Ерінбегеннің бәрі – ТАКСИШІ

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Қоғам

Atr.kz/8 қазан, 2019 жыл. …Такси қажет болып қол көтеріп едік, жүйткіп келе жатқан Ваз-2015 жанымызға тежегіші шиқылдай келіп тоқтады. Жүргізушісі жас жігіт екен. Көлігіне отырғанымызда байқадық, салонының іші лас. Темекінің күлімсі иісі шығады. Магнитофонының даусы құлақты тесетіндей даңғырлап тұр. Ескертуімізден соң сәл басқандай болды. Дегенмен, «Көктем» базары тұсындағы бағдаршамның қызыл шамына тоқтамастан өте шыққанында шыдамымыз таусылды.

«Ау, айналайын, мұның не?» дедік таксишіге. «Аға, мен қалада үнемі осылай жүремін. «Бейнекамераға түспедім бе?» деп жол полициясына әдейі барғанмын, ешқандай айыппұл салмады. Ештеңе болмайтынын білгеннен кейін осылайша еркін көсілемін» деді сапарласым. Айтпақшы, оның такси қызметін атқаратын ешқандай құжаты жоқ.

Көлігі сайлы ма?

Қазір қаладағы таксилердің көбі жолаушы тасымалымен айналысатын көлікке қойылатын талапқа жауап бермейді. Жаңасы да, бауырын сүйреткен көлік те көшедегі көпшілікке қызмет етіп жүр. Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бердеш Жұмабаевтың айтуынша, биыл жолаушылар тасымалымен айналысатын 45 жеке кәсіпкер тіркелді.

Ал, былтыр оның саны 107 болатын. Бүгінде Атырау қаласы аумағында такси қызметі саласында 1211 жеке кәсіпкер, 11 заңды тұлға еңбек етеді. – Жолаушы тасымалдаумен заңсыз айналысушыларды анықтау жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Рейдтерге полицейлермен бірге, ақпарат құралдарының өкілдері қатысады. Жалпы, біз келеңсіздіктердің алдын алу шарасына ерекше маңыз береміз. Такси белгісімен жолаушылар тасымалдаумен айналысатын салық төлеушілерге қатысты визуалдық бақылау жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде 86 салық төлеушіге жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керектігі жөнінде хаттар жолданды, – деді қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары. Бердеш Жұмабаевтың пікірінше, салық төлеушінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде Салық кодексінің екі салық режимінің бірін таңдауына құқығы бар. Оның алғашқысы – шағын бизнес субъектілері үшін патент негізіндегі арнаулы салық, сондай-ақ, оңайлатылған декларация негізіндегі және тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қамтитын арнаулы салық режимдері. Келесі бап ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен байланысты.

– Салық төлеушілер ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу немесе беру функциясы бар бақылаукасса аппаратын биылғы 1 сәуірден бастап қолданатын 323 қызмет түрі бар. Соның бірі – такси қызметі, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап түрлі салық режимін қолданушылар бақылау-касса машиналарын қолдануы қажет. Дегенмен, бұл міндеттен патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданушылар 2020 жылға дейін босатылып отыр. Оларға талап алдағы үш айдан соң қойылады. Заңсыз іске тыйым көп Бүгінде жеке көлігі бардың барлығы таксиші. Қолында ешқандай құжаты жоқ болғанымен, олар білгенін жасап жүр. Жолақы құнын аспандатып жіберген. Таяқ тастам жерге атасының құнын сұрайды.

Алайда, оларды бақылайтын құрылымның пәрмені аз секілді. Облыстық кірістер департаментінің өндірістік емес басқармасының мәліметінше, қазір аймақта кәсіпкер ретінде 2995 жеке тасымалдаушы тіркелген. Құзырлы мекеме заңсыздықтардың алдын алу, жолын кесу мақсатында жұмыстануда.

Жуырда салықшылар облыстық көліктік бақылау инспекциясы, полиция департаменті, жолаушылар көлігі және автокөлік жолы басқармасымен бірлескен жоспар жасақтап, қол қойды. Мұндағы мақсат – заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатындарды анықтау. Өйткені, әуежай, теміржол вокзалы, сауда орталықтары алдында топтасқан таксишілердің көпшілігі заңды аяқасты етуде.

Бір танысымыздың «осы таксишілер сапарлап келсем, қатты сағынып қалатын секілді. Әуежай, вокзалдан «маған отырыңыз, маған отырыңыз» деп көтеріп әкеткендей болады» дегені әзіл аралас шындық.

«Рейд қорытындысында 26 адамның заңсыздыққа барғаны анықталып, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, кәсіпкерлікпен, өзге қызмет түрімен тіркелмей, рұқсат алмай айналысқан жағдайда әкімшілік айыппұл салу қарастырылған» делінген жергілікті кірістер департаменті ұсынған ақпаратта.

Әлеуметтік желілерде таксишілерге байланысты қорқынышты оқиғалар көп. Бірі жазықсыз жолаушыны ақшасына бола қинап өлтірген. Екіншісі көлікте қалған құжаттарды қайтару үшін қыруар ақша сұрапты. Жеке көлік иелеріне қатысты өзге де келеңсіз көріністер кездеседі. Біздің айтпағымыз, бүгінде ерінбегеннің бәрі – таксиші. Дегенмен, олардың қызметі әлі жолға қойылмай келеді. Адам денсаулығы, өмірі қоғамның басты байлығы десек, мәселеге жеңіл қарауға болмайды.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Такси қызметінің әлемдік нарығы көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Goldman Sachs компаниясының бағалауынша, осыдан екі жыл бұрын бұл саладағы қаржы айналымы 36 млрд. долларды құрады. Ал, 2030 жылға қарай бұл 285 млрд. долларға дейін өседі. Таксидің мобильдік қызметі күн сайын 15 млн. тапсырыс қабылдап отыр. Алдағы 12 жылдан соң оның көлемі 97 млн.-ға ұлғаяды.

  • Дүниежүзінің такси қызметімен айналысатын ірі компаниялары Қазақстанда да қызметін бастады. Соның нәтижесінде жергілікті құрылымдар жұмысын нәтижелі жүргізуде. Қазір отандастарымыз Яндекс.Такси, Uber, Indriver, «Везёт», «Апару», «Максим» секілді қызметтерді пайдалана алады. Мамандардың пікірінше, атыраулықтардың Яндекс.Такси, Indriver-ге сұранысы артып отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *