Қадыр мұрасы – ұрпаққа үлгі
«AMANAT» партиясының облыстық филиалында «Жігер» бастауыш партия ұйымы мен партия жанынан құрылған Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, публицист, сыншы және драматург Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына орай арнайы кездесу өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – Қадыр Ғинаятұлы шығармашылығын насихаттап, оның адамгершілік және ақындық қасиеттерін таныту, сондай-ақ оның тіл шеберлігін жастарға ұғындыру.
– Бүгін біз қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттауға арналған ерекше кездесуге жиналып отырмыз. Оның жырлары – жастарға үлкен сабақ. Қадыр ақынның поэзиясы тек қана өнер емес, ол адамзаттың рухани тәрбиесі. Ақын өзінің шығармашылығында әрбір қазақтың жүрегінде орын алатын терең ойларды жеткізді. Біз бүгін ақынның ұлағатты сөздерін түсіндіру арқылы жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге атсалысуды мақсат етіп отырмыз, — деді «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы саяси бөлімінің меңгерушісі Жасқыран Жалмұханов.
Кездесу барысында Қадыр Мырза Әлінің өлеңдері мен публицистикалық шығармаларынан үзінділер оқылып, ақынның шығармашылығының ұлттық әдебиет пен мәдениет үшін қаншалықты маңызды екендігі атап өтілді.
Тоғжан ЕРМЕК