Хиджама: пайдасы мен зияны неде?

Басты жаңалық Медицина

  Atr.kz/1 – наурыз, 2019 жыл. Бүгінде елімізде кең тарай бастаған емнің түрі – хиджама жасау.

Байқасақ, осы әдісті қолданатын сауықтыру орталықтарының жарнамасы жер жарады. Интернет желілеріне көз салсақ, «үйге барып хиджама жасаймын» деген жарнамалар да «менмұндалап» тұр. Халық емінің осынау түрінің ағзаны сауықтыруда нақты қандай пайдасы бар? Бұл әдіс қалай жүзеге асырылады?

Журналистік зерделеуге арқау болған осы және өзге де сауалдар аясында біз Атырау қаласындағы «Асылай» сауықтыру орталығына бас сұқтық. Мұнда хиджама жасатуға келушілер аз емес. Әрқайсысы алдын-ала жазылған уақытымен ем қабылдауда. Негізінен хаджамдардың бос уақыты бола бермесе керек. Сұхбаттасудың сәті түскен кезде біз олармен сөйлесіп үлгердік. «Хиджама – араб тілінен аударғанда «сору, қан шығару» деген мағына береді. Яғни, бұл – адам бойындағы арам қанды сорып шығарудың әдісі. Негізінен ағзада бес-сегіз литр қан болады. Оның екі литрі тері астында тұрады. Қалғаны қан тамырлар арқылы денеде айналыста жүреді. Ал, тері астындағы қан қозғалыста болмағаннан кейін оның құрылымы бұзылады. Эритроцит, лейкоцит, тромбоциттер өліп, ағзаны ауруға ұшыратады. Мұны хиджама әдісімен шығарып, тазалаудың маңызы зор. Бұл емнен кейін адам денесіндегі қан жаңарып, оның айналысы жақсарып, иммунитет көтеріледі» деді хаджам Рабиға Досқалиева.                                         

«Анатомияны білсе болғаны…»

Оның айтуынша, хиджама жасаудың құрғақ және ылғалды екі түрі бар. Құрғақ хиджамада денеден еш қан алынбайды, банканың өзін қою арқылы бойға енген салқындықты шығарады. Ал, ылғалды хиджама денені екі миллиметр тіліп, үстіне банка қою арқылы жасалады. Пластиктен немесе шыныдан жасалған банкалар адамның сырқатына байланысты басқа, желке, маңдай тұсына, мойы-нына, іш құрсағына және арқаға қойылады. Спиртпен тазартылған дене бөлігіне бір және бірнеше банка пайдаланылады. Бұрын оның ішіндегі ауаны шығару үшін от қолданылса, қазір оттегі арнайы құрылғымен сорып алынады. Ал, ылғалды түрінде банка астындағы тері қызарғаннан кейін ұсақ тіліктер жасалады. Мұндай тереңдікте ешқандай ірі тамырлар, нервтар орналаспаған. Маманның сөзіне сенсек, тіпті, қан шығару әдісінен кейін тілінген теріні үйде зарарсыздандырудың да, таңудың да қажеті жоқ. Әр адамның өзіне жеке аппарат ұсынылады. Бір адамға қолданған банканы өзгеге қолдануға болмайды.

«Бір ем 30-40 минут жүргізіледі. Хиджамадан кейін денеде еш тыртық қалмайды. Орны бір-екі аптада толық жазылады. Ем-дом жасалмас бұрын науқастың медициналық тексеріс нәтижелері міндетті түрде сұралады. Компьютерлік томография, МРТ нәтижесі, қан, несеп талдаулары тексеріледі. Нақты диагнозы бойынша ауырған ағзаның белгіленген нүктелеріне жасалады. Бұл ретте хаджам өте сауатты болуы тиіс. Егер сүйекте жарық болса, оның үстіне банка қойып, тілуге болмайды. Сондай-ақ, қан құрамындағы қант мөлшерінің көрсеткіші 18-ден жоғары және бауыр циррозы болса бұл әдісті қолдануға болмайды» дейді Рабиға Досқалиева. – Мұндай ем-домды жасаушылар арнайы курстан өтіп, оқытылады. Біздің заңды түрде сертификат, лицензиямыз бар. Негізінен мұны оқу үшін медициналық білім талап етілмейді. Ең бастысы, анатомиядан хабардар болса болғаны.

Мұрат МҰСТАФАЕВ,

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб-имамы:

Кез келген адам хаджам бола алмайды

Бұл – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті, амалы. Хадистерде Пайғамбарымыздың өзі басы ауырған кезде қан шығартқаны айтылады. Желкенің, арқаның ауруларында осы әдісті қолданған. Бұл жайында хадисте былай делінген: «Үш түрде ем бар: бал ішуде, қан алуда және отпен күйдіруде. Ең жақсы ем жолы – қан алу. Ал, зәру жағдай тумайынша отпен емдеуге тыйым саламын». Жалпы, шариғатта қан алдыруда шипа да, береке де бар. Кімде-кім хиджаманы жасағысы келсе, әр айдың 17, 19 және 21 күндерін таңдаған жөн. Сонымен қатар, бұл мәселеде білікті мамандардың жұмыс істеуіне, тазалыққа қатаң мән беру қажет. Ем медициналық стандарттарға сай арнайы кабинеттерде жасалуы тиіс. Әрбір құрал стерильді болуы тиіс. Оны медицинадан хабары бар адамға жасату қажет. Мысыр елінде осындай ем-домдарды үйретіп, оқытатын арнайы университеттер бар. Хаджам болам деушілер осындай арнайы оқу орындарынан тәлім алған жөн. Кез келген қысқа мерзімді ақылы курстарға жүгіне салуға болмайды. Бұл амал, әрекетті табыс көзіне айналдырып, өз пайдасына жарату – теріс әрекет.

Әсел БИЖАНОВА, Атырау қаласының тұрғыны:

Нәтижелі ем болды

Дәрігерлер маған саулығымда гормональды бұзылыс, жүректе тахикардия

барын айтты. Екі жыл бойы медицинадан ем алдым. Алайда, саулығым жақсармай, керісінше нашарлай түсті. Инстаграм желісінен осындай ем барын біліп, хиджама жасатуға бел будым. Мұны алмас бұрын қан қысымым 150-ге дейін көтерілетін. Бір-екі процедура алғаннан кейін өзіме нәтиже байқала бастады. Қан қысымы аз күннің ішінде қалыпты жағдайға түсті.

Зейнеп РАУШАНҚЫЗЫ, хаджам фито-терапевт:

Косметологияда сұраныс жоғары

Косметологияда хиджама жоғары сұранысқа ие. Адамдар қазір тез әзірленетін фаст фуд, хот-дог секілді тағамдарды тұтынады да, салдарынан асқазаны бұзылады. Сөйтіп, бетіне әртүрлі пигментті дақтар мен безеулер пайда болады. Мұны жойып, алдын алу мақсатында бетке хиджама жасау маңызды. Бүгінде бізге осы емді қолданушылар арасында ер адамдар көп.  Соның ішінде жасөспірімдер жиі келеді. Косметологиялық  хиджама беттегі қанды айналысқа түсіріп, адам көркіне әдемі реңк беріп, ағартады. Табиғи сұлулықты сақтайды. Ал, косметологтар бетті неше түрлі маскалармен сүртіп, оның бергі жағын ғана «тазартып» қояды.  Беттің ішіндегі әртүрлі шлактарды шығармайды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

(Толық нұсқасы “Атырау” газетінің №16 санында)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *