Қазақтың қабырғалы қаламгері
Атырау журналистикасының абызы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ақын, ұстаз, өлкетанушы Төлеген Жаңабайұлы сексен жасқа толды.
Төкеңнің балалық шағы заманында Асан қайғы бабамыз «қақпақты қара қазан» атаған Қызылқоға өңіріндегі Балабейіт ауылында өтті. Ол бала кезінен журналист болуды армандады. 1966 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын (бүгінгі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандығы бойынша бітіргесін еңбек жолын Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» (қазіргі «Қызылқоға») газеті редакциясында бастап, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болды. 1973-1991 жылдары облыстық «Коммунистік еңбек» («Атырау») газетінде Қызылқоға ауданы бойынша меншікті тілші, ауыл шаруашылығы, еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыстар бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1991-1997 жылдары «Қазақстан» телерадио корпорациясының Атырау облыстық филиалында бас редактор, төрағаның орынбасары, 1997-2007 жылдары облыстық «Қайсар» құқық қорғау газетінің бас редакторы болып жемісті еңбек етті. 2004 жылдан бастап еңбек жолын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті және журналистика кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметінде жалғастырды.
Төлеген Жаңабайұлының «Іңкәр сезім», «Сырбаз сырлар», «Шалдығып жеткен шындық», «Зілдей сөзді Зімбіл еді-ау», «Малды ауылдың өрендері», «Жайық Беріштің Тумаш тармағы» атты әдеби, танымдық, ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді. Сонымен қатар «Ығылман», «Тайсойған-Бүйрек ақындары», «Атырау арғымақтары», «Шүкір батыр» тағы басқа да бірнеше кітапты құрастырып, алғы сөздері мен ғылыми түсініктемелерін, «Сән мен сахна шырайы» атты деректі телефильмнің және ондаған телеочерктердің сценарийін жазды. «Атырау ақын-жазушылары» сериямен шыққан 100 томдықты шығарушылар алқасының құрамына енді. Атырау облысының және Қызылқоға, Мақат аудандары энциклопедиялары авторларының бірі. Төрт рет облыстық ақындар айтысының жүлдегері атанды. 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығына орай өткен «Жапанға біткен бәйтерек» атты байқаудың жеңімпазы атанса, 2006 жылы Қазақстан Журналистер Одағы Атырау филиалының шешімімен оған «Очерк жанрының шебері» атағы берілді. Ал жуырда егемен еліміздің ең жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі «Құрмет» орденін кеудесіне тақты.
Осындай өнегелі өмір белестерінен өтіп, ғибратты ғұмыр иесі, қазақтың қабырғалы қаламгері танылған біртуар тұлғаның сеңгірлі сексеннің биігіне көтерілген мерейлі асуын әз ағаның әулеті, қалаберді барша атыраулықтр дүбірлі той қылып өткерді. Есімі елімізге белгілі қоғам қайраткері Төкен Танаұлы, Атыраудың батагөй ақсақалы Ақмырза Батырқайыров, профессорлар, ғылым докторлары Қадыр Жүсіп, Асхат Иманғалиев, Бақтыбек Таубаев және өзге қазыналы өлкеміздің зиялы қауым өкілдері мен мерейгердің журналистика қазанында бірге қайнаған әріптестері шын жүректен шыққан құттықтау-тілектерін жолдап, жылы лебіздерін білдірді. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің Құттықтау хатын аталған ұйымның облыстық филиалының төрағасы Әлия Дәулетбаева, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың құттықтауын облыстық филиалдың басшысы Алма Қалусариева салтанатты жағдайда тапсырып, сый-сияпаттарын табыстады.
Осы той үстінде қаламгердің «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі баспасынан жарық көрген «Өткен жолда – өмір іздері» атты жаңа туындысының тұсауы кесілді.
Дәулетқали АРУЕВ