
Абай тұтынған жәдігерлер
Халқымыздың ұлы ақыны, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен өмір жолы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына терең ықпал еткені тарихтан мәлім. Абайдың мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, бүгінде қазақ халқының рухани қазынасына айналды. Ақын шығармашылығы әрқашан адам жүрегіне жол табады, оларды ұлттық сана-сезімді оятуға, адамгершілікке, білімге ұмтылуға шақырады.
Абай шығармаларында қазақ қоғамының барлық қайшылықтары мен кемшіліктері өткір сынға алынған. Өлеңдері мен қара сөздерінде қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, рухани дүниесі, адами қасиеттері, ұлт болмысының тереңдігі қарастырылады. Абайдың философиялық ойлары бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ, ол өз заманында айтқан әділет, білім, еңбек және адамгершілік құндылықтарын бүгінгі ұрпақ та ұстануы тиіс.
Шығармаларында тек әдебиетпен шектеліп қалмай, қазақ мәдениетін дамытып, ағартушылық қызметке, ел болашағына алаңдаушылық білдіріп, жаңа ойларды ұсынған ұлы ақынның шығармашылығы қазақтың рухани дамуының негізін қалаған маңызды құбылыс екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап көрсетті. Мемлекет басшысы Абайдың «Кемел адам» тұжырымы мемлекеттің барлық саласында негізгі тұғырға айналуы тиіс екенін айтты.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі – тек аймақтың тарихи жәдігерлерін сақтау орны емес, ұлттық мәдениет пен рухани байлықтың да маңызды қайнар көзі. Музей қорындағы Абай ақынның домбырасы мен тоғызқұмалақ тақтасының көшірмелері ерекше орын алады. Оны біздің ұжым келушілерге әркез мақтанышпен айтады.
Қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы домбырасы «Жиделі-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорында сақталған. Ақынның 175 жылдығына орай арнайы тапсырыспен жасалған үш ішекті домбыра Қазақстанның шығыс өңіріне кең таралған. Абай, Шәкәрім, Шәкір аталарымыз үш ішекті домбырада күй тартып, ән салған. Абайдың ұлы Ақылбай мен немересі Ысрайыл осындай домбыраның құлағында ойнапты.

Бұл домбыраның айырмашылығы ішектің санында, ал қоңыр үн құлаққа жағымды әрі тыңдаушыға зор рухани әсер сыйлайды. Тұтас ағаштан ойылып жасалған аспап үш құлақты, мойны жалпақ, шанағы сопақша, бұрышты, екі бүйірі мойнына қарай дөңестеліп келген. Ішегі капрон жилкадан, шанағы бал қарағай ағашынан үңгіп ойылып жасалған. Бет қақпағына шырша ағашы бекітіліп, шағын үш ойық ойылған. Жоғары тиегі жоқ, мойынға бес перне байланған. Тұмар домбыраның түпнұсқасы Жидебайдағы Абайдың өз үйінің төрінде (1-сурет) тұр. Ал, көшірмесін Семей қаласының тұрғыны Жандос Әубәкір Атыраудағы музейдің қорына 2020 жылы арнайы әкеліп тапсырды. Оның мойыны (сабы) 43 сантиметр, бет тақтайының ұзындығы – 32, ені – 12 сантиметр.

Абайдың домбырасы қазақ халқының музыкалық мәдениетінің символы ретінде зор маңызға ие. Өз шығармашылығында музыканы кеңінен қолданған ақын туындыларының мазмұны мен формасына зор әсер еткен осы домбыра – ұлттың музыкалық мәдениетінің ерекшеліктерін, оның шығармашылығындағы музыкалық ойларды зерттеушілер үшін маңызды жәдігер.
Ұлы ойшылдың шығармашылығында ұлттық ойындар мен спорт түрлері туралы да ой-пікірлер кездеседі. Мысалы, тоғызқұмалақ – адамның логикасын, ойлау мен талдау қабілетін, математикалық ой-өрісін дамытуға бағытталған, есепке құрылған, екі адам арасында ойналатын үстел үсті ұлттық ойыны. Бүгінде кең таралған осы ойынды дәріптеушілер саны күн санап өсіп келеді. Түркі тілдес мемлекеттерде ұлттық чемпионаттар да ұйымдастырылып тұрады.
Айта кету керек, көзінің тірісінде Абай да тоғызқұмалақ ойынын құмартып ойнаған екен. Ол өз заманында Шыңғыстау мен Қарқаралы жеріндегі тоғызқұмалақшылар арасында сайыстар ұйымдастырып, бірге ойнаған. Абай облысындағы ақынның «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында өзі ұстап ойнаған тоғызқұмалақ тақтасы сақтаулы. Ал Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында ұлы ақынның үш бөлек тақтайды бір-біріне жалғап жасалған осы тақтасының көшірмесі (2-сурет) бар. Екі жағындағы қарама-қарсы екі тақтайдың бетіне тоғыз-тоғыздан 18 сопақша отау және ортасындағы тақтайға сопақ пішінде иректелген гүл тәрізді екі қазан ойылған. Тақтайдың бетін қоңыр түске, отаулардың ішін ақ, көк, қызғылт қоңыр, бір қазанының іші көк, екінші қазанының іші қызғылт қоңыр түске боялған. Былғарыдан тігілген тас салынатын кішкене дорбасы (3-сурет) да бар. Тақтаның ұзындығы – 40, ені – 23 сантиметр.

Атырау облыстық-тарихи өлкетану музейінде сақталған бұл жәдігерлер – қазақ мәдениетінің бір бөлшегі, халықтың рухани дамуына ықпал ететін ерекше жәдігерлер. Мұндай асыл мұралар тек Абайдың шығармашылығын зерттеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды терең түсінуіне, ұлттың мәдени мұрасын бағалауға ықпал етеді. Музейдегі Абай мұрасы – қазақ әдебиетінің, музыкасы мен өнерінің біртұтас көрінісі ретінде ұлттық мәдениеттің өркендеуіне өзіндік үлесін қосады.
Эльмира ИБРАГИМОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің маманы