![Бір өлеңі – бір әлем 1 maqataev](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/maqataev-780x470.jpg)
Бір өлеңі – бір әлем
Биыл поэзияда өзіндік өрнегін қалдырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келгеніне 94 жыл толды. Ақын рухына тағзым етуді мақсат тұтқан облыстық сот қызметкерлері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан «Ғасыр ақыны» байқауын ұйымдастырды.
![Бір өлеңі – бір әлем 2 maqataevvv](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/maqataevvv-1024x768.jpg)
Екі кезеңнен тұратын байқаудың шарты бойынша сот мамандары ақынның өмір және шығармашылық жолын баяндайтын ұжымдық көрініс қоюдан және ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайысты. Байқауға қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, ақынға деген ерекше құрметтерін көрсете білді. Ұжымдық көріністе сот қызметкерлері мұзбалақ ақынның өмірін сомдап, оның өлеңдеріне негізделген көріністі әділқазылар алқасының назарына ұсынды. Атап айтқанда, Атырау қаласының №2 соты ұжымының «Сенің көзің», облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан қойған көріністері әсерлі шықты.
![Бір өлеңі – бір әлем 3 maqataevvvvvvvvvvvvvvvvvv](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/maqataevvvvvvvvvvvvvvvvvv-1024x768.jpg)
Байқауға төрелік еткен әділқазылардың шешімімен жеңімпаздар да анықталды. Сонымен, бірінші кезеңдегі сайыс бойынша I орынды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ұжымы, II орынды Мақат аудандық сотының ұжымы, III орынды Атырау қаласының №2 сотының ұжымы иеленді.
Ал, екінші сайыс қорытындысы бойынша I орынды Атырау қалалық соты әкімшісінің жетекші маманы Айсұлу Қаныбекова, II орынды Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты әкімшісінің бас маманы Алтынай Оспанова, III орынды Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының жетекші маманы Мария Толстова иеленді. Жеңімпаздарға диплом және естелік сыйлықтар табысталды.
«Қара өлеңді қадір тұтатын халқы барда, ақынның адуынды да сыршыл поэзиясы мәңгі жасай береді» дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі – облыстық соттың судьясы Сағат Хасан.
Майра ЕРҒАЛИ