ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР

Әлеуметтік қызмет көрсету – қазіргі кезде мемлекеттік жүйенің ажырамас бөлігі, әлеуметтік саланың нағыз бір жетекші дамыған қозғалысының компоненті. Әлеуметтік жұмыс – ол қайырымдылық іс.

Әлеуметтік қызметкердің міндеті жеке адамға қиын жағдайда қорғана білуге үйретеді, ол барлық мұқтаж адамдардың мәселесін шешуге көмектеседі, ең алдымен әлеуметтік жағынан қаралмағандарға, дұрыс отбасы тәрбиесін алмаған балаларға, психикасы бұзылған адамдарға және т.б әлеуметтік қорғауға мұқтаж әлеуметтік топтарға қол ұшын береді. Әлеуметтік қызметкердің басты мақсаты – жасөспірімнің әлеуметпен жан-жақты қарым-қатынас ортасын құру. Әлеуметтік қызметкердің негізгі жұмыс нысаны балалар мен жасөспірімдер болып табылады. Ол – әртүрлі әлеуметтік-мәдени орталардағы балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастыратын маман, жеке тұлғамен оны қоршаған шағын ортаның психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін зерттейді, оқушылар мен тәрбиеленушілердің қызығушылықтары мен мұқтаждықтарын, мінез-құлқындағы ауытқушылықтарын, шиеленісті жағдайларды анықтайды және уақтылы көмек көрсетеді, жеке тұлға мен білім беру мекемесінің, отбасының, ортаның билік органының арасында делдал ретінде әрекет етеді; оқушылардың құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуына ыңғайлы және қауіпсіз жағдай құрады; олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, жалпыға білім берудің орындалуына, салауатты өмір салтын насихаттауға көмектеседі; балалардың таланттарын дамыту үшін оларға жағдай жасайды.
Қазіргі кезде елімізде экономикалық және әлеуметтік қиындықтар орын алғаны бәрімізге белгілі. Халықтың басым көпшілігі жұмыссыз болғандықтан, әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың саны аз емес. Әлеуметтік тұрмыс жағдайы баланың білім мен тәрбие алуына ықпалын тигізеді.
Әлеуметтік педагог мамандығының иесі гуманист, биік рухани және жоғарғы деңгейдегі мәдениетті педагог, психолог болуы тиіс. Ол баланың білім алуына, тәрбиесіне, дамуына жауапты. Белгілі бір нәтижеге жету үшін әлеуметтік педагогикалық жұмысты жоспарлауды, білім мен іскерлікті орынды пайдалану, педагогиканың жаңа интенсивті әдістерін меңгеру, оқыту мен тәрбиелеудің формаларын білу қажет.

Нұрбақыт ҚАМИЕВА,
«Жарқын болашақ» жастар
денсаулық орталығының
әлеуметтік қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз