Жаңа нысандар – тұрғындар игілігіне

АПТА: түйін Жаңалықтар

Биыл Нұрсая ықшамауданында Атырау облыстық ішкі істер департаменті үшін жаңа ғимарат пайдалануға берілмекші. Жалпы, келешекте әуежайға дейінгі аумақта құқық қорғаушылар кешені бой көтереді. Сондай-ақ, мұнайлы мекенде ағымдағы жылы бірнеше мектеп, балабақша құрылысы аяқталып, іске қосылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды.

415982_1456719875

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мерей Жантөреевтің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Нұрсая, Береке ықшамаудандарында 2007 пәтерлік 36 тұрғын үй құрылысы басталды. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп отыр. Ал, 4400 пәтерлік 44 үй – келесі жылдың еншісінде.

– Білім беру саласы бойынша қазір 14 мектеп салынып жатса, оның 12-сі биыл тапсырылады. Сонымен қатар, қосымша тағы да екі білім ордасының құрылысы басталады. Оның бірі – Еркінқала ауылдық округіне қарасты Ракуша елді мекеніндегі  310 орындық мектеп болса, енді бірі Құрманғазы ауданында тұрғызылады, – деген ол күні бүгінде құрылысы жүріп жатқан 11 балабақша ағымдағы жылы бөбектерге есігін айқара ашатынын атап айтты.

Басқарма басшысының орынбасары бұған қосымша тағы 11 балабақша құрылысы басталғанын, олар келесі жылы тапсырылатынын жеткізді. Ал, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытымен тағы да 20 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Мерей Жантөреев бұл нысандарды Польшаның ірі компаниясы салуға ниет білдіріп отырғанын мәлімдеді.

Демеушілік көмек арқылы 2100 орындық 8 мәдениет үйі де биыл пайдалануға беріледі. «Басты жаңалықтардың бірі – Оқушылар және жастар үйінің құрылысы. Жоба бойынша бұл ғимараттың сәулеттік келбеті де келісті» деді М.Жантөреев.

Айта кетелік, осы жылы Атырау қаласы мен Аққыстау селосында арнайы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтереді. Мұндай орталықтардың ерекшелігі – автокөлікті тіркеу, мемлекеттік нөмір белгілерін беру шараларын жүзеге асыруы.  Жүргізуші куәлігіне емтихан да осында тапсырылады.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *