Фариза және ақын сіңлілері
Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған Фаризаның ақын сіңлілері де ағыла сөйлеп айдынды көлдің бетінде толқын ойнатып, төгіліп сөйлеп тауды теңселтіп, теңізді шайқап, аспан мен жердің астын дүбірге толтырып, дүйім жұртты сөз құдіретімен тамсандырды. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов адуын ақындар мен дауылпаз батырлардың мекені болған киелі Атырау топырағында Асан Қайғы мен Доспамбеттен бергі рухты поэзияның желегін түсірмеген ұлылар көшінің заңды жалғасы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова есімі — қос ғасырға ортақ ұлы мақтаныш екенін жеткізіп, жыр кешіне сәттілігін тіледі.
Ақын қыздар Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңдері мен жүрекжарды туындыларын оқып, жүректі толқытты. Белгілі ақын, Фариза Оңғарсынованың сырлас сіңлісі, филология ғылымдарының кандидаты, Махамбет атындағы, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтардың лауреаты Оңайгүл Тұржан айтып өткеніндей, 2009 жылы Фариза Оңғарсынова елордамыз Астананың төрінде өзінің 70 жылдық мерейжасына орай «Фариза және ақын сіңлілері» атты тамаша жыр кешін өткізген болатын.
– “Дара күндері мен нала түндерінің серігі болғаны үшін” поэзияны аялған Фариза ақын күллі жырымен, бар болмысымен, ғарышқа кеткен мәңгілігімен енді өзі де поэзияға айналып кетті. Ақынның 85 жылдық мерейтойы поэзия мерекесіне айналды.
Сары құмында Нарынның шашылады iз,
Талай қыс кеп,
жаз да өттi, асыға күз.
Алтын құмнан алтын жыр ойған ақын,
Бұл күнде шашы да аңыз,
аты да аңыз.
Өр жыры кiмдi де жалт қарататын,
Жаныңның жазып берер жарақатын.
Өйткенi толқынға өсiп өлең-жүрек,
Жұтып өскен аптаптың алапатын.
Тыңдасаңыз бiр өзi – бiр ғалам-дүр,
Сала алмайтын суреттеп қыл қалам бiр.
Фариза-ақын егiз ғой табиғатпен,
Бiрде дауыл мiнезi, бірде жаңбыр.
Ғашық сыры көзiңе жас алдырып,
Өр дауыспен жырларын жасандырып.
Тұлпарлықта жоқ, сiрә, өтiрiк күлкi,
Сондықтан да жоқ онда жасандылық.
Бекет ата қолдаған перизатын,
Ақындығы асырып ғазиз атын.
Қым-қиғаш күн iшiнде бәйтеректей,
жыры – мiр,
өзi – жұмбақ Фариза ақын.
Ақындық-ай, өлшеммен саналмаған,
Арал сынды ол көпшiлiк бара алмаған.
Ұлы ақындық деген де ұлы жұмбақ,
Ешкiм әлi шешуiн таба алмаған, — деп тебіренді ақын.
Рас, Фариза — туған жерінің ғана емес, бүкіл елінің махаббатына алғаусыз бөленген ақын. Поэзия падишасының көзін көрген, артынан ерген сіңлілері оның артынан ерген күллі талантты жастың темірқазығы, ақылшысы мен айбарына айналғанын айтумен болды. Олардың арасында әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Әскербекқызы да бар.
– Оң қанатыңда – қырық қыз,
Сол қанатыңда – қырық қыз
Саялап сендік мейірді
Паңдана басып жүріппіз.
Алтыннан қадап түймесін,
Күміспен күптеп күймесін
Өлең-аруды әлпештеп,
Өрлікпен таптың үйлесім.
Болмысы дара Жалқы едің,
Маңдайға басты мәрт елің.
Жалғанды тастап адыра
Мекендеп алдың жан төрін.
Аққу-жыр ұшты көліне –
Сұңқар-жыр ұшты шөліне.
Құс жолындағы күймеге
Қол бұлғап тұрмыз егіле.
Дулыға сыймас бір басың
Сауыты – намыс Тұлғасың.
Ардағым дейтін өзіңді
Асқақ болмаса – қызға сын,
Кесек болмаса – ұлға сын!!!
Мұзарт шың болып мұңдасың
Жырыңмен сүрттің Күн жасын,
Асқақтау үшін әр қазақ
Тұңғиық көктен естілген
Өктем даусыңды тыңдасын… дей келе — Фариза апаммен алғашқы таныстығым балғын балауса шағымда, сонау 17 жасымда Алматы деген түркі қаланың төрінде болып еді. Фаризамен жүздестіріп, қауырсын қаламмен жазылған нәзік жырларымды таныстырған Алаштың айтманы Светқали Нұржан ағамыз еді. 2009-да да осындай ерекше кеш өткен, көрерменнің көптігі сондай, залдың есігі сынған. Сөйтіп, бір емес, бірнеше зал толып, тамашалан-тұғын, деп еске алды.
Ерек мінез, бөлек өлең, өзгеше жаратылыс дегеннің бәрі Фариза ақынның ғана бойына біткендей ме өзі… Ақын қыздардың әңгімелері мен жырларын тыңдағаннан кейін осындай ойда қалдым. Осы әлемге бар болмысыңмен, жан-тәніңмен ғашық болып, өлеңді өлердей сүю деген осы болар, сірә… Ақын қыздар оқыған жырларынан кейін әдемі әлемге енгендей боласың. Қазақ қызының қырық сандыққа сыймайтын сыры мен мұңын бірге өріп, мөлдір өлеңге арқау ету үшін де алтын өмірлі өлең өлкесінде өмір сүріп, өсу керек шығар. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Танагөз Толқынқызы да нәзіктігімен ерекше, шынайылығымен жүректі тербейтін әдемі өлеңімен келіпті.
– Барлық естен адасатын сәттерге,
Жан отымен жанасатын сәттерге,
Жүрек пен ми таласатын сәттерге,
Қасіретіңнен әрі асатын сәттерге
Бердім сенің атыңды.
Сағынышқа буындырған қос қолмен,
Құштарлыққа сені ғана хош көрген,
Азабыма сені ғана дос көрген,
Үмітіме әр күн сайын бос келген
Бердім сенің атыңды.
Барлық уға өзің сұрап сімірген,
Барлық отқа тұтанатын іңірден,
Барлық оққа қарауылға шын ілген,
Ажалға да шыңыраудан үңілген
Бердім сенің атыңды.
Жүрегіндей жауға шапқан ер түмен
Сүйіп өту үшін берген сертіме,
Өзегіме өзің қойғаң өртіңе,
Ұйқысыздық, ұмыта алмау дертіне
Бердім сенің атыңды! деп құмбыл көңілді ерекше сезімге елітті.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ