Ұлағатты ұстаз

IMG 20181219 WA0021 Білім

Білім беру саласында тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері саналатын кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – шәкірт жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаз Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің жоғары санатты оқытушысы Нәсіпқали Төлегенов. Бүгінге дейін еліміздің Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «Қазақстан Республикасы салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі иегері атанған ол жуырда «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен де марапатталды. Сондай-ақ, оның есімі мен ол туралы дерек «Ұлағатты ұстаз – 2018» үздік ұстаздардың І кітап жинағына енді.

IMG-20181219-WA0021

Талай шәкіртке ұлттық аспап – домбыраның тілін үйреткен ардақты ұстаз 1987 жылдан бастап аталған музыка колледжінде халық аспаптар бөлімінде еңбек етеді. Жоғары санатты домбырашы-ұстаздың сыныбынан отыздан аса шәкірт тәлім алып, колледжді тәмамдады. Жиырмадан астам оқушысы Д.Нұрпейісова атындағы академиялық және Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» фольклорлық оркестрлерінде, қалалық және аудандық мектептерде еңбек етуде. Бірқатар шәкірттері республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды.

Ал, өзі оркестр құрамында домбырада ойнап, бірнеше гастрольдік сапарларда болды. Бүгінде ол әдістемелік, шығармашылық-сазгерлік жұмыстармен айналысып жүр. Ұлттық руханиятымызды насихаттауда белсенді іс-қимыл танытып жүрген ұлағатты ұстаз жас буынға тәлім-тәрбие берумен қатар, адами қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде аянбай еңбектенуі керектігін алға қояды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз