртбай ағамыздың сөзі еске түседі: «Мен Абайды оқысам, екі-үш күнге дейін жер бауырлап жатып қалам…» Студент кезімде бұл сөздің мәнін ұға алмайтынмын. Қазір қоғамда болып жатқан әділетсіздіктерді, ішкі күйзеліс пен рухани шаршауды сезінгенде, осы сөздің шын астары ашыла түскендей болады. Абайды оқу жан дүниеңді сабырға шақырып, өзіңді жұбатуға, жүрегіңді тыныштандыруға мүмкіндік береді. «Абай заманында да дәл осындай мәселелер болған, ол да осы күйді кешкен» деп өз-өзіңе демеу айтуға болатынын түсінесің.
Абайдың: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – осы үшеуінің жайын білмек – бұл үлкен ғылым» деген жолдары – мен үшін өмірлік ұстаным. Ыстық қайрат – әрекет ету, қажыр-қайрат, еңбекке бейім болу деген сөз. Спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстану керек дегенді біз енді ғана айтып жүрміз ғой, Абай оны әлдеқашан айтып кеткен. Оның айтуынша, адамда осы үш қасиет – қайрат, ақыл, жүрек үндестік тапқанда ғана толық тұлға қалыптасады.
Міне, осындай рухани бағдарға зәру болып, бағыт-бағдар бұлыңғыр тартқан кезде үнемі Абайға ораламын. Себебі Абай білім мен ғылымға, талап пен еңбекке үндейді. Ұлы ақын «бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық бол» деп, бізге өмірдің мағынасын ұғындыратын рухани кодты қалдырды.
– Бүгінде «Жидебай-Бөрілі» музейінде Абайды насихаттау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ақын мұрасын насихаттауда тек өз өңірімізде шектеліп қалмай, республикалық және халықаралық деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Музейде жастың да, кәрінің де көңіліне ұнамды форматта іс-шаралар қолға алынды. Квест, сайыс түрінде және «Құнанбай» фильміндегі актерлермен кездесу, ұлттық ойындар секілді түрлі басқосулар өтіп жүр. Бәрі де елдің Абайға деген махаббаты, рухани құндылыққа деген сұраныстың белгісі.
Абай қазаққа ортақ қой. Сондықтан ақынның 180 жылдығы жалпы Қазақ елінде, мемлекеттің әрбір түкпірінде әлі де кеңінен қанат жаюы керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет. Абай рухы әрбір қазақтың жүрегінде жаңғырып, болашаққа жол көрсете берсін!
Сұхбаттасқан: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА