Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына арналған әдеби кеш өтті
Атырау қаласындағы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Әдебиет – ардың ісі» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан ірі суреткер, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтың өмірі мен шығармашылық жолы баяндалды. Әдеби кешке қатысқан студенттер жазушының кітапхана қорындағы еңбектерімен танысып, арнайы кітап көрмесін тамашалады.
Кеш барысында Нұрпейісовтың ең танымал туындылары – «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» трилогиялары талқыланды. Бұл шығармалар қазақ әдебиетінің алтын қорына енген туындылар ретінде ерекше бағаланды.
– Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы бүгінгі және келешек ұрпаққа таусылмас рухани мұра болып қала бермек. Жазушыға қандай марапат берсек те, оның еңбегін толық бағалай алмаймыз. Сондықтан да бүгінгі жиында жазушының осы шығармаларын талқылауды жөн көрдік. Мұндай тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау арқылы жас ұрпаққа өнеге көрсетеміз, – дейді кітапхана әдіскері Мөлдір Серікқалиева.
Әдеби кеш жас оқырмандарға Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылық әлеміне терең үңілуге мүмкіндік беріп, қазақ әдебиетінің бай мұрасымен танысуға ықпал етті.
Тоғжан ЕРМЕК