Қоқыс жәшігі «бесік» емес!

photo 62348 Жаңалықтар

Қазақ халқында «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген керемет бір тәмсіл бар. Егер осы тәмсілді жұмыр басты пенде біткеннің барлығы өмірлік ұстанымға айналдыратын болса, өз баласын өзі өлтірген әйелдер, қағынан жерінген көкек аналар туралы тақырыпты бүгін қозғамаған да болар едік. Қоғамда орын алып жатқан тосын жағдайларға қарап отырсақ, тастанды бала тақырыбы бүгін-ертең жабыла қоймайтынға ұқсайды.

photo_62348-900x_

Төрт оқиға, төрт түрлі тағдыр

Өткен жылдың аяғында Атырауда қоқыс жәшігінен табылған жаңа туған сәби оқиғасы туралы қоғам ұмыта қойған жоқ. Кешкілік мезгілде қоқыс төгу үшін үйінен шыққан Нұрсая ықшамауданының тұрғыны сәби баланың жылаған әлсіз дауысын естиді. Шырқырап жылаған періште қара пакетке оралған екен. Өз баласын өз қолымен өлімге итермелеген әйелдің қара ниеті орындалмай қалды. Әп сәтте жедел жәрдемге хабарласқан әлгі азамат нәрестенің дәрігерлерге аман-есен жеткізілуіне себепші болды. Кейін сәбиді тауып алған отбасының оны асырап алмаққа ниеттенгені де белгілі.

Құзырлы органдар қозғаған қылмыстық іс материалдарында әйелдің қоқыс жәшігінің маңында толғатып, баланы сол жерде дүниеге әкелген болуы мүмкін екендігі айтылады. Үш килограмм салмақпен туылған нәрестенің кейінгі тағдырының қалай болғаны белгісіз. Бастысы, қарашаның қара суығында шамамен екі сағатқа жуық жатып қалған сәби дер кезінде құтқарылды, былайша айтқанда, оқиға «happi end»-пен аяқталды. Бірақ, өкініштісі де сол, тастандылардың барлығын бірдей ажал тырнағынан арашалап  қалу мүмкіндігі әркез туа бермейді.

Мысалға, осыдан біраз жыл бұрын Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында осыған ұқсас оқиға тіркелді. Тұрғын үйлердің біріндегі қоқыс контейнерінен табылған сәбидің өлі денесі әуелі ақ орамалға, сосын полиэтиленді пакетке оралған екен. Жарық дүниенің есігін ашпай жатып, керексіз болған сәбилердің оқиғасы тізе берсек, көп-ақ.

2012-2013 жылдардың хроникасын алып қарайтын болсақ, сәбиін далаға тастап кеткендердің нақты картиналарына  дейін қанығуға болады. Атырау облысы ішкі істер департаментінен білгеніміздей, оқиғаның бірі Атыраудағы «Насиха» сауда орталығы маңында тіркелген. Көп қабатты үйлердің бірінің жертөлесінен кездейсоқ жағдайда жаңа туған сәби табылады. Жедел іздестіру шаралары кезінде нәрестені өмірге әкелген әйел анықталады. Бір кездері сүйгенінен аяғы ауырлап қалған қыз өзін тастап кеткен жігітіне сәбиді осындай жолмен қалдыруды жөн деп тапса керек. «Сәби бәрібір далада өлмейтін еді. Себебі, баланы оның үйінің маңына әдейі әкеліп тастадым» деп ақталған жас қыздың сол сәтте өз ісіне қаншалықты есеп бергені белгісіз. Абырой болғанда, баланың әкесі әлгі қыз көрсеткен жігіт екендігі сот сараптамасы арқылы дәлелденіп, ақырында сәбиді әкесі асырап алған. Кейін тағы бір тастанды сәби Атыраудағы Алмагүл ықшамауданындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен табылды. Бірақ, полицейлер нәрестенің анасын анықтай алмады. Мұндай оқиғаларды ел бойынша тізбелейтін болсақ, статистикалық есептен жаңыларымыз сөзсіз ау…

Қағынан жерінудің себебі неде?

Мысық екеш мысықтың өзі айбат шегіп, жаңа туған марғауын адамнан қорғап жатқанда, ақыл-естің, сананың иесі бола тұра, өз баласын шімірікпестен өз қолымен өлімге қиятындай соншалықты құлдырауымызға не себеп? Күрмеулі сұрақ. Осы мәселеге келген кезде психологтар әдетте депрессия, стресс сөздерін алға тартып жатады. Айтуларынша, туа сала сәбиінен құтылуға асығатындар қылмыс істеп жатқан кезде өз іс-әрекеттеріне жауап беретін жағдайда болмайды екен. Рас та болар. Бірақ, қылмыстың барлығын депрессиямен ақтай беретін болсақ, адамшылығымыз қайда қалады?

Отбасылық психолог Мөлдір Балықбайқызы тастандылардың көбеюін түрлі себептермен байланыстырады. «Қарап отырсаңыз, өз баласын өз қолымен өлімге қиып жатқандардың арасында бала-шаға асырап отырған отбасылы әйелдер де, ойнақтап жүріп, он бесінде от басып жатқан бойжеткендер де кездеседі. Бірақ, олардың барлығына ортақ бір фактор бар. Олар бақытсыздықтың барлығына сәбиді кінәлі деп санайды. Бұл санаттағылар әдетте жақын адамына, отбасына, қоғамға реніші бар адамдар. Ішкілікке салынып, санасы уланғандар, әлеуметтік жағдайдың төмендігін сылтау етіп, сәбиді саналы түрде ажал аузына тастайтындар да бар. «Анам өлтіреді», «әкемнен қорқамын», «тұрмыс құруым керек» деген аргументтермен өз-өздерін алдайтындардың көпшілігі он алты, әрі кетсе он сегіз жастағы өрімдей қыздар. Бірақ, бұл факторлар қылмысты ақтай алмайды. Басты себеп – адамның өз ісіне жауап бере алмайтындығында. Яғни, жауапкершіліктің болмауы. Сондықтан, отбасы тәрбиесінде ата-ана мен баланың арасында материалдық қана емес, рухани байланыстың болуына да назар аударғанымыз дұрыс» дейді психолог.

Дала заңы керек пе?

Біздің қосарымыз, «Қыз – қонақ», «Бүгінгі қыз ертеңгі жар, аяулы ана, ақ жаулықты әже» деген көзқарасты қоғамға қайтару керек. Ұлымыз ұятты, қызымыз абыройлы болсын десек, қазақтың ұлттық педагогикасын қайта жаңғырту маңызды. Және ол педагогика нақты жұмыс істеуі үшін принципшілдік керек. Бірде «Астана-Атырау» бағытындағы пойызда шешен жігітімен сапарлас болғанымыз бар еді. Грозныйлық жолаушымен қыз тәрбиесі туралы көп сөйлестік. «Шешен басқа ұлттан қыз алады. Бірақ, басқа  ұлтқа  қызын бермейді. Басқаға қызымызды берсек, қанымыз бұзылады. Басқадан қыз алсақ, шешеннің саны көбейеді. Біздің ұлтымыз  ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне  қатты  көңіл бөледі. Ұлдың қылмысын халықтың соты қарайды. Дала заңы қандай үкім кессе де, ешкім қарсы болмайды. Ал, бейәдеп әрекетімен көзге түскен қыз әкесінің, иә ағасының қолына беріледі. Шешен ұлтының намысына күйе жаққан қыз өз туғандарының қолымен халық алдында жазаланады» деген еді сапарласымыз. Осындай принципшілдік біздің қоғамда да жұмыс істеп және қылмыстың жазасы күшейтілетін болса, қатыгездікке құ-рылған оқиғаларды азайтқан да болар ма едік?!

P.S. Бір өкініштісі, туа сала сәбиін өлтірген әйелдерге кесілетін жаза сол баяғы өзгеріссіз күйінде келеді. ҚР Қылмыстық кодексіне қанша өзгеріс ен-гізілсе де, қағынан жерініп, нәрестесін өлімге қиғандар небәрі төрт жылға ғана бас бостандығынан айырылады екен. Қалай десек те, өмірге келмей жатып «жетім» атын жамылған бейкүнә сәбилеріміз қоқыс жәшігінде көз жұмып, дене мүшелері ит пен құсқа жем болып, нәрестенің сүйегі далада шашылып жатпауы тиіс…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз