Қожа әлемі: Арманға ұмтылған ауыл баласы
Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың атақты «Менің атым Қожа» повесі бойынша әдебиет сағаты ұйымдастырылды. Бұл іс-шара оқушыларға классикалық шығармаларға деген қызығушылықты арттырып, олардың рухани өсуіне жол ашуды мақсат еткен маңызды шаралардың бірі болды.
Әдебиет сағатына Атырау қаласындағы жалпы білім беретін №33 орта мектеп пен Әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейінің оқушылары мен ұстаздары қатысып, ортақ пікір алмасып, туындыны жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, №33 орта мектептен ұстаз Қазима Қосшұғылова мен Әл-Фараби мектебінен Айгерім Биғалиева, Айгүл Даркенова бастаған оқушылар Қожаның өмірінен алынған қызықты оқиғаларды талқылап, шығарманың тәрбиелік мәнін айқындауға тырысты.
Әдебиет сағатында повестегі бас кейіпкер Қожаның арманшылдық қасиеті, оның өмірлік мақсаттарына жетудегі табандылығы, аңғалдығы мен ауыл баласына тән мінездері егжей-тегжейлі талданды. Оқушылар шығарманы оқып қана қоймай, оны өз өмірлерімен салыстыра отырып, Қожаның шынайылығы мен өжеттілігін ерекше бағалады. Қатысушылар Қожа бейнесін заманауи жасөспірімдердің өміріне жақын екенін атап өтіп, бұл шығарманың уақыт өткен сайын құндылығын жоғалтпайтынын айтты.
Іс-шара барысында қатысушыларға жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған кітап көрмесі ұсынылды. Қонақтар жаңадан жарық көрген шығармалармен танысып, қазақ әдебиетінің асыл мұраларына деген қызығушылықтарын арттырды. Бұл көрме арқылы жазушының шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды.
Әдебиет сағаты жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, олардың адамгершілік құндылықтарын дамытуға ықпал ететін маңызды шаралардың бірі ретінде жоғары бағаланды. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі жасөспірімдердің әлеміне терең үңіліп, олардың өміріне бағыт-бағдар беретін туынды ретінде мәңгілік өз маңызын сақтай береді.
Жайна МӘЛІМҚОЖА