Жарнама
Әдебиет

Рухани құндылық, теңдессіз байлық

Кітап — біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де кітаптан табамыз. Ал кітапхана — оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан бітіретін, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы — кітапханашы.

Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кітапханашы көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітапқа деген бағыт-бағдарын айқындап, руханиятқа жан-тәнімен қызмет ететін мамандықтың бірі. Осындай қасиетті қазынаны көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүргендердің бірі сала ардагері — Нәсіп Тұрымғалиева. Біз Ұлттық кітап күніне орай ұлт руханиятына адал қызмет етіп, бүкіл саналы ғұмырын кітап әлеміне арнаған жан Нәсіп Әбдешқызымен сырлы сұхбат құрдық.

– Нәсіп Әбдешқызы, ең алдымен сұхбатымызды кітап пен кітапхананың адам өміріндегі рөлі туралы пікіріңізден бастасақ…

– Кітап – біздің рухани құндылығымыз, баға жетпес байлығымыз. Ол – өткеннің шежіресі, болашақтың шамшырағы. Ал кітапхана – сол байлықтың мекені, оқырман мен білім арасын жалғаушы алтын көпір десек, сол көпірдің тірегі – кітапханашы. Бұл мамандықтың қызығы да, қиындығы да жетерлік. Бірақ ең бастысы – адамның жан дүниесіне әсер ете алатын, рухани дамуына жол сілтейтін қасиеті бар.

– Өзіңіз бұл мамандықты қалай таңдадыңыз?

– 1995 жылы Атырау қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы мектепке кітапханашы болып жұмысқа қабылдандым. Содан бері талай ұрпақтың кітаппен дос болуына себепкер болдым десем, артық айтқандық емес. Әр баланың көзіндегі қызығушылықты, жаңа кітапты парақтаған сәттегі шынайы әсерін көру – ең үлкен марапат.

– Қазір зейнетке шыққаныңызбен, кітапқа деген ықыласыңыз басылмаған секілді…

– Әрине! Кітап – менің серігім, сырласым ғой. Қазір үйде зейнет жасында болсам да, кітапханаға, оқырманмен араласуға, балалармен жұмыс істеуге деген ықыласым баяғы сол қалпы. Кітап оқып, ой бөлісу – мен үшін тыныс алу секілді қажет нәрсе.

– Қазіргі жастардың кітапқа деген қызығушылығы төмендеп барады деген пікірлер жиі айтылады. Бұған сіз не дейсіз?

– Дұрыс айтасыз. Қазір жастардың көбі кітапханаға аз барады. Себебі – жаһандану дәуірінде тұрмыста жаңа технологиялар көбірек қолданылуда. Электронды оқулықтар, QR кодтар, интернеттен бәрін тауып алудың кітапқа деген сұранысты азайтқаны рас. Кітапханаға келгеннің өзінде балалар кітапты қолға ұстамай-ақ, телефонына суретке түсіріп, қайтарып қойып кетеді. Бұл – өкінішті жағдай. Негізінен кітапты парақтап оқу мен экраннан оқу – адамға екі түрлі әсер береді.

– Бұрынғы оқырман мен қазіргі оқырманның арасында қандай айырмашылықты байқайсыз?

– Бұрын, 1990 жылдары, оқушылар реферат, мазмұндама, шығарма жазу үшін кітапханаға жүгіріп келетін. Кітапты жарысып оқитын. Бір кітапқа кезекке тұратын. Қазір мүлдем олай емес. Бүгінде бала кітаптың мұқабасына қарап, таңдайды, қызықпаса – қайтадан сөреге қоя салады. Кітаппен сырласу, ішкі толғанысты сезіну азайғандай…

– Сонда кітапқа деген қызығушылықты қалай арттыруға болады?

– Ең алдымен, қызығушылық отбасынан бастау алады. Үйде кітап оқитын адам болса, бала да соған еліктейді. Мен кітапханада қызметте жүргенімде түрлі іс-шаралар, әдеби кештер, кітап байқауларын өткізетінбіз. Демеушілер тауып, жеңімпаздарға марапат жасаймыз. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Қоғамдық деңгейде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет. Телефонға телмірген жасты кінәламай, үйдегі тәрбиеге баса назар аудару керек. Жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру жұмыстарына мектеп пен кітапхана ғана емес, әр отбасы өз үлесін қосуы керек.

– Сіз үшін есіңізде қалған ерекше оқырман бар ма?

– Иә, 2018 жылы Әлфия есімді 12 жасар қыз болды. Кітапханаға жиі келетін, жаңа шыққан кітаптарды бірінші болып іздейтін. Әдеби байқаулардың белсенді қатысушысы болды, түрлі марапат мен Алғыс хаттарға ие болды. Осындай балаларды көргенде, үміт оты сөнбейтінін сезінесің.

– Қазіргі жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Кітап оқу – үлкен белес. Ол тек білім ғана емес, тұлғалық даму жолы. Кітап оқу адамның мінезін, болмысын қалыптастырады. Қазір бәрі интернетке телміріп отырғанда, қолына кітап алып, рухани азық іздеген жасты көрсең, жүрегің жылып қоя береді. Жастарға айтарым – кітапты дос етіңдер. Ол сіздерді қай кезде де жолдан тайдырмайды, рухани кемелдікке жетелейді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

– Сізге де алғыс білдіремін. Кітапты қоғам болып дәріптей берейік. Өйткені кітап – ел болашағының шамшырағы!

Аружан ҚОСАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Филология» мамандығының IV курс студенті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button