Баспаналы болудың жаңа жолы пайда болды

Жаңалықтар Әлеумет әлеуеті

Аtr.kz/20 мамыр, 2020 жыл. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы бұған дейін қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағытын әзірлеуге кірісті.

Мұндай ақпаратты банктің баспасөз қызметі таратып отыр. Атап айтылғанындай, жаңа пилоттық жоба «5-10-20» шарты бойынша тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарды тиімді несиелендіруді қарастырады. Осыған орай, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол ҚҰРМАН мырзамен хабарласып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруді сұраған едік.

Оның айтуынша, жаңадан ұсынылып отырған бұл жоба бойынша берілетін несие мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін. Жаңа бағдарламаға тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы орындарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады.

Қазіргі уақытта жобаның шарттары талқыланып, қандай параметрлермен жұмыс жасайтындығы қарастырылуда. Банк филиалы басшысының мәлімдеуінше, бұл жағдайда мемлекеттен берілетін ең жоғары заем сомасы құрылыс жұмыстарымен айналысатын компаниялардың ұсыныстарына байланысты республикамыздың әр аймағында түрліше болып келеді.

Мәселен, ел ордасы – Нұр-Сұлтан және оңтүстік астана – Алматы қалаларында оның сомасы 18 млн.теңгеден аспайды. Ал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент қалалары, сондай-ақ, Түркістан мен Қарағанды облыстары үшін 15 млн. теңге көлемінде белгіленген. Қалған өңірлерде 12 млн.теңге шамасында болып отыр.

Бұдан бөлек, әкімдіктер арқылы несиеге берілетін тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы: Алматы қаласында – 240, НұрСұлтанда – 220, Шымкент қаласы мен Алматы облысының аумағында – 200, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалалары мен Түркістан және Қарағанды облыстарында – 180, өзге өңірлерде – 160 мың теңге көлемінде қарастырылған.

Президент тапсырмасы негізінде, бүгіндері қолға алынып отырған «5-10-20» пилоттық жобасы қазақстандықтарды тұрғын үймен – жайлы да қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің оңтайлы жолы, тиімді тетігі ретінде қабылданып, оны ойдағыдай жүзеге асыру жолдары мен қосымша шаралары дайындалуда.

Қ а з а қ с т а н Р е с п у б л и к а с ы н ы ң Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында жасаған мәлімдемесінде, баспанаға мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің базасында биылғы жылдың соңына дейін «Отбасы банкі» деп аталатын жаңа қаржыландыру институтының құрылатындығы туралы айтқан болатын.

– Ұсынылып отырған жобада атап көрсетілгеніндей, мұнда көзделген басты мақсат – тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, тіркеу және тұрғын үйді бөлу қызметтерін бір орталыққа шоғырландыру. Сол себептен де, алдымен осыған дейін жергілікті атқарушы орындардағы немесе жергілікті әкімдіктердегі кезек жүйесін олардан алып, жаңадан құрылатын «Отбасы банкіне» беру жоспарланған. Айта кету керек, жаңа жоба шеңберінде баспанасыз отбасыларына көрсетілетін қызмет түрлері «Бір терезе» қағидатымен жүзеге асырылады, – деді бұл жөнінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының басшысы Нұрбол Құрман.

Жаңа жобаның басты жаңалығы сол, мұнда табысы төмен отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз үйді жалға алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның ішінде, күнкөрістің ең төменгі шегіне байланысты, бұл санатқа бірінші және екінші күнкөріс минимумы деңгейіндегі азаматтар енгізіледі.

Нақтылай кетсек, көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі немесе мүгедек балаларды асырап, тәрбиелеп отырған отбасылары кіреді. Сол сияқты, бұған «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға тілек білдірген, табыс көлемі үшінші деңгейдегі күнкөріс минимумына жататын жанұялардың қатысу мүмкіндігі бар.

***

Инновация және индустриалды даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2020 жылдың 1 қаңтарына жергілікті атқарушы орындарда 540 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлері – 212,5 мыңды құрайды.

Одан бөлек, толық емес отбасылар – 120,5, ата-анасыз балалар – 60,8, І және ІІ топтағы мүгедектер – 43,5, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылары – 21,1 мың адамды құрап отыр.

Сондай-ақ, осы тізімде 18 мың зейнеткер мен басқа да санатқа кіретін 16 мың адам бар. Айта кету керек, «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар осылардың ішінен іріктеледі.

Дәулетқали АРУЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған