Ең қасиетті күн ЖҰМА неге «қара» аталады?

1 az17562az12741lk Жаңалықтар

Atr.kz/7 маусым, 2019 жыл. Жұма күндері әлем бойынша барлық дерлік іріліұсақты сауда орындарында «жеңілдіктер науқаны» бастауын алды. Алдын-ала «Black Friday»-ге шақырып, «менмұндалаған» жарнамалар сауда-саттыққа аса талпыныс таныта қоймайтын жандардың да қызығушылығын оятты.

Тұрмыстық техника, киім-кешек дүкендерін айтпағанның өзінде, кейбір азық-түлік түрлеріне акция ұйымдастырылып, төмендетілген бағамен сатылды. Кешке қарай жұртшылық сауда орталықтарына қарай ағылды. Әрине, брендті тауарларды арзан бәске алғанды кім қаламайды дейсіз? Бірақ, осынау атаудың астарына тереңірек үңілдік пе? Қасиетті күнімізді «қараға» бағалағанымыз дұрыс па?

Адам психологиясы ма, әлде өмір заңы ма, әйтеуір қалтамызда қаражат жеткілікті болса да, арзанырақ дүние алғанды қалаймыз. Базарға қарапайым азық-түлік алуға келсе де, бірнеше павильондарды аралап көріп барып, бағасы төмендеуіне қарай аялдаймыз. Кейде сападан бұрын бәске көбірек назар аударып, кейін «бармақ тістеп» қалған кездер де болған. Сонау ықылым заманнан бері келе жатқан «Арзанның дәмі татымас» деген мәтел осындайдан шықса керек.

Бағасы төменнің сапасы да соған сай болатынын білсек те, бәрібір соны таңдаймыз. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Жұрт мінез-құлқын жетік зерттеген маркетинг пен менеджмент саласының мамандары нарықта тауар өткізудің жаңаша әдісін ойлап тапты. Ол – жеңілдіктер науқаны. Айталық, екі бірдей өнім сататын дүңгіршек болып, біреуінде «жеңілдіктер» деген жазуы бар маңдайша ілулі тұрса, ойланбастан бірінші соны аралап шығамыз.

Бұл бір жағынан, тұтынушы тартудың тиімді тәсілі болса, екінші жағынан бизнес иелері үшін маусымдық тауарлар мен жаймасөреде ұзағырақ тұрып қалған өнімнен тезірек және оңай «құтылудың» жолы. Жаңа жыл алдында, мереке қарсаңында акцияның көптеп ұйымдастырылуы да сондықтан. Ал, кейбір кәсіпкерлер мұны жай ғана клиент тарту деп түсінеді. Мұны алтын, күміс әшекей бұйымдар сататын дүкендерден анық байқайсыз.

Қызығы сол, ондай дүңгіршектерде жеңілдіктер қысы-жазы өтеді. Иә, қазіргі экономикада бұл әдістәсілдің әлі де «дәурені» жүріп тұрғанға ұқсайды. Тіпті, дүниежүзіндегі елдердің басым бөлігінде жұма күні «Black Friday» деп аталып, науқанға айнала бастады. Яғни, барлық дүкен мен сауда-саттық орталықтарындағы тауарларға 10 пайыздан 60-70 пайызға дейін жеңілдіктер жасалды. Бұл үрдіс – АҚШ-тағы Алғыс айту күнінен кейін болатын жұма. Осы күні дәстүрлі түрде Рождество қарсаңындағы тиімді бағалар ұсынылады. «Black Friday» термині 1966 жылы пайда болған.

a72af0cbb3f3ab34ece429432c7ddcf1bd5159c7

Алайда, ресми түрде бұл күн мереке ретінде саналмайды. Бірақ, көптеген тұрғындар жеңілдіктерге дөп түсу үшін жұмыстарынан сұранады. Себебі, ұсынылатын жеңілдіктер 5080 пайыздың арасын құрайды. Ал, Қазақстанға бұл термин алғаш 2009 жылы келген. Араға төрт жыл салып бұл шараға атсалысушы дүкендердің қатары көбейген. Былтыр оған еліміздің 28 интернет-дүкені қатысып, жеңілдіктер 80 пайызға дейін жеткен.

Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, АҚШ-та «жұмадағы жеңілдік» науқаны кезінде интернетсатылымынан түскен табыс көлемі 6 млрд. 200 млн. АҚШ долларына жеткен. «Эдоби Аналитикстің» дерегінше, осы көрсеткіш алдыңғы рекордтарды жаңартқан. Портал «УолМарт» және «Амазон» сынды Америкадағы ірі 100 интернет-дүкеннің 80-інде жүргізілген транзакцияны есепке алған. Ал, смартфон сатылымынан түскен пайда 2 млрд. доллардан асып жығылған. Бұл барлық сатылым көлемінің 33 процентіне тең. Америкалықтар көбіне ғаламтор арқылы тұрмыстық техника, жиһаз бен электроника өнімдерін сатып алады екен.

Орташа есеппен алғанда, әр тұтынушы 146 доллар жұмсаған. «Эдоби Аналитикс» мәліметінше, «Рахмет айту күніндегі» онлайн-бағалар «жұмадағы жеңілдіктен» де төмен болған. Америкалықтар үшін алда «Сайбер Мандэй», яғни «Кибердүйсенбі» күні бар. Одан түсетін кіріс өткен жылғы көрсеткіштен 18 процентке асып, 7 млрд. 800 млн. долларға жетеді деп болжанып отырған көрінеді.

Мұндай акциялар Атыраудағы сауда нүктелерінде де өткізілді. Брендті өнімді қолжетімді бағаға алып қалуға тырысқан жұртшылық аз болмады. Әйгілі бестселлер «Шопоголик» фильміндегі Ребекка Блумбергтің жаппай сатылымның «сиқырына» енгені секілді жұма күні жұмыс уақыты аяқталысыменақ атыраулықтар сауда орталықтарына қарай асықты. Мәселен, «Байзаар» ойын-сауық кешенінің алдындағы көлік кептелісінен автомобиль түгілі жаяу жүргіншінің өтуі қиынға соқты.

Бір сөзбен айтқанда, шара көздеген мақсатына жетті. Сөйтіп, «Black Friday» сауданы қыздырды. Бұл күні ұнатып жүрген тауарына тиімді бағамен қол жеткізгендер де, керісінше, ешқандай жеңілдікке көңілі толмай қайтқандар да болды.

− Жеңілдіктер науқанын үнемі күтіп жүремін деп айта алмаймын. Алайда, жарнамадан естіген соң сауда орталықтарын аралап көрдім. Есігінің алдында «80 пайыз» деп атойлап шақырғанмен, көп тауарға небары 10 пайыз ғана жеңілдік екен. Былай қарасаңыз, сол хабарламаларға сеніп халық қаланың әр түкпірінен келеді ғой.

Меніңше, мұндай акциялар жұртты алдау ғана сияқты. Мысалы, біз ұнатқан теледидардың бәсін 180 мың теңгеге «түсіріп» қойыпты. Бірақ, бұған дейін де осы тауардың бағасы соның шамасында болды. Аса бір ерекше жеңілдік байқағаным жоқ. Сондайақ, «Технодом», «Сулпак» дүкендер желілері апта сайын осындай науқандар ұйымдастырады ғой – дейді қала тұрғыны Әділ Қосанұлы.

Өзге тілден енген ұғымды көрші ел «Черная пятница» деп аударып алса, сөзді дәлме-дәл тәржімалаған қазақтілділер «Қара жұмадан» бір-ақ шығарды. Бәрін айт та, бірін айт,айдың, күннің аманында «қара жұма» деген атау дұрыс па? Бұл аз болса, «Кибер дүйсенбі» тағы бар. Қазақстандықтар үшін жұма күндердің сұлтаны емес пе? Жұма – барша мұсылмандар үшін мереке саналатын ең берекелі күн. Оның үстіне, қазақта «қара» сөзі «қаралы, қайғылы» деген мағынаны білдіреді. Белгілі журналист Жұлдыз Әбділдә өзінің Фейсбуктегі парақшасында: «Қайырсыз жұма» деген бар еді, «қаралы жұма» мен «қара жұма» да бар екен.

Жай ғана «Жұмадағы жеңілдік» дей салуға болар ма еді?.. Тегі, әдебилендіргісі келсе, «Жұмадағы жұмақ» болсын» деп жазған болатын. Шынымен де, естір құлаққа түрпідей тиетін терминді тікелей аудара салған маркетологтардың сауатсыздығына таң қалмастан басқа амал жоқ. Сол терминді дәлме-дәл тәржімаламай-ақ, басқа да тіркестермен алмастырса, бәлкім, бұлай таңданбас па едік?! Ал, «қара жұманы» сәби кезінен санасына сіңіріп өсетін ұрпаққа қалай түсіндіреміз?

P.S:

Жуырда кәсіпкер досымның: «науқан, акция деген сөздердің астарынан маркетинг іздеп тұрамын» – дегені бар еді. Демек, кезекті «РR қадам» да сәтсіз болмаған сыңайлы. Көптеген дүңгіршектер ескі тауарынан «құтылып», жаңа маусымға әзірленуде. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ, қасиетті күнімізді «қаралы» ұғыммен алмастырып, шатастырып алмасақ игі. Сіз бұған не дейсіз, қадірлі оқырман?

Айбөпе САБЫРОВА

Назарбай АБДУРАМАНОВ, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің наиб-имамы:

− Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Күннің ең қайырлысы – жұма. Адам ата жұма күні жаратылған, осы күні жәннатқа кірген және осы күні жәннаттан шығарылған. Қиямет күні де жұма күні болады» – деген. Сондай-ақ, Алла Елшісі «жұма күнін кімде-кім құлшылық ғибадатпен өткізіп, Алладан өзіне кешірім тілесе, Алла оны кешіреді» деген. « Қиямет жұма күні болады. Сондықтан, періштелер, аспан, жер, жел, тау, теңіздер барлығы да жұма күнінен қорқады» (Әбу Лубаба, Ахмад, Ибн Мажәһ). Жұма күні аспандағы құстар да бір-біріне жолыққан уақытта: «Жақсы күннің жақсылығы болсын» деп сәлемдеседі екен. Сондықтан, қасиетті күнді «қаралы күнге» балап, қадірін кетіргеніміз дұрыс емес.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз