Жеңілдетілген карантин: САУДА ҚЫЗА ТҮСТІ

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Қоғам

Аtr.kz/20 мамыр, 2020 жыл. Жеңілдетілген карантин барысында жұмысына рұқсат берілгендердің қатарында азық-түлік емес дүкендері де бар. Олардың қазіргі тынысымен танысу мақсатында біз Атырау қаласындағы «Хозяюшка» сауда үйінде тұрмыз.

Мұнда бүгінгі белгіленген санитарлық талаптың сақталуына қаншалықты мән беріліп жатқанын білмек оймен алғашында сауда нысанына медициналық бетпердесіз беттедік. Орталық қызметкері бізді көргеннен-ақ бетперде тағуымызды және қолдарымызды антисептикпен жуып, медициналық қолғап киіп кіру қажеттігін сұрады. Осылайша, талаптарды орындай жүріп, сауда орталығының өкілдерімен тілдестік.

– Біздің сауда үйінде негізінен штатта 12 қызметкер бар. Төтенше жағдай жарияланып, жұмыс уақытша тоқтаған сәтте олардың барлығы жұмысын тоқтатты. Әрқайсысының отбасылық жағдайлары ескеріліп, оларға жалақыларының 30 пайызы төленді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар да қиын сәтте десеу болды. Мамырдың төртінен бастап төрт сатушы, екі есепші, бір жүк тиеуші, бір қойма меңгерушісі жұмыстарына оралды. Бүгінде олар сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс жасап, еңбекақылары толық есептелуде.

Өзіңіз байқағандай, бас санитар дәрігердің талабына сай, мұнда күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимнің орындалуын қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Қызметкерлердің және клиенттердің бетперде киюі талап етіледі. Бұдан басқа, клиенттердің арақашықтық сақтауы да басты назарда. Нысан ішіне күніне екі рет дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде, – деді сауда үйінің есепшісі Әсем Ерсейітова.

Сауда орталығының басқа қызметкерлері аудандардатұрғылықты мекен-жайларында болғандықтан әзірге олар жұмыстарына орала қоймады. Қызметтеріне біртіндеп шақырылады. Ал, нысанда өзіне қажеттіні іздеген клиенттердің қарасы аз емес. Көпшілігі жиһаздарды, бағасы жоғары тауарларды несиеге рәсімдегісі келеді. Алайда, нысан жұмысына қайта кіріскен уақыттан бері банк әртүрлі себеппен олардың ешбіріне несиеге рұқсат етпеді. Десек те, қолма-қол ақша төлеп қажет тауарларын сатып алып жатқандар бар.

– Бізде қонақ үй, ас үйге арналған жиһаздар, душ кабиналары, газ плиталары мен тоңазытқыш, кір жуғыш машиналары, ыдыс-аяқтар мен күнделікті тұрмысқа қажетті басқа да ірілі-ұсақты тауарлар сатылуда. Сауда орталығы 15 жылдан бері қызмет етеді. Тауарларды Алматы қаласынан, көршілес Ресейден тапсырыспен алдырамыз.

Қазіргі уақытта қорда тұтынушыларға ұсынар тауар жеткілікті. Баға да бұрынғыша. Карантин талабы жеңілдетіліп, сауда орталығының жұмысына рұқсат берілгеніне, клиенттермен қайта көріскенімізге ризамыз. Сауда жасамаса да әр адамға жылы қабақ танытып, сапалы қызмет көрсету – біздің міндетіміз. Төтенше жағдайдан кейін барынша олардың көңілінен шығуға тырысудамыз. Ендігі уақытта төтенше жағдай қайтадан орын алмаса екен. Лайым мамыражай күндер болсын, – деді Әсем Ерсейітова.

Қауіпті індет орын алып, бойды үрей билеген сәтте әрбір адам әр нәрсенің қадірін терең ұққаны рас. Соның ішінде адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы бұрынғыдан әлдеқайда артты. Тұтынушыларын асыға күткен бұл сауда орны да ендігі уақытта өз қызметтерін жан-жақты жандандырмақ. Мұнда сатып алушыларға сапалы қызмет ұсынудың бірқатар тетіктері қарастырылуда. Сонымен қатар, жаңа ғимараттың құрылысы да бой көтеруде.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған